Мүмкіндігі шектеулі жандар – мейірімділік үлгісі
Мүмкіндігі шектеулі жандар – мейірімділік үлгісі
Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылығын дамыту мәселесі назардан қалған емес. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында 28 мыңнан астам мүгедек бар. Алайда олар қоғамның толық мүшесі ретінде белсенділік танытып жүр.
Петропавлда «Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз» атты шараның аясында облыстық «Мейірімділік пен түсіністікке жол ашық» байқауы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Солтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы облыстық халық шығармашылығы мен мәдени-демалыс қызметінің орталығымен бірлесіп 1999 жылдан бері ұйымдастырылатын балалар мен ересектерге арналған «Мейірімділік пен түсіністікке жол ашық» облыстық байқауы көпшіліктің құрметіне бөленуде. Байқаудың басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандардың өміріне қоғамның назарын аударту. Сондай-ақ, мүмкiндiгi шектеулi жандарды қоғамға бейiмдеп, олардың еңсесiн тiктеп, өзгелер секiлдi өмiр сүрулерiне қолайлы жағдай жасау, оларға қолдау көрсету, шығармашылығын бағалау, ынталандыру арқылы олардың әлеуметтiк бейiмделуiне жәрдемдесу, мүгедек адамдардың өмiрi мен мәдениетiне қоғамның назарын аудару, оң көзқарас қалыптастыру, шығармашылық қабiлетiн дамыту мәселесі басты назарға алынған.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында облыстық халық шығармашылығы және мәдени-бос уақыт қызметiнiң орталығы ұйымдастырған «Мейiрiмдiлiк пен түсiнiстiкке жол ашық» атты мүмкiндiгi шектеулi жандар шығармашылығының облыстық фестивалiне өңірдің 11 ауданы мен Петропавл қаласының әлеуметтiк мекемелерi қатысты. Қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгiдегi Смирнов интернат-үйi, Тайынша әлеуметтiк қызмет көрсету орталығы, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бiрлестiгiнiң Солтүстiк Қазақстан облыстық филиалы, Петропавл әлеуметтiк қызмет көрсету балалар орталығы, Петропавл әлеуметтiк қызмет көрсету орталығы, «АДОН-Север» қоғамдық бiрлестiгi, Петропавл қаласы Тiрек-қимыл аппараты зақымданған мүгедек балаларға арналған интернат-үйi, «Есту кемiстiгi бар балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернат» КММ «Вектор милосердия» қоғамдық бiрлестiгi балалары мен ересектері аталмыш байқаудан табылып, вокал-соло, ансамбль; хореография-соло, ансамбль; аспапты шығармашылық-соло, ансамбль; көркем сөз; сәндiк-қолданбалы шығармашылық; еркiн тақырып аталымдары бойынша бақ сынады. Байқауға қатысқан 800 адам диплом және естелiк сыйлықтармен марапатталды. Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев: «Кез келген адам қоғамның толыққанды мүшесі болуы үшін кәсіби білім алуы керек. Еліміз мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек беруден аянған емес. Білім алуға, түрлі әлеуметтік көмектерге ие болып, мемлекеттік бағдарлама мен жобаларға қатысуына шектеу жоқ», – деді.