Дәрі бағасы бақылауда  болады

Дәрі бағасы бақылауда  болады

Дәрі бағасы  бақылауда  болады
ашық дереккөзі
Еліміздегі дәрі-дәрмек бағасы әлі күнге дейін даулы мәселеге айналып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттардың құнын бір жүйеге келтіруге тырысқанымен, нәтижесі шамалы. Ведомство өкілдері енді дәрі-дәрмектің өзіндік құнына шамамен 40 пайыздай ғана үстеме қосылып, осы бағамен дәріханаларда сатылады деп мәлімдеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Заңнамалық тұрғыдан барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеуді енгізу қажет», – деп атап көрсеткен. Бүгінде Жолдау жүктеген бұл міндетті жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар жүйелі қолға алынуда. Деректерге иек артсақ, бүгінгі күні кейбір медициналық препараттардың зауыттан шыққандағы құнына қосылатын баға 500 пайыздан асып кетеді екен. Сондықтан министрліктегілер дәрі бағасын тұрақтандыру бағытында қолдан келген шаралардың бәрін жасауда. Алдағы уақытта жанармай, азық-түлік секілді тауарлар қатарында дәрі-дәрмектің де шекті бағасын белгілеу жоспарланған. Министрлікте 2017 жылдың соңына дейін барлық дәрілік препараттардың бағасын реттеу жүйесі іске асырылған соң, мемлекет шекті бағаларды орнатады. Бұл жүйе өндірушілер мен дистрибьюторларға дәрі жетіспеушілігі жағдайында оның бағасын негізсіз көтеріп, үстеме пайда табуына жол бермейді. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цойдың айтуынша, дәрі-дәрмек бағасын реттеу жайы қарастырылған жаңа заң жобасы әзірленуде. Осы құжат арқылы Қазақстан аумағында сатылатын дәрі-дәрмектің шекті бағасы белгіленетін болады. Қазіргі уақытта дәріхана бизнесін дөңгелетіп отырғандар бағаның бақыланбайтындығын пайдаланып, әбден еркінсіп кеткен. Өндіруші зауыттардан босатылатын баға мен бөлшек саудадағы бағаны салыстыру арқылы қымбатшылықтың нақты себебі анықталмақ. Аталмыш заң жобасы туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бұған дейін де мәлімдеген болатын. Сонда министр: «Дәрілік заттардың бағасы мәселесі бойынша заң жобасын даярлап қойдық. Атап айтқанда, дәрі-дәрмек бағасын реттеу мен осы процестің ашықтығын қамтамасыз ету үшін уақыт қажет екенін белгілі. Бұл тұрғыда анықталған түйткілдерді ескере отырып, бағаның ары қарай қалыптасуына ықпал ететін боламыз», – деген еді. Министрдің айтуынша, екі жыл бұрын бағаны реттеуді жүргізу кезінде министрлік кәсіпкерлердің адалдығына сенім артқан, алайда олар бұл үмітті ақтамады. Сондықтан ендігі уақытта бағаны бақылауда кәсіпкерлерге жұмсақтық танытылмайды. Жыл сайын әлемде дәрі-дәрмек көлемі 5-6 пайызға өседі екен. Біздің елде 119 фармөндірушілер бар, оның 51-і дәрі-дәрмек, 68-і медициналық құрал-жабдықтар шығарады. Әрине, дәрілік заттар құнының өсуіне отандық фармацевтиканың кенже қалуы да себеп. Елімізге келетін дәрі-дәрмектердің көбі шетелден жеткізіледі. Оны тасымалдау жұмысымен әзірге жеке меншік фирмалар ғана айналысатынын бәріміз білеміз. Сондықтан олар дәрілердің бағасына жол шығынын, салықты және өз пайыздарын қосады. Бірақ, бүгінге дейін фирмалардың үстеме ақысының қандай мөлшерде екенін ешкім бақылауға алған емес. Енді министрлік осы олқылықтың орнын толтырады деген үміт бар. Оның үстіне, кәсіпкерлер фармацевтикалық өнімдерді шетелден доллармен сатып алатындықтан, оны теңгемен саудалауда біраз қиындықтарға тап болатыны анық. Мүмкін министрлік шетелдік компаниялармен тікелей байланыс орнатып, дәрілік препараттарды кәсіпкерлердің көмегінсіз жеткізуді қолға алғаны жөн шығар. Қазақстанда сатылатын дәрі-дәрмектердің атауы 70 мыңға жуық. Мемлекет дәрі-дәрмектің 54 пайызға жуығының құнын реттейді екен. Яғни, реттеу көрсеткіші көбейсе, дәрі-дәрмек бағасын қазіргіден едәуір төмендетуге болады. Ол үшін препараттардың құны мемлекеттік деңгейде реттелуі тиіс. Денсаулық сақтау министрлігінің осы мәселе бойынша жұмысты бастағанына біраз уақыт болғаны баршаға белгілі. Заң жобасы қолға алынып, іс-шаралар бекітілгенімен, тұрғындар әлі де дәріханадағы қымбатшылықтың құрығынан шыға алмай жүр.