Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ. Ұлттық республика құруға ұмтылу

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ. Ұлттық республика құруға ұмтылу

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ. Ұлттық республика құруға ұмтылу
ашық дереккөзі

1925 жылғы 15–19 сәуірде Ақмешітте Қазақстан Кеңестерінің 5-ші съезі өтті. Съезд Қазақ Республикасына Түркістан Республикасындағы Сырдария және Жетісу облыстарының, Бұхара, Хорезм халық республикаларындағы қазақтар да кіретін аумақтардан ұйысқан Қарақалпақ облысының біріктірілгенін жария етті. Бір шаңырақ астына жиналған біртұтас қазақ елін құрды. Ресми түрде халықтың  өз атын өзіне қайтарды. Бұрмаланған атпен ту тіккен кеңестік республикасын өз тарихи атымен атады. Республика мұқтаждықтарын қарастырған кең көлемді қарарлар қабылдады. Сол тарихи  тұңғыш Бүкілқазақ құрылтайына биылғы сәуірде 90 жыл толады.

Ел тұтастығын баянды етіп, тәуелсіздігімізді нығайтуға атсалысу – қай-қайсымызға да абыройлы міндет. Осы жолға залалын тигізуі ықтимал дертті жоюдың бірден-бір жолы – ел бірлігін арттыру екені белгілі. Бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған азаттыққа жеткенде – оны баянды ету үшін, мың жылдық ел, мәңгі ел болу үшін ауызбіршілігімізді ыдыратпау ләзім. Жастардың білмейтінін айтып отыру жөн. Әрі сонау ұлы оқиғаға, міне, тоқсан жыл толғалы тұр.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, еліміздің ұлттық саяси басқарушы тобы шынайы ұлттық мемлекеттілігімізді большевиктік билік ауқымында құру мүмкіндігіне сенді. Сенді де, Қазақ және Федеративтік Түркістан респуб­ликаларына екі жарылып бағынып, екі өңірде өмір сүрген қазақ халқы мен қазақ жерлерін бір шаңырақ астына біріктіруге, сөйтіп тарих сахнасына тұтас Қазақстанды алып шығуға күш салды. Түркреспублика Кеңестері Орталық Атқару Комитетінің төтенше сессиясы 1924 жылғы 15 қыркүйекте Түркістан Федеративтік Кеңестік Социалистік Республикасын ұлттық-территориялық межелерге бөлу жа­йында шешім қабылдады. Сол төтенше сессияда Түркатком төрағасының орынбасары, Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, БК(б)П Орта Азия бюросының (Средазбюро) мүшесі Сұлтанбек Қожанов: «Қазреспубликаға Түркістанның екі облысын қосу – Қазақ ұлттық респуб­ликасын рәсімдеудің басы болады», – деп мәлімдеді. Бұл сөздерге азаттық әперді делінетін кеңес өкіметі билігінің жетінші жылының өзінде ұлттық құқықтарына әлі толық қол жеткізе алмай келе жатқан, елі, жері, санасы отарланған бодан халықтың ғасырлар бойғы арманы тоқылған болатын.

Орталық Азияда жаңа кеңес рес­публикаларын құруға жол ашқан ұлттық-территориялық тұрғыдағы межелеп-жіктеуден соң, қазақ жерінде ұлттық мемлекеттілік үшін күрес жаңа мүмкіндікке ие болды. Саяси күрестің бұл кезеңінің өзіндік ерекшеліктері бар-тұғын. Бір жағынан, төңкеріс дүмпуімен оянып, жаңғыру дәуіріне иек артқан тұрғылықты халықты империяның негізгі халқымен құқық тұрғысынан теңгеруге, ұлттың өзін-өзі билеу құқын нақты мазмұнға толтыруға тырысушылық қадамдары бой көрсетті. Екінші жағынан, осымен бір мезгілде, сондай әрекеттерге тұсау салу, қазақ елінің табиғи ұлттық-мемлекеттік мүддесін Мәскеудегі Орталық билікке тәуелді ету бағыты пәрменді түрде жүзеге асырыла бас­тады. Ұлттық мемлекеттілік үшін күрестің кеңестік билік шеңберінде шырқау шыңына жетуі де, сонымен бірге, тұйыққа тіреліп, жеңіліске ұшырауы да Қазақстанның іргесі кеңейген алғашқы жылдары орын алды.

