Аурухана кезегін жылдап күтетіндер

Аурухана кезегін жылдап күтетіндер

Аурухана кезегін  жылдап күтетіндер
ашық дереккөзі
Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі 70 мыңнан астам бала бар. Әр баланың сауығуы үшін жылына бірнеше мәрте стационарлық ем қажет. Өкінішке қарай, еліміздің ауруханалары, оңалту және сауықтыру орталықтарының барлық баланы қабылдауға мүмкіндігі жоқ. Емге зәру балақандар аурухана кезегін айлап, жылдап күтуге мәжбүр. Баланы ауруханаға жатқызу жолдама арқылы жүзеге асырылады. Емдеуге жатқызу бюросы порталы – тегін медициналық көмектің кепілді көлемі негізінде бірыңғай электронды тіркеу жүйесі арқылы есепке алып, науқастарды жоспарлы түрде ауруханаға жолдайды. Ең қиыны сол, жоспарлы емделу жоспарға сай жүргізілмей келеді. Науқастар кезегін айлап, тіпті жылдап күтеді. Тіпті, ауырып жедел жәрдеммен ауруханаға түскен науқастардың өзін «жолдама арқылы кел» деп қайтарған жайттар жиі тіркелген. Денсаулық сақтау министрлігіне келіп түскен хаттардың дені осы жайтқа қатысты жанайқайын білдіргендердің жазғандары. Порталға енгізілген кезекті күтіп сарылған, науқас баласын сүйрелеп, аяғынан тұрғызуға талпынған ата-ананың сан сауалына жауап жоқ. Әлбетте, бар кінәні бюроға артып қоя алмаймыз. Республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі ауруханалар мен оңалту орталықтары мейлінше көп науқас қабылдауға тырысады. Республикада 35 оңалту орталығы бар. Бұлардың көпшілігі аймақтарда, ең үлкені және медициналық мүмкіндігі жоғарысы – Астанадағы Балалар оңалту орталығы, Алматыдағы Ақсай университеттік клиникасы, «Балбұлақ» оңалту орталығы. Бұл мекемелерге әдетте тұрғылықты мекендегі дәрігер жолдама беріп, жергілікті денсаулық сақтау басқармасы арқылы республика аймақтарынан науқастар кезекке тұрады. Бұл орталықтарда орын санаулы. Жылына 70 мың баланың жартысын да қабылдауға қауқарсыз. Мәселен Денсаулық сақтау министрлігіне жазылған шағымдардың бірінде жағдайын айтып, хат жолдаған ана бір жарым жыл кезекте тұрғанын жазады. «Қызым 5 жаста, ақыл-есінің кемістігі диагнозы қойылған (ЗПРР). Диагноз екі жыл бұрын анықталды. Бір жарым жыл бұрын тіркеу бойынша жергілікті емханаға бардық. Қызымды портал арқылы Балалар оңалту орталығына кезекке қойды. Бөлім меңгерушісі кезекте 85-орында тұрғанымызды айтқан еді. Осы аралықта кезекте өзгеріс жоқ. Бұл қалай болғаны? Неге менің балам осы уақыт ішінде емделуіне қажетті оңалту шараларын ала алмайды?», – деп жазады. Ал министрлік Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын қорғау басқармасына хабарласуын өтініпті. Басқарма бір баланың кезегін жылжытып бергенімен, өзге науқас баланың кері шегінетінін ойламағандары ма? Министрлікке қыркүйекте жазылған хаттардың бірі Қызылорда облысынан түскен. Жаңақорған кентінің тұрғыны – төрт баланың анасы. Отағасының ІІІ топтағы мүгедектігі бар, 1 жасар және 3 жасар қыздарының құлағы естімейді. Диагноз қойылған шақта Астана қаласындағы Ана мен бала орталығында ем алған. Сонымен қатар Астанадағы №2 емханадағы толық тексеруден кейін, қыздарға операция тағайындалған. Операция жасалса, қыздардың құлақ кемістігі толық жазылып, есту қабілетінің қайта қалпына келуіне жүз пайыз мүмкіндік бар. Өкініштісі сол, аталған отаны жасауға кезекке жазылса да, портал әлі де жылжымаған көрінеді. Уақыт өткен сайын отаны жасау тәуекелі де арта беретінін ескерсек, кезектің кешігуі жағдайды күрделендіріп отырғаны сөзсіз. Мұндай отаның ақысы – 5 миллион теңге. Мүгедек балалардың жәрдемақысына қарап отырған отбасының қаражат жинауға жағдайы жоқ. Кезекте кісі неге көп?   Дәрігерлердің кеңесіне құлақ ассақ, әр науқастың өзіне лайықталған емдеу орталығына барғаны дұрыс. Біріншіден, Қазақстандағы оңалту орталықтары 3 жастан жоғарыларды қабылдайды. 3 жасқа толмаған балалар аурухана бөлімшелеріне жолдама алады. Елімізде нақты бір ауру түрі бойынша арнайы оңалту орталығы жоқ. Бірақ республикадағы барлық оңалту орталықтары бірнеше бөлімшені (неврология, ортопедия, жүрек қантамырлары аурулары мен т.с.с) қамтиды. Невропаталог Қарлығаш Асылханқызының айтуынша порталдың кешігуінің басты себебі, емдеу орталықтары – ауруханалардың аздығы, бар болса, науқас қабылдау мүмкіндігінің шектеулі екендігі. Десе де портал кезегі ертерек келсін десе, қандай ем керегін анықтап алған жөн екенін ескертті. «Оңалту орталығында портал 24 күнге беріледі. Бірақ бұл 24 күн бойы ем жасалады деген сөз емес. Бала көп болғандықтан бір емді бүгін алса, ертең алынбайды. Сонда аптасына бір емді 2 немесе 3 рет қана аласыз. Ауруханаға жолдама 10 күнге беріледі (күнтізбелік күндер, сонда демалыс күндерін қоспағанда 8 күн ем аласыз). Бірақ ем үздіксіз жасалады.  Оңалту орталықтарында 24 күн ішінде емдік шаралар он күн ғана жасалады. Электрофорез, озекерит немесе парафин, бассейн 8 реттен артық жасалмайды. Бұл норма. Ал ауруханада осы емдерді күнделікті, үздіксіз алып, 10-ақ күн жатуға болады. Сондықтан көпшілік ауруханаға ұмтылады», – дейді дәрігер. Шынтуайтында, оңалту орталықтарында диагноз қойылмайды. Дайын диагнозбен барып, сол бойынша ғана ем тағайындалады. Ауруханада диагностика жасалып, ауру нақтыланады. Кәсіби мамандар шақыртылып, баланы қосымша тексеруден өткізіп, диагнозды нақтылап отырады. «Ауру түрлері бойынша екеуінің бағыты екі түрлі. Аутизм, сал аурына шалдыққан балалар, педагог, психолог, логопед, сенсорлық кабинет, монтессори мамандары керек болса, бұлшықетті дамытатын аппарат кабинеттер көмегі қажет болса, оңалту орталығына барған дұрыс. Мұнда барлық мамандар қамтылған. Физикалық көмек қажет болғанда, массаж, емдік дене шынықтыру, парафин мен электрофорез көмегі үшін он күндік аурухана дұрыс. Оңалту орталығына кезек көп, 6-11 айға созылуы мүмкін. Ал жергілікті мекенжайдағы ауруханаға 1-2 аптада бару мүмкіндігі бар», – дейді дәрігер. Қалай десек те, баласы үшін шырылдайтын ата-ана ғана. Ауруханаға жатқызу порталы дертті баланы түгел кезекке қояды. Алайда осы кезектің келуі еріксіз ұзаққа созылады. Бұл жағдайда шешім біреу – оңалту орталықтарының науқас қабылдау мүмкіндігін арттыру немесе жаңадан медициналық орталықтар салу. Елімізде дені сау ұрпақ тәрбиелеу мемлекеттік деңгейде қадағаланады. Ендеше, алдағы уақытта мұндай түйткілдер түбегейлі шешімін таппақ.