«Ұлттан бұрын ұғымды түзеп алсақ» атты сыр-сұхбатқа орай
«Ұлттан бұрын ұғымды түзеп алсақ» атты сыр-сұхбатқа орай
Газетіміздің 16 қазанда жарық көрген 41-нөмірінде Дидахмет Әшімханұлы өзінің «Сіз не дейсіз?» авторлық бағдарламасы аясында жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев және тарихшы Ахмет Тоқтабаймен сұхбаттасқан болатын. Қаламгерлердің әңгімесі «Ұлттан бұрын ұғымды түзеп алсақ» деген тақырыппен жарияланған еді. Сұхбат әдеби-мәдени ортада, білім ошақтарында қызу талқыланып, оқырмандар арасында қоғамдық пікір тудырыпты. Тіпті, тіл жанашыры, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы Асылы Осман апайымыз редакцияға арнайы келіп, сұхбатта айтылған жайларға қатысты өз ойын білдірді. Сондай-ақ, «Алматы» университетінің Педагогика және психология факультетінің 4-курс студенттері «Қазақ ұлтының кейбір мәселелері» деген тақырыппен ашық сабақ өткізіп, ел ағалары көтерген мәселелерді өз орталарында талқылаған екен.Асылы Осман, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы:
– Қазақ басылымдарынан тұщымды дүние көрсем, түртіп алатын әдетім бар. Ондағы мақсат – барған жерімде насихаттап, жастарды құлағдар ету арқылы тағылымды еңбектің ғұмырын ұзарту. «Түркістанда» жарияланған «Ұлттан бұрын ұғымды түзеп алсақ» атты сұхбатты оқып, онда айтылған салмақты ойларға үн қосуды азаматтық парызым деп санадым. Сұхбат дер кезінде жарық көріп, бүгінгі күннің күйіп тұрған тақырыбын дөп басқан.
Елбасымыз қазақтың ұлт боп ұйысып, ел боп бірігуі жолында күресіп келеді. Бірігу – ата-баба өсиеті, бөліну – замана қасіреті. Сұхбаттастар Елбасының сындарлы саясатын жақтаушы, қолдаушы ретінде қоғамдық-саяси процестерден тыс қалмай, қоғам дертімен ашық күреске шығыпты.
Қазақстан – достығымен, татулығымен танылған ел. Біздің мемлекеттегі ұлттар мен ұлыстар достығына әлем елдері қызыға да қызғана қарайды. Сұхбат қазақтың өзіне ғана тән ұлттық ерекшелігін ашып көрсетіп, оны сақтау, ұрпақ бойына сіңірудің мән-маңызын түсіндірген. Әңгіме-дүкеннің мені ерекше ойлантқан тұсы – қазақтың жүздік, рулық бөлінісінің түпкі мәнін мазмұндауы. Әуел баста қазақты жүзге бөлу экономикалық қажеттілік үшін және әкімшілік-территориялық басқаруды оңтайландыру мақсатында туған болатын. Алайда тарихтың тереңіне үңілмегендіктен, қасаң түсінікке бой алдырдық. Жүзді, руды туыстық атау деңгейіне түсірдік. Оның ақыры қазақты іштей бөлінуге, тарам-тарам боп тармақталуға әкеліп соқты. Шын мәнінде, қай ру, қай жүзден шықса да, бәрі – бір қазақтың баласы, бастауы бір. Мұны жастардың санасына сіңіру – біздің, қалам ұстағандардың парызымыз. Бұл сұхбатты оқыса, жастар көп нәрсенің байыбына барар еді, ойланар еді.
Менің қазағымның пейілі кең, көңілі дарқан. Бәрін бермесе де, барын бөлісуге дайын тұрады. Бірақ өзге ұлтты ішіне тартқысы, қатарына қосқысы келмейді. Өзі өмір сүріп жатқан мемлекетке шын беріліп, адал қызмет еткісі келген адамды неге кеудеден итереміз? Қазаққа жақын болғысы келген адамды, керісінше, өзімізге сіңістіру керек. Мемлекет құрушы ұлт, топырақтың иесі қазақ болған соң, өзі бас болып, өзгенің бәрін ұйытып, төңірегіне топтастыра білуі қажет. Мысалы, 1944 жылы жер аударылып келгенде өзі жарымай отырса да, қазақ бізді бауырына басты, өгейсіткен жоқ. Жартысын жарып, бүтінін бөліп берді. Бір үзім нанды да бөле жедік. Сонда біз қазақтың мейірімділігі мен қайырымдылығына тәнті болдық. Жаһанданудың, әлемді шарпыған интеграциялық процестердің әсері ме екен, менің қазағымның менталитеті, психологиясы қазір өзгеріске ұшырады. Кеше Кіші жүздің жалауын желбіретіп, көшеге шыққан бір топ баланың әрекеті жанымызға батты. Бұл қазақтың жерін өз жерім, қазақтың болашағын өз болашағым дейтін кез келген адамды ойландыруы тиіс. Дос бар, көз алартқан дұшпан бар. Досты күйіндіретін, дұшпанды қуантатын әрекет. Көз қырын қарайтындарға осал тұсымызды өзіміз-ақ көрсетіп тұрғандаймыз. Жолымыздың даңғыл, шыққан шыңымыздың биік екенін неге көрсетпейміз? «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп көрсетететін асыл қасиет те, дәулет те бар қазақта.
Елбасымыз Ұлытаудағы сұхбатында парасатты, пайымды ойлар айтты. Ұлт болудың ең басты алғышарты – тіл, дін, діл жайын қозғады. Әсіресе, тілге қатысты айтқандарын толық қолдаймыз. Түйсігі жоқ адам болмаса, жетер жеріне жеткізіп айтты. Үш қаламгердің «Ұлттан бұрын ұғымды түзеп алсақ» деген тақырыппен жарық көрген әңгімесі Елбасы сұхбатының заңды жалғасындай, елді бірлікке шақырып, ұлтты ұйыстыруға қызмет етіп отыр.
Қазақтың байтақ даласында қаншама ұлттың өкілі өмір сүріп жатыр, мемлекеттің иесі ретінде бәрін қазақтың төңірегінде топтастыру керек. Ол үшін, ең алдымен, қазақ тілінің асығы түгел болу керек деп ойлаймын. Қазақ тілін түсінбеген адам ұлттың жанын түсінбейді. Ал қазақтың жан-дүниесін, болмысын танымаған адам оған сіңіспек түгілі, маңайына жуымайды. Елбасы айтқандай, тілге құрметті қазақ өзінен бастауы керек. Өзі құрметтемесе, қазақтың тілін өзге қайтсін? Бұл сұхбат үлкенімізді де, кішімізді де рухтандырды.
Алмат Жарылқасынов, журналист, аудармашы:
– «Сіз не дейсіз?» жобасы аясында сұхбаттасқан жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев, тарихшы Ахмет Тоқтабай және жазушы, журналист Дидахмет Әшімханұлы – менің замандастарым. Қаламгерлердің «Ұлт деген ұғымды қандай мағынада қолданып жүрміз?» деген сауал төңірегіндегі тағылымды әңгімесіне қатысты пікірімді ортаға салуды жөн көрдім. Сұхбат жүз және ру, қазақтың бесігі мен Отаны, жаһандану, көші-қон, сыртқы күштердің ықпалы, ұлттық мінезді сақтау, ұрпақ тәрбиесі секілді өзекті мәселелерді көтерген. Түйткілдің бәрі бірден шешілмесі анық, бірақ көп болып үн қоссақ, қоғамдық санада сілкініс тудырып, іс-әрекетке серпін берері сөзсіз.
Мысалы, әңгіме барысында Д.Әшімханұлы: «...Ұлттың тілін ұлықтап жүрген Герольд Бельгер, Асылы Осман, Розақұл Қалмұратов сынды азаматтарды күллі қазақ қашан қазақ деп таниды?», – деп орынды сауал тастайды. Тосылтатын сұрақ. Осы орайда менің есіме 1976 жылы болған бір оқиға түсіп отыр. Қазақстан Ғылым академиясы Тіл білімі институтының профессоры Мәулен Балақаевпен кездесу кешінде сөз шеберінің аузынан мынадай сөз естіген едім: «Мен жастайымнан қазақ отбасында тәрбиеленген адаммын. Аты-жөнім де қазақша. Қазақ тілін жетік білетінім баршаңызға мәлім. Сондықтан «Мен – қазақпын!» деп айтуға толық қақым бар. Бірақ айтыңыздаршы, мынау қолақпандай еврейдің мұрнын қайда жасырамын?». Ал белгілі жазушы, аудармашы Герольд Бельгер баспасөзге берген бір сұхбатында: «Мен – қазақшаландырылған неміспін!», – деген екен. Кәсіпқой бокста жеңіліс дәмін татып көрмеген Геннадий Головкин ұлты туралы сұраған америкалық журналиске: «Менің әкем – орыс, анам – корей, ал өзім - қазақпын», – деп жауап беріпті. Бұл мысалдардан шығар қорытынды біреу ғана: нағыз қазақ, шала қазақ, ада қазақ, оралман қазақ сынды қасаң ұғымдардан арылып, қазақтың тұтастығын қалпына келтірмейінше басқа ұлттарды қазақыландырамыз деу – бос әурешілік.
Сұлтанәлі Балғабаевтың: «...ана тілінде қалам тартпайтын жазушыны мен қазақ жазушысы деп есептемеймін. Өлеңін орысша жазатын ақынды қазақ ақындарының қатарына қоспаймын», – деген сөзіне қарсы уәжім бар. Құрдасымның бұл сөзін оқып отырып, ойыма Әнуар Әлімжанов оралды. Оның қазақ әдебиеті дамуына қосқан сүбелі үлесі – Алматыда тұңғыш рет (КСРО көлемінде) Азия-Африка жазушыларының басын қосқаны. Жазушының Бағдат қаласындағы ерлігі де ұмытылмайды. Ол Ирактың әлемге белгілі кітапханасында әл-Фарабидың еңбектерін аударып, оның бір өлеңінен «Мен – қыпшақтың ұлымын» деген сөзді тауып, ғұламаның қазақ екенін дүние жүзіне дәлелдеген. Соның ізімен атақты Георгий Гулиа «Литературная газетаға» «В степи Казахии давным-давно» деген көлемді мақала жазған(1968-1970жж.). Оған дейін әл-Фарабиді парсы және Орта Азия елдерінің ғалымдары өз тарихына телігісі келгенін білеміз.
Орысша жазады екен деп Олжас Сүлейменовті де қазақ жазушыларының қатарынан шығарып тастауымыз керек пе сонда? Қаламгер бір тілшінің мысқыл сұрағына еш тартынбай жауап берген: «Мен шығармаларымда өз ойымды қазақшадан орыс тіліне аударамын...» Ал оның мәскеулік ұстазы, ақын Леонид Мартынов: «Олжас Сулейменов, казахский поэт, творящий на русском языке, целиком остается поэтом казахским, родным сыном этого прекрасного гордого народа...» деген екен. О.Сүлейменовпен Әдебиет институтында бірге оқыған жазушы Г.Серебряков болса: «Стихи «Кочевье перед зимой». Я не знаю в чем секрет этих пронзительных, щемящих и светлых строк. Но они западают в душу, прикасаются к самым сокровенным струнам сердца. Русский так не напишет. Для этого нужно родиться казахом, с молоком матери впитать себя легенды и песни своего народа, раз и навсегда самозабвенно и преданно полюбить степь. И еще самое главное – для этого нужно быть талантливым. Талантливым, как Олжас Сулейменов», – дейді. Олжастың даналығы мен беделі арқылы Қожа Ахмет Яссауидің кесенесі ЮНЕСКО-да тіркелді. Ақынның Қызылордада өткен ғылыми-практикалық конференциядағы ұсынысымен Қорқыт ата мемориалдық кесенесінің де тіркелуі қаралуда. Жазушы Роллан Сейсенбаевтың Ұлыбританияның астанасы Лондонда «Абай үйін» ашқанын да айтпай кетуге болмас.
«Шала қазақ» атанған Ә. Әлімжанов Бүкілодақтық «Литературная газетаның», Марат Жанғожин «Правда», Сейітқазы Матаев «Известия» газеттерінің тілшілері болып, қазақтың мәдениеті, тарихы, салт-дәстүрімен одақтас республика халықтарын таныстырды. Орыстілді қазақтар талай ірі басылымдарды басқарды, басқарып та жүр: Б.Ғабдуллин ( «XXI век», «Монитор»), Ә.Ыбыраев («Караван»), С.Құттықадам («Мысль»), Ә.Қодар («Тамыр»), Б.Момынқұл («Знамя труда»). Жазушы-аудармашылар Мұрат Әуезов, Бақытжан Момышұлы, Марат Әдібаевтардың ізгі еңбектерін қалай жоққа шығаруға болады?
Менің сүйікті жазушыларымның бірі, ұстазым Герольд аға Бельгермен араласып жүргеніме жиырма жылдың жүзі болды(ол кісі мені «тамырым» деп атайды). Екеуміз жиі кездесеміз, ағаның үйінде бас қосып, ұдайы әңгімелесіп тұрамыз. Гер-аға қазақ тілі, қазақ мәдениеті мен дәстүрі туралы көп еңбектер жазған, жазып та жатыр. Менің қуанышыма орай, екеуміздің ұлт туралы көзқарасымыз өте ұқсас. Гер-аға шала, ада қазақ деген түсініктерді жоққа шығарады. «Мен өзім мәмбетпін, яғни ауыл қазағымын және осыны мақтан тұтамын. Мәмбет деген жерден шыққан қазақ. Сол қазақ мен үшін өте қымбат. Ал жерден шыққан қазақ шала қазақты жақтырмайтыны маған ұнамайды. Неге шала еврейлер туралы сөз қозғалмайды? Ондай еврейлер көп. Бірақ олар бұл мәселені көтермейді. Себебі, еврейлер өздерінің бірлігін жанындай қорғайды. Қазақтарды бөлудің соңы үлкен қасіретке алып келеді», – деген еді әңгіме арасында. Тағы бір кездесуде Гер-аға: «Мені «Дат» газеті «соңғы қазақ» деп атайды екен. Өзімді бұлай атамас едім: мықты қазақ менен бұрын да болған, менен кейін де ел алдына шығатын азаматтар көп болары сөзсіз. Солардың ортасында жүргенім мақтан емес пе? Өзімді аз дегенде «жарты қазақпын» деп есептеймін...»
Өзім журналистика факультетінің орыс бөлімін бітіргендіктен, көбінесе орыстілді ұжымдарда қызмет еттім. Орыстілді әріптестерімнің өзім байқаған бір ерекшелігіне тоқталғым келеді: олар руға немесе жерге бөлінбейді. Талай әріптесіммен араласып-құраласып кеттік. Бір қызығы сол, бір-бірімізбен дос-жаран болып жүрсек те, біреуінің қоңырат, екіншісінің арғын немесе найман екенін он-он бес жылдан кейін бір-ақ білген кездер болған.
Дидахмет Әшімханұлы сұхбат соңында қытай дәрігері Лу Синь туралы мысал келтіреді де: «Осы отырған үшеуміз де қаламгерміз. Ұлтты біріктіруге әрқайсысымыз шама-шарқымызша үлес қосуымыз керек», – деп түйіндейді. Азаматтардың ұсынысын қолдай отырып, қаламгерлердің бәрін осынау ортақ міндетке жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Өзгені сөзіне ұйыту үшін сөз ұстаған қауымда ауызбіршілік болуы керек. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» демейтін бе еді қазақ?
Маржан Каташева, «Алматы» университетінің Педагогика және психология факультетінің 4-курс студенті:
– Ұлт пен ел бірлігі тақырыбын көтерген бұл сұхбаттың қоғамдық пікір қалыптастыруда маңызы зор деп ойлаймын. Баспасөздегі мазмұнды дүниелер кітап оқудан қол үзген менің қатарластарымның таным көкжиегін кеңейтетіні, санасына сілкініс тудыратыны сөзсіз. Сұхбатты оқып отырып, «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген қазақ мәтелінің астарын ұққандай болдым. Қазақтың басы қосылмай, ісіміздің өнбейтінін, керегеміздің кеңімейтінін түсіндірген. Ұлтты ұйыстырудың басты құралы – тіл екені ақиқат. Бірнеше ұлт пен ұлыс өкілдері білім алатын біздің университетте де тіл мәселесі өзекті. Тілге құрметті өзімізден бастап, өзгеге үлгі болу үшін қайда жүрсек те, үнемі қазақ тілінде сөйлеуге тырысамыз. Өзге ұлт өкілдері қазақ тілін қазақтың ана тілі деп емес, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі деген мәртебесі үшін құрметтеуі керек. Бұл еліміздің Ата заңында тайға таңба басқандай көрсетілген. Қазақстанда тұратын, өз болашағын осы елдің ертеңімен егіз санайтын әрбір азамат оның Конституциясын білуге, біліп қана қоймай оның қағидаларын басшылыққа алуға міндетті.
Болашақ педагог әрі психолог ретінде мен отбасындағы тәрбиенің, ана мен әке өнегесінің маңызын ерекше атап өткім келеді. Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Кішкентай баланың жады компьютер жадымен пара-пар. Жүктелген ақпараттың бәрін сақтап алады, ұмытпайды. Сондықтан ұлтқа деген махаббатты, оның тілі мен діліне деген құрметті баланың бойына жастайынан сіңіру керек. Сонда өскелең ұрпақ өз тілінен өзі жерімейді, өз салт-дәстүрін жоққа шығармайды.
Мені қазақ қыздарының өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығуы, бақыт іздеп шекара асуы да алаңдатады. Бәрін шетке жіберсек, қазақтың санын кім көбейтеді, қазақтың бесігін кім тербетеді? Сұхбат барысында Сұлтанәлі Балғабаев: «20 жылдан кейін ұлт тақырыбы дүние жүзіндегі өткір проблемаға айналады», – деген екен. Расында да, ұлт мәселесінің айналасында түйткіл көп. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, мәселенің бәрін бейбіт жолмен шешу үшін, сұхбаттастар айтпақшы, бізге қуатты идеология керек.
Анар Қапас, «Алматы» университетінің Педагогика және психология факультетінің 4-курс студенті:
– Тарих – ұлттың өткенге және болашаққа бағытталған ұжымдық жады. Ұлтыңның жүріп өткен жолын, яғни тарихын білмей, бүгінгінің қадірін ұғам деу – бекершілік. Қазақ шаңырақ көтеріп, ел болғалы қиындықтан көз ашқан жоқ. Қытай мен жоңғардың, арабтың шапқыншылығын көрді. 2,5 ғасырға жуық Ресей бодандығында болып, тақымын жаза алмады. Сондықтан бізге тәуелсіздіктің бағасы қымбат. Оған қол жеткізу үшін қазақ қаншама асылын құрбан етті. Егемендік алып, еңсеміз түзелген бүгінгі заман – жоғалтқанымызды түгендеп, бөлшегімізді бүтіндейтін уақыт. Өкінішке қарай, кері кетіп бара жатқандаймыз. Өзгенікін таңсық көріп, қызылды-жасылдыға қызығамыз деп, тамырыздан ажырап барамыз. Ұлттық киім жылына бір рет ашылатын қара сандықтың түбінде жатады. Заманға лайықты емес, күнделікті өмірге қолайсыз деп оны жылы жауып қойдық. Ал ұлттық асымыз ше? Одан не зиян шектік? Ағзаға қажетті дәрумен атаулының бәрі өз асымызда емес пе, ал біз оны өзгенің шала піскен тауығы мен шұжығынан іздейміз. Қазақтың салт-дәстүрлері де жаңа заманмен бірге келген жоралғылардың көлеңкесінде қалып барады. Халқымыздың әр ғұрпының астарында елді біріктіру, адамдарды бір-біріне жақындастыру идеясы жатыр. Сондықтан қазақтың өз ішінде бөліне бастауы, рушылдық дертінің қозуы ұлттық дәстүрден алшақтаудың салдары деп ойлаймын.
«Түркістан» газетінде жарық көрген «Ұлттан бұрын ұғымды түзеп алсақ» атты сұхбат көкейдегі көп ойға қозғау болды. Онда айтылған жайларды топ боп талқыладық, оң және теріс көзқарастардың бәрін ортаға салып пікір таластырдық. Ең бастысы, ойымыз өсті, танымымыз толыға түсті. Білгеніміз бір тоғыз болса, білмейтініміз – тоқсан тоғыз.Тарихтан, әдебиеттен тың ақпараттар алдық.
Дайындаған
Анар ЛЕПЕСОВА