Адамзаттық құндылықтар әдірем қалмақ
Адамзаттық құндылықтар әдірем қалмақ
Әлемдік мұраны сақтауда саяси көзқарас басым болып барады. Тарихи жәдігерлер мен құнды ескерткіштерді қорғауды қолға алған ұйым кімге бағынады? Әлемдік мұралар тізіміне алынған ескерткіштер тарихи құндылығына қарай таңдала ма, әлде мемлекеттің беделі ескеріле ме? Вашингтонның ЮНЕСКО ұйымынан бас тартуы талай сауал туғызды.
Таяуда Вашингтон ЮНЕСКО ұйымынан шығатынын мәлімдеді. Көп ұзамай АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон бұл мәліметті ресми растады. Ағымдағы жылдың соңында ұйым мүшелігі күшін жояды. New York Тimes басылымының мәліметінше, ұйымнан бас тартуға екі себеп бар. Біріншісі, америкалық биліктің аталмыш ұйымға қарызы ұлғайған. Екіншіден, ЮНЕСКО Израильге өз көзқарасын өзгертпейінше және ұйымда түбегейлі реформа жүргізбейінше Вашингтон ұйымнан бойын аулақ салмақ.
Негізі, АҚШ бұған дейін де ұйымнан бір шығып, қайта келген болатын. Онда ұйымның Палестина мұралары мен қазіргі саяси жағдайын ескеріп, ұйымға теңқұқылы мүше ретінде қабылданғанына наразы болатын. Тарихи жерлердегі соғыстың бітер түрі жоқ. Ал құнды жәдігерлер мен тарихи мұра қараусыз қалып, күл-талқаны шығып, иен далада қиратылуда. Сондықтан да Палестина ескерткіштері мен сәулет өнерінің мұралары ЮНЕСКО деңгейінде қорғауға алынды. 1984 жылы президент Рейганның тұсында дәп осы себеппен АҚШ пен Израиль ұйымға мүшеліктен бас тартқан болатын. АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың тұсында конгресс бұл шешімді қайта қарастырғаны белгілі, алайда қазіргі президент АҚШ-ты шығынға батыратын ұйымдардың барлығынан құтылуды мақсат тұтуда.
ЮНЕСКО – БҰҰ-ның білім беру, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы. Ол 1945 жылдан бері жұмыс істейді. 2011 жылы ЮНЕСКО құрамына Палестина автономиясы қабылданған. АҚШ пен Израиль осы кезде өз наразылығын ашық білдірген-ді.
Саясаткерлер Twitter парақшасында бұл мәселе бойынша түрлі пікірлерін білдіруде. Әсіресе, ресейлік сарапшылар Вашингтонның бұл қадамын сес көрсету деп санайды. АҚШ ұйымға өз билігін жүргізіп, әлемге өз үстемдігін таңғысы келеді екен. Ал Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху ұйым "тарихты сақтаудың орнына, оны бұрмалап отыр" деген пікірін жасырмады. Израиль де ұйымнан шығатынын мәлімдеді. Себебі мүшеліктен бас тартқан мемлекеттер әу бастан ұйымның бағыты дұрыс емес деп санайды. Вашингтон ұйымды "Израильге қарсы бағыт ұстанады" деп айыптайды. Израиль бұған дейін ЮНЕСКО-ны Иерусалимдегі немесе Палестина территориясындағы мәдени мұраларға қатысты дауда "палестиналықтар жағына шығып кетті" деп айыптағаны есте. Израиль былтыр, ЮНЕСКО Иерусалимнің шығысындағы Әл-Ақса мешіті орналасқан аумақты мұсылмандардың ғұрыптық орны деп көрсеткен қарар қабылдаған соң ұйымға мүшелігін тоқтатқан болатын.
«Америка мүддесіне қайшы»
ЮНЕСКО басшысы Ирина Бокова Вашингтонмен қош айтысқанына өкініш білдірді. Оның айтуынша, алты жыл бұрын АҚШ ұйымды қаржыландыруын тоқтатқанда «ЮНЕСКО-ның Америка үшін орны ерекше, дәл сол сияқты Американың орны ЮНЕСКО-ға ерекше» болатын. АҚШ өзі мүше болған ұйымдар үшін "Америка – ең бірінші" саясатын ұстанады. Мәселен, АҚШ-та Палестинаны мемлекет есебінде мойындайтын ұйымға жарна төлеуге тыйым салатын заң бар. Сондықтан Американың ұстанымдарын ескермейтін, оның саясатына қарсы пікірдегі ұйымдарда Америка ұзақ мүше бола алмайды. Мәселен, Дональд Трамп билікке келгелі, Америка Иран ядролық келісімі және климаттың өзгерісі бойынша Париж келісімінен бас тартты. Өзінің бұл шешімдерін жаңа президент "Американың мүддесіне қайшы болғандықтан" деп түсіндіреді. 2011 жылдан бері Вашингтон мүшелік жарнаны төлеген жоқ. БҰҰ-на төлейтін 22 пайыздық мүшелік жарнаны ЮНЕСКО-ға да төлеуі тиіс. Бұл жылына 70 миллион доллардай сома. Америкалық басылымдар ұсынған деректерге сәйкес, АҚШ-тың аталған ұйымға қарызы 550 миллион доллардан асқан. ЮНЕСКО ғылыми жобаларды, зерттеулер мен ізденістерді қаржыландырмайды, тек түйткілді шешетін әдістер мен жолдарды табуға ықпал етеді. Сондықтан, бұл ұйымды қаржылық тұрғыдан бай ұйым деп айта алмаймыз. Ұйымның бюджеті әрбір екі жылға Бас конференцияда бе-кітіледі. ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттердің мүшелік жарнасы ішкі жалпы өнімнің көлеміне байланысты анықталады. Ұйым қаржысының негізі АҚШ, Жапония, Германия, Ұлыбритания, Франциядан түседі. ЮНЕСКО қаржылық көмекке тәуелді еместігін, өз ұстанымына беріктігін 2011 жылы, яғни палестинаны тұрақты мүшелікке алғанда дәлелдеді. Сол жылы АҚШ өзі төлеуге тиісті 130 миллион долларды беруден бас тартты. Оның бұл қадамын қолдап, Канада, Израиль, Австралия және Польша секілді елдер де мүшелік жарна төлеуді доғарды. Соның салдарынан 2012 жылды ұйым 150 миллион долларлық бюджет тапшылығымен аяқтаған еді.Қазақстанның ЮНЕСКО-ға мүше болғанына 25 жыл
ЮНЕСКО – United Nations Educational, Scientific and Cultural Organization – Біріккен ұлттар білім, ғылым және мәдениет ұйымы. БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет жөніндегі арнаулы мекемесі. Ұйымның басты мақсаты – мемлекеттер мен халықтардың білім, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастығын дамыту арқылы әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту. Сонымен қатар, ұйым нәсіліне, жынысына, тіліне, дініне қарамай, барлық халықтарға БҰҰ Жарғысында жарияланған әділеттілікті қамтамасыз етіп, адамның құқығы мен бостандығын қорғайды. 1993 жылы елімізде ЮНЕСКО жөніндегі Ұлттық комиссия құрылып, ол өзге шаруалармен қатар, ұйымның мерейтойлық даталарының күнтізбесіне Абайдың 150 жылдығын атап өту керектігі жөнінде ұсыныс енгізді. Бұл ұсыныс сол жылдың қараша айында өткен Бас конфе-ренцияның 27-ші сессиясында қаралып, бірауыздан мақұлданды. Бұл Қазақстанның ұйым шеңберіндегі алғашқы қадамы еді. Қазақстанда ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған тарихи ескерткіштердің қатарына Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен басқа, Таңбалы археологиялық ландшафындағы петроглифтер, «Жібек жолы», Сарыарқа және Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері енгізілді. Нақты атасақ, «Жібек жолының» қазақстандық бөлігі бойынша Алматы, Жамбыл облыстарының аумақтарындағы Қойлық, Қарамерген, Талғар, Ақтөбе, Ақыртас, Құлан, Қостөбе, Өрнек секілді ортағасырлық сегіз нысан енгізілді. Сарыарқа даласы мен Солтүстік Қазақстанның көлдері жалпы атауының ішінде Қорғалжын және Науырзым қорықтары да тізімге енді. Қазақстанда ЮНЕСКО-ның қорғалуына алынған материалдық емес құндылықтардың қатарына «Қазақ күресі» спорты, «Наурыз» мерекесі, «Сұңқармен аң аулау» секілді саятшылық өнері және т.б. енгізілген.