Әскерилер тұрғын үйге қам жемейді

Әскерилер тұрғын үйге қам жемейді

Әскерилер тұрғын үйге қам жемейді
ашық дереккөзі
Кеше Мәжілісте әскерилердің баспана мәселесін жақсарту мақсатындағы заң жобасы мақұлданды. Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен жалпы отырыста депутаттар бірқатар заң жобаларын мақұлдап, ратификацияланатын құжаттарға қорытынды әзірлеу жөнінде шешім шығарды. Сондай-ақ, Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаровтың таныстыруымен әскерилердің баспана мәселесін түпкілікті жақсартуға бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деген атаумен таныстырылған заң жобасы Қарулы Күштердің, әскери прокуратура, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының әскери қызметшілерін баспанамен қамтамасыз ету тетігін жетілдіруге бағытталған. Әскери қызметшілердің әлеуметтік тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында аталған құжатқа елеулі өзгерістер енгізілген. Атап айтқанда, әскери қызметшілерді тұрғын үйді жалдағаны үшін өтемақы төлеу жүйесінен тұрғын үй төлемдері жүйесіне ауыстыру ұсынылады. Сондай-ақ, 2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбек сіңірген жылдары 10 және одан артық мерзімді құрайтын барлық әскери қызметшілер үшін 20 жыл әскери қызметін өткергеннен кейін қызметтік баспананы өтеусіз жекешелендіру құқығы қайта қалпына келтіріледі. «Егер қызметтік тұрғын үй жекешелендіруге жатпайтын болса, өтеусіз жекешелендіру құқығы баспана құны көлемінде өтеледі. Ал әскери қызметшіге зейнеткерлікке шыққанға дейін санаулы жыл қалса, сол уақытта төленетін тұрғын үй төлемдері баспана сатып алуға жетпейді. Сондықтан да заң жобасы бұл санаттағыларға зейнеткерлікке шыққан кезде баспанаға мұқтаж болған бұрынғы бүкіл кезеңіне тұрғын төлемдерін есептеп, біржолғы аудару қарастырылады. Яғни, әскери қызметшілердің де түйткілді мәселесі тасада қалмай, шешімін табады деген сөз», – деді Т.Мұхтаров. Сонымен қатар министрдің орынбасары өзге өңірге жіберілген, бірақ бұрынғы орнында ипотекалық несие рәсімделген әскери қызметшіге тұрғын үй төлемі қалай төленетіндігін де түсіндіріп берді. «Ротацияланатын әскери қызметшілердің төлем қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында олар үшін ипотекалық келісімшарт рәсімделген өңірдегі тұрғын үй төлемдерінің сомасы бұрынғы көлемде сақталады. Сол сияқты әскери қызметшіге ол баспанасын жалға беріп, түскен қаражатқа жаңа қызмет орнында тұрғын үй жалдап тұруына да құқық беріледі», – деді ол. Осы заң жобасы арқылы Қарулы Күштердің және барлық күш құрылымдары органдарындағы баспанасыз жүрген 60 мыңнан астам әскери қызметшілердің тұрғын үй мәселесін шешуге оң ықпал етеді деп болжануда.