Бас Ассамблеяның қарары жаңартылмақ

Бас Ассамблеяның қарары жаңартылмақ

Бас Ассамблеяның қарары жаңартылмақ
ашық дереккөзі
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Бірінші комитеті Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар халықаралық күнін құрған БҰҰ Бас Ассамблеясының 64/35 қарарын жаңартуға бірауыздан қолдау танытты. Жаңа қарар жобасы Бас Ассамблеяның президентінен Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар халықаралық күнін атап өту және ілгерілету мақсатында жыл сайынғы жоғары деңгейдегі пленарлық отырыс ұйымдастыруды сұрайды. 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар халықаралық күні ретінде БҰҰ Бас Ассамблеясымен 2009 жылғы 2 желтоқсанда Қазақстан Республикасының бастамасымен бекітілген болатын. 1991 жылы дәл осы күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев арнайы жарлық шығарып, әлемдегі екінші ядролық сынақ алаңы саналған Семей полигонын жапты. 2010 жылдан бастап, осы күн әлемдік деңгейде кеңінен аталып, ал БҰҰ қабырғасында жыл сайын Бас Ассамблея президентінің төрағалығымен тиісті бейресми отырыс өткізіліп отырды. Мұндай жыл сайынғы шолулар Ассамблея президентімен оларды ұйымдастыруға қажетті мандатсыз жүргізіліп келді. Сол себепті Қазақстан тиісті мандатты қосу үшін осы жолы қарарға арнайы тармақ қосу туралы бастама көтерді. БҰҰ-ға мүше мемлекеттер тиісті тармақты қосуға бірауыздан қолдау көрсетіп, осылайша ядролық сынақтарға толық тыйым салу үшін Халықаралық күннің өзектілігі туралы ұстанымдарының ортақтығын танытты. Осы әрекетімен дүниежүзілік қауымдастық бұл күннің ядролық сынақтар құрбандарына тағзым ету және  халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікке төніп отырған орасан қауіп туралы адамзаттың есіне салу тұрғысынан маңыздылығын айшықтап өтті. Бірінші комитет отырысында сөз сөйлеген БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров 29 тамыздың Қазақстан үшін ғана емес, әлемнің көптеген елдері мен ядролық сынақтардан жапа шеккен миллиондаған адамдар үшін тарихи маңызы бар күн екенін атап өтті. Ол әлемді ядролық сынақтарға толық тыйым салу жолындағы күресті бірауыздан және тегеурінді сеніммен жалғастыруға шақырды. «Біздің тағдырымыз ортақ, сондықтан Тұрақты даму мақсаттарының терминологиясымен айтқанда, «еш нәрсе де ұмыт қалмауы тиіс», ал қарусыздану тілімен сөйлесек, «бір-бірімізге қамқорлық танытуымыз қажет». Солай ғана адамзат пен қастерлі планетамызды құтқара аламыз және адамзаттың қамы үшін бірінші кезекте ядролық қаруды сынауды түбегейлі доғару талап етіледі», – дей отырып, қазақстандық дипломат Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар халықаралық күнін атап өту дәстүрін жалғастыруға қолдау танытуды сұрады. Сөз соңында Қайрат Омаров жаңартылған жобаны әзірлеу бойынша бейресми консультацияларға белсенді қатысқан барлық мемлекеттерге, сондай-ақ, оның 42 демеушілеріне ерекше алғысын білдірді.