Парламентаралық одақтың маңызды отырысы

Парламентаралық одақтың маңызды отырысы

Парламентаралық одақтың маңызды отырысы
ашық дереккөзі
Санкт-Петербор қаласында Парламентаралық одақтың 137-ассамблеясы өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған парламентшілердің басқосуына Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған қазақстандық делегация да қатысты.  Парламентаралық одақ – 1889 жылы құрылған ең көне халықаралық парламенттік ұйым. Бүгінде парламентшілер 173 ел мен 11 парламентаралық ұйымды біріктіреді. Өз даму тарихында бұл одақ парламен-таризмнің дамуына, адам құқықтарын сақтауға, халықаралық бейбітшілік орнатуға және халықаралық қауіпсіздікті сақтауға ықпал етеді. Одақтың кезекті, 137-форумына 100-ге жуық шетелдік парламент төрағалары мен әлемнің 160 елінен делегация жиналды. Адам құқықтары мен бостандығын қорғау, лаңкестікке қарсы күрес, тұрақты жаһандық даму, әйелдер мен жастардың саясат пен экономикадағы рөлі секілді маңызды тақырыптар талқыланған жиынды Ресей президенті Владимир Путин ашты. РФ басшысы қазіргі заманғы жағдайларда елдер арасындағы сенімді нығайтуға, халықаралық және аймақтық күрделі проблемалар бойынша ымыралы шешімдерді табуға көмектесетін парламентаралық дипломатияның маңыздылығына тоқталды. Ол терроризммен күресте күш біріктіруге, Сириядағы жағдайды тұрақтандыруға ерекше назар аударылды. Жуырда Астана қаласындағы келіссөздерде Ресей, Иран, Түркия секілді кепілдік беруші мемлекеттердің қатысуымен және басқа да көптеген мемлекеттердің қолдауымен қол жеткізілген Сириядағы төрт қауіпсіздік аймағына қатысты келісімдер жасалғаны белгілі. Владимир Путин бұл келісімдердің БҰҰ-ның қарарын орындауға бастамашыл болатынын айтты. Жалпы, пікірталаста сөйлеген сөзінде Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин ғаламдық және аймақтық қауіпсіздік мәселелерін шешу бағытындағы Қазақстан тәжірибесіне тоқталып, Қазақстан Президентінің стратегиялық бастамаларын тілге тиек етті. – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясының 70-сессиясында Біріккен Ұлттар Ұйымы жетекшілігімен терроризмге қарсы ғаламдық коалицияны құруға бағытталған халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бірқатар бастамалар ұсынды. Парламентаралық одаққа мүше-мемлекеттер парламентіндегі әріптестерімізді Қазақстан Президентінің БҰҰ аясында «Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу жөніндегі мінез-құлық Кодексін» әзірлеу және қабылдау туралы бастамасын қолдауға шақырамыз. Бұл ХХІ ғасырдың ең қауіпті қатерлерінің бірі – терроризмге қарсы күреске әлемдік парламентаралық қоғамдастықтың салмақты үлесі болады деп сенемін, – деді Нұрлан Нығматулин. Мәжіліс төрағасы Қазақстанда қалыптасқан және табысты дамып келе жатқан конфессияаралық және этносаралық үнқатысудың бірегей моделі жайлы да баяндады. Қазақстанның этникалық топтарының мәдениеті мен тілдерін дамытуға, ұлтаралық келісімнің тиімді институттарын қалыптастыруға, сондай-ақ, дінаралық диалогқа бағытталған мақсатты мемлекеттік саясаттың нәтижелеріне тоқталды. Мемлекетіміздегі этносаралық қатынастарды үйлестірудің бірегей институтына айналған Қазақстан халқы ассамблеясы туралы айта келе, Нұрлан Нығматуллин ассамблеяның БҰҰ, ЮНЕСКО және ЕҚЫҰ тарапынан жоғары баға алғанына назар аударды. Жаһандану жағдайында және мәдениетаралық қарым-қатынастарда ұлттық мәдениеттерді сақтау саласындағы еліміздің жетістіктеріне, сондай-ақ, Парламентаралық одақтың басқа да мүше мемлекеттерінің осы саладағы оң тәжірибесін үлгі ретінде пайдаланудың маңызын айтты. Жалпы, 137-ассамблея барысында Парламентаралық одақтың алты геосаяси тобының отырысы өтті. Форумның басты нәтижесі –  «Демократия туралы жалпыға ортақ декларациясының 20 жылдығы: біздің алуан түрлілігіміздің ортақтығы» туралы қарардың қабылдануы. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы  Нұрлан Нығматулин парламентшілер форумы аясында делегаттармен бірқатар кездесулер өткізіп, парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Финляндия парламентінің төрағасы Мария Лохеламен әңгімелесу барысында одан әрі ынтымақтастықты арттырудың маңызды бағыттары айқындалды. Кездесуде тараптар барлық саладағы қазақстандық-фин үнқатысуының тұрақты түрде нығайып келе жатқанын, сонымен қоса, заңнамалық деңгейдің маңыздылығын атап өтті. Н.Нығматулин мен М.Лохела 2017-2018 жылдардың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелігі шеңберінде еліміздің қызметіне ерекше назар аударды. Ал Мәжіліс төрағасының Корея Республикасы Ұлттық ассамблеясының төрағасы Чунг Сэ Гунмен  кездесуінде екіжақты серіктестік тақырыбы сөз болды. Ресей мен Оңтүстік Кореяда өткен еуразиялық елдердің парламент спикерлерінің кездесуін еске салған Н.Нығматулин бұл форумды «парламентшілерге аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу үшін қосымша үнқатысу алаңы» деп атады. Мұндай алаңдар әріптестікті нығайтып, ынтымақтастыққа жол ашатыны сөзсіз.