 

ХХ ғасырдың алғашқы шире­гінің соңында бүгінгі тәуелсіз Қазақстан территориясының аумағы нақтыланып, көрші республикалармен шекарасы айқындалды. Қазақ Елінің мемлекеттік шаңырақ көтергенінің белгісі іспеттеніп, 1925 жылғы сәуірде халқы мен жер-суы біріккен Үлкен Қазақстан Кеңестерінің Бүкілқазақ құрылтайы өтті.

 Орта Азияда жасалған межелеу нәтижесін Кеңестік Социалистік Рес­публикалар Одағы Орталық Атқару Комитетінің (КСРО ОАК) Екінші сессиясы 1924 жылғы 24 қазанда қараған-ды. Қабылдаған қаулысында «еңбекші халықтың еркін түрде өз ерік-жігерін білдіруі жоғарғы заң болып табылатынын растайтынын» тұжырымдаған. Сөйтіп, жаңа құрылған республикаларды осы құрылымдардағы кеңестер съездері шешімдерінің негізінде рәсімдеу қажеттігін айтып, оны жүзеге асыруды Ораткомның төралқасына тапсырған-ды.

Кеңестердің жоғары дәрежедегі ерік-жігер білдіретін заң шығаруға хақылы Бесінші Бүкілқазақ құрылтайы мінбесінен Қазақ Орталық Атқару Комитетінің (ҚазОАК) төрағасы Сейтқали Меңдешев: «Маған кеңестер съезі алдында бесінші мәрте үкімет есебін беруге тура келіп тұр, – деп мәлімдеді, – бірақ қазіргі Съезд алдында мен үкімет есебін терең қанағаттанғандықпен және қуанышпен жасаймын. Өйткені осы Съезде бүкіл қазақ халқы тұңғыш рет өкілдік етіп отыр». Сөзіндегі шаттық серпілісін осымен тәмамдап, одан әрі үкімет есебін іскерлік рухтағы баяндауларымен сабақтады.

Съезде орнықты баяндамалар жасалды. Ұлттық-мемлекеттік мүдде тұрғысынан маңызды пайымдар білдірілді. Талқылаулар болды. Тек қозғалмағаны – автономиялық республиканың Ресей Федерациясы құрамынан шығып, басқа да ортаазиялық көршілері тәрізді, тәуелсіз республика дәрежесіне көте­рілу, сөйтіп, одақтық мәртебемен, Кеңестік Республикалар Одағына тең құқықпен, келісімшарт негізінде ену ниеті. Бұлар жөнінде өкілетті жиын өз сөзін айтпады. Дұрысында, ондай мәселені делегаттар қозғамады. Әрине, ұйымдастырушылар тарапынан күн тәртібіне де шығарылмады. Сөйтіп, бұл мәселе жөнінде бұдан бұрын, Қазақ Орталық Атқару Комитетінің 1924 жылғы қыркүйекте өткен сессия­сы қабылдаған қарар, құдды болмаған секілді, ұмыт қалдырылды.

Құрылтайды ашқан сөзінде Қазат­ком төрағасы: «Қазақ Республикасы Кеңес­терінің 5-ші съезі екі маңызды сәтке байланыстырылып отыр», – деген еді. Бұл құрылтайдың «барлық қазақ халқының бір республикаға, бір мемлекеттік құрылымға бірікті­рілге­нінен кейінгі және Қазақ Рес­пуб­ликасының орталығын Ақмешіт қаласына көшіруден кейінгі бірінші Съезд» екеніне екпін беріп, соған байланысты Құрылтай алдында «төтенше маңызы бар ұйымдық мәселелер» тұрғанын айтқан. Алайда республиканы одақтық дәрежеге көтеру қажеттігін сол мәні ерекше мәселелер қатарына қоймады. Аса маңызды мәселелер ретінде «Қазақ Республикасын одан ары жағдайластыру» жайы бірінші аталған.

Бұл Мәскеудегі Орталық партиялық басшылықтың жергілікті серкелер санасын тәртіпке келтіріп қойғандығының белгісі еді.

Құрылтай БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің белгілеп берген бағытымен жүрді. Кеңес құрылысы ісіне еңбекші қазақ бұқарасын кеңінен тарту мәселесін қарады. Екінші топта талқыланған маңызды жәйт – кеңес өкіметінің «ауыл мен деревняға» бет бұруы. Атал­ған тақырыптар тұрғысынан – күн тәртібіне еңбекші халық тұрмысында неғұрлым жанды орын алатын оқу-ағарту, жер-су, ауыл шаруашылығы, қар­жы-қаражат, сауда, кооперация мәсе­лелері қойылды. Сол ашық та түсінікті «ауыл мен деревняға бет бұру» ұраны аясында олар қызу талқыланды. Сөйтіп, негізгі жер-суы бір шаңырақ астына кіндік өкіметтің қолдауымен тұңғыш мәрте біріктірілген ахуалда, шартараптағы күллі қазақ халқы атынан келген өкілдердің бірінші және үлкен де өкілетті жиынында тиісті шешімдер қабылданды. Тек ұлттық мемлекеттік құрылымның жетілдірілуін көздейтін негізгі мәселе – республиканы одақтық мәртебеге көтеру жәйі қозғалмады.

Съезде халықаралық және іш­кі жағдай бойынша баяндама жаса­ған КСРО ОАК төралқасы мен Бүкіл­ресейлік Орталық Атқару Коми­те­тінің (БРОАК) мүшесі Толоконцев: «Жолдас­тар, біздің мемлекеттік құрылыс барлық буржуазиялық басқару тәсілдерінен күрт ерекшеленеді, сол себепті мен мынаны атап өтуге тиіспін: Сіздерді аз халық ретінде, енді қазір, кеңестік құрылыс кезінде, өз тағдырын өзі дербес, помещиктерсіз, приставтарсыз, жалпы сіздердің еріктеріңізге ешқандай да қысым көрсетілмеген жағдайда шешуге мүмкіндік алып отырған саны аз халық ретінде құттықтағаныма бақыттымын», – деген еді.

Орталықтағы басшылықтың қайта­лап айта беруден жалықпайтын, өзін абыройлы етпек «ақиқаты» осындай сөздерінде, «кеңшілік» жасағанси отырып кемсітушілік танытатын анықтамасында жинақталған-ды. Мәскеу өкілі Бесінші күлліқазақ құрылтайы мінбесінен «саны аз халық» деп, жарылқаушы ретінде астын сыза айтып тұрған қазақ халқы іс жүзінде, кеңес өкіметі аумағындағы жүзден астам ұлттар мен ұлыстар ішінде, Польша мен Финляндия бөлініп кеткеннен кейін, саны жағынан бесінші орын алатын үлкен халық-тын. Ал «өз тағдырын өзі дербес» шешудегі «дербестік» артында «дана да ақылгөй» партия құпия полициясымен тұрған. «Еріктеріңізге ешқандай да қысым көрсетілмеген жағдай» деген анықтаманың астарында – большевизм дуалаған сырқат қоғамдық сананың ауыздықтаулы «ерік-жігері» жатқан еді.

Бұл жайында кеңес өкіметінің түркі халықтарынан шыққан аса ірі сыншысы Мұстафа Шоқай большевиктер практикасынан алынған қилы оқиғалар мен деректерге талдамалар жасау арқылы ұдайы айтып отырған-ды. Уақыт М. Шоқай ескертпелерінің расқа айналғанын көрсетті: «Түркістанның бақытсыздығы сол – большевиктік төңкеріс біздің әлі ұйымдасып үлгермеген балаң кезімізді шарпыды. Орыстың патшалық мекемелері біздің ұлттық дамуымызды тежеп келген болса, большевиктердің басқаруы халқымызды ұлттық сезімнен жұрдай етуге, мұндай сезімді көкірегінен бір­жола сылып тастауға тырысып отыр», – деп жазған еді ол сонау алыс жылдардың өзінде.

Батыс Еуропадағы эмигранттық ахуалында қолы жете алған кеңестік құжаттар мен материалдарды біліктілікпен сараптау барысында ол «Түркістандағы Кеңес билігі – іс жүзінде орыс билігі» екенін бұлтартпас мысалдармен дәлелдеді. Оның: «Ұлттардың бөлініп шығып өздерінің тәуелсіз мемлекеттерін құруға дейінгі құқықтары ақыр аяғында «бос сөз» болып шыққаны тәрізді, пролетариат диктатурасының... дәріптеліп жатқан «ұлттардың өзін-өзі басқару» құқығын қамтамасыз ету туралы айтылып жүрген ұрандар да ақыр соңында «бос сөзден» басқа ештеңе болмай шығарына біздің сеніміміз кәміл», – дегені большевиктік Ресейдің саяси тыныс-тіршілігін жетік те терең білгенін куәландырады. М. Шоқай: «Кеңес билігі кезінде бұдан басқаша болуы мүмкін емес», – деп санады, себебі: «Кеңес өкіметінің табиғатында ұлттық мәселе құндылыққа жатпайды. Большевиктер ұлт мәселесін жалпы жұмысшы мәселесіне тәуелді, соның бір бөлігі санайды. Большевиктер тео­риясы бойынша дүние жүзіндегі мемлекеттерде жұмысшылардың мүдделері мен мақсаттары сол елдердегі ұлт­тардың және басқа әлеуметтік күш­тердің мақсат-мүдделеріне қайшы. («Пролетариаттың отаны болмайды» деген көне маркстік ұран осыдан келіп шыққан)».

Таптық көзқарас заманын артқа тастаған қазіргі тәуелсіздік дәуірінде біз бұл сөздердің мәніне терең бойлай аламыз. Ал кезінде, К. Маркс пен Ф.Энгельс «Жұмысшыларда отан жоқ» де­ген тұжырым жазған «Коммунистік пар­тияның манифесіне» көзсіз иланып, билеуші партия үйреткен таптық мүд­деге ұлттық мұраттарды қиып жібере беру – оңайдың оңайы болған-ды.

Орыс пролетариаты диктатурасын орнықтырушы өкіметтің өкілі Толоконцев, қазақ құрылтайында жасаған баяндамасынан кейін, өзіне қойылған сұраққа байланысты: «Қазақияның ашаршылыққа ұшыраған жерлеріне, егер ол дәлелденер болса, орталық жәрдем көрсетеді», – деп жауап берді. (Назар аударыңыз – аштық дәлелденер болса ғана өкімет тарапынан көмек беріледі!) Артынша: «...бұл мәселені, шамасы, жергілікті ЦИК (Орталық Атқару Комитеті) көтерді, ыңғайына қарағанда – пікірталастар да болған шығар», – деп қосты. Ал «жергілікті ЦИК-тің» төрағасы С. Меңдешев сол орайда: «Орталық алдында (яғни Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің алдында) әлдебір жер ашығып жатыр деп дәлелдеп-негіздеу – қиынның қиыны, – деді. Сосын былай жұмсартты: – ...Кейінгі кезде бізде мынандай дерек бар – республикамыздың жекелеген аудан­дарындағы ауыр жағдай туралы біздің мәліметтеріміз, дегенмен, орталықты иландырыпты, енді қажет жәрдем көрсетілетін болады».

Бесінші құрылтайдың стено­графиялық есебі айтуда: басқа күн түскен қиын сәтте сол «жаны бір» санаған мемлекеттік құрылымдағы «аға үкіметтің» қамқорлығын сұрап, «інішек үкімет» бірнеше жыл бойы (1921–1924 жылдары) аштық орын алуда деп байбаламдауға мәжбүр. Сөйткен «іні» тек 1925 жылғы көктемде ғана «қажет жәрдем көрсетілетін болады» деген сенімге ие болды.

Бұл жәйт патша идеологтарының «Ресей империясының халықтары үлкен бір семья болып табылады» деген уағызын еске салады. Бір ошақ басында үлкен мен кіші, аға мен іні болатыны сияқты, Ресей империясының алып отбасындағы «аға» – орыс халқы, «іні» – туземдік халықтар деген «ақиқаттар» жаулап алынған Түркі Елінде қызмет істейтін чиновниктер құлағына түрлі нұсқаулармен бірге құпия түрде құйылып жататын. Мұны, М. Шоқай атап көрсеткендей, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде «патшалық үкіметтің соңғы генерал-губернаторы Куропаткин» ашық жария етіп еді. Ол: «Ресейдің қол астындағы халықтардың тең құқықтылығы мен туысқандығы туралы» айта келіп, ...«Біз – орыстар және сіздер – Түркістан мұсылмандары – туыспыз. Біз, орыс­тар – аға болсақ, сіздер, мұсылмандар – інісіздер. Сіздердің әрекеттеріңізде бір жағымсыз қылығы үшін ағаның інісін жазалауы пәлендей бір айып емес екені тәрізді, ұлы туысыңыздың да (яғни орыстардың) өз інісін жазалау құқығын табиғи деп түсіну керек» деген-ді». Ал Қазан төңкерісі салдарынан «өзбек, түркімен, қырғыз және басқа да түрік тұқымдас бауырларымыз «өгей ұлттар» болып есептеледі де, оның есесіне орыс келімсектер Қазан төңкерісін жасаған «ұлы туыс», «бірінші орында тұратын бауыр», «көш бастаушы аға» деген атқа ие болады».

«Кеңес өкіметі біздің ең залым жа­уымыз болуына таңқалудың қажеті бола қоймас, – деп жазған-ды М. Шоқай. – Біздің ұлттық қозғалыстарымызды жөргегінде тұншықтырып, тұтас түріктің арасына «Қытай қорғанын соққан» коммунистер ...іс жүзінде орыс империализмінің ізбасары болып шықты, оның ұлттарға бостандық беру жайындағы уағдасы далада қалды. «Ленин бір кезде кейбір коммунистерді шалқанға теңеп, «сырты ғана қызыл, іші – аппақ» деген болатын. Енді, міне, ұлт мәселесінің шешілуінде лениндік жүйенің өзі шалқанға ұқсап қалды. Ол сырттай қарағанда «төңкерісшіл», «интернационалистшіл», ал іші бүкілдей аппақ. Бұрын орыс патшасы – ақ патша делінгені бәріміздің есімізде болса керек. Орыс патшасының «ақтығы» оның қара саясатымен оралған болатын. Ал бүгінгі большевик орыстардың «ақтығы» қызыл бояу­мен боялған... Өзгешелігі осы ғана».

Ағылшын тарихшысы Краусс 1899 жылы Лондонда басылған «Россия Азия­да» атты іргелі еңбегінде патшалық отар саясатынан бай мәліметтер келтіре отырып: «... Россияның күллі тарихы – агрессиялар мен жаулап алулар және бағындырылған елдерді жұтып қою шежіресі», – деп қорытқан болатын. Жиренішті әміршіл режимді құлатқан революцияның алғашқы жылдары бұған ешкім күдік келтірген жоқ. Тіпті, «...Карл Маркс пен Фридрих Энгельстің тәлімдеріне сүйенген большевиктер орыс тарихын отарлау мен қанау тарихы деп танып, Ресейді Энгельстің сөзі бойынша «ұлттардың ұлы түрмесі» деп атаған еді. ...Большевиктік төңкерістің Ленин дәуірінде өмір сүрген теория­лары Сталин дәуіріне келгенде жарамсыз болып қалды. ...Сталиннің айтуынша, Ресей тарихын күштеп отарлау тарихы деп сипаттау дұрыс емес. Ресей империясының тарихы көрші елдермен оңды қарым-қатынастар, өзара кірігулер нәтижесінде «табиғи түрде» жасалған тәрізді. Бұл көзқарас бойынша, Ресей Түркістанды да, Кавказды да, немесе басқа бір орыс емес өлкелерді отар етпеген көрінеді. Олардың бәрі жағырапиялық жағдайлар мен тарихи заңдылықтар жолымен Ресейге табиғи түрде қосылып кеткен сияқты». Сондай ұйғарымдарды күштеп орнықтырумен шұғылданған «маркстік-лениндік идеология майданындағы күрестің өте-мөте көңіл аударғаны – Кеңес үкіметінің саясатында, әдебиетінде, музыкасында, өