Ұшқыш болғың келсе...

Ұшқыш болғың келсе...

Ұшқыш болғың келсе...
ашық дереккөзі
Елімізде авиация мамандарының тапшылығы жылдан жылға артып келеді. Апта басында «Эйр Астана» ұлттық әуе компаниясы осы мәселе төңірегінде баспасөз конференциясын өткізген болатын. Жиында әуе кемелеріне қажетті борт серіктер, ұшқыштар және техникалық мамандардың дайындығы мен жұмысқа тұруы талқыланды. 2020 жылға дейін әуе компаниясы ұшақтардың санын екі еселемек. Қазір компанияның еншісінде 31 ұшақ бар. Әуе компанияда 5 мың қызметкер жұмыс істейді. Ұшақтардың саны көбейген сайын авиация мамандарының қажеттілігі туындайды. Демек, кадр дайындау қазірден басталуы керек. «Эйр Астана» әуе компаниясының президенті Питер Фостердің айтуынша, ұшқыштар Испания мен Ирландияда, ал борт серіктер Германия, Ұлыбритания және Қазақстанда тәжірибеден өтеді. «Ағымдағы жылдан бастап авиатехниктерді Астана қаласындағы өзіміздің инженерлік-техникалық орталығымызда PART-66 стандарты бойынша оқытуды бастаймыз. Осылайша, қызметкерлердің жетіспеушілігін толтырып қоймай, сондай-ақ қазақстандық жастарды және беделді мамандарды тәрбиелеу арқылы өзіміздің әлеуметтік жауапкершілігімізді көрсетеміз», - дейді «Эйр Астана» АҚ президенті Питер Фостер. 2009 жылы ab-initio ұшқыштарды дайындау бағдарламасы басталғаннан бері 189 кадет дайындалып, қазір компанияда екінші ұшқыштар мен командирлер қызметін атқарып жүр. Жыл сайын Испаниядағы Херес ұшу орталығында және Ирландиядағы Корк қаласында 24 кадет біліктілігін арттырады. 2018 жылы кадеттер санын 40 адамға дейін арттыру жоспарланып отыр. Осы тұрғыда компания «Арманыңды іске асыр» науқанын бастады. Бұл бағдарлама бойынша кез келген қазақстандық бағын сынап көре алады. «Эйр Астана» компаниясының қызметкерлерді басқару және әкімшілік жөніндегі вице-призидент Евгения Нидің айтуынша, республика аймақтарындағы халық, әсіресе жастар өзіне сенімсіздік танытады. Ал жаңа науқан жастарды авиация саласындағы мамандықтарға қызығушылық танытып, бағын сынап көруге арналған. «Эйр Астана» АҚ қызметкерлерді басқару және әкімшілік мәселелер жөніндегі вице-президент: «Біздің бағдарламаларымыз бірегей болып табылады, себебі оқыту толығымен әуе компания есебінен жүзеге асырылады. Оқуды бітірген үміткерлерге халықаралық мақұлдаулар, сертификаттар мен лицензиялар беріледі, барлық емтихандар сәтті өткеннен кейін жұмысқа орналасуға кепілдік беріледі. Біз мектеп оқушылары мен студенттерді және ата-аналарды авиациялық мамандықтарға назар аударуын сұраймыз. Аспанда қалықтауды армандайтын және көп нәрсені үйренуге дайын Қазақстанның кез-келген азаматы өзін-өзі сынап көре алады. Өміріңізді авиациямен байланыстырсаңыз, қызықты әрі талап етілетін мамандықты алып шығасыз. Бізге келіп, арманыңызды іске асырыңыз!», - деді ол. «Арманыңды іске асыр» науқанына кәмелетке толған әрбір жас қатыса алады. Басты талап – физика, математикаға қабілеті мен ағылшын тілі машықтары. Командир және техникалық ұшқыш Ерлан Нұрғалиев ұшақ тізгініне қалай келгенін әңгімелеп берді. «2010 жылдан бастап Fokker ұшағында, кейіннен Embraer ұшқышы болдым. Бұл ұшақ – ең кіші жолаушы ұшақтардың бірі. Ал ағылшын тілін 42 жасымда үйрене бастадым. Сегіз айдың ішінде қажетті деңгейде меңгеріп алдым», –  деді ұшқыш. Он бес жылдың ішінде компания ірі тасымалдаушы ретінде таныла алды. Питер Фостердің мәліметінше, соңғы үш-төрт жылдағы бизнес модельді өзгерту оң өзгерістерге алып келген. «Әуе компаниясы батыс пен шығыс арасындағы тасымалдаушы, атап айтқанда батыс пен шығысты жалғастырушы. Яғни, транзиттік мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстан арқылы Қытай мен Ресей қалаларына, Үндістан, Таяу шығыс және Азияның бірқатар елдерінен Шығыс Еуропаға, Ресейге жолаушы тасымалдаймыз. Қазақстан халқы – небәрі 18 миллион. Бұл өте кішкентай нарық. Біздің басты артықшылығымыз – жолаушы нарығы ірі – Ресей, Қытай, Үндістанға жақын орналасқандығымыз. Біздің болашағымыз көршілес нарықтармен бірге дамиды», – деді Фостер мырза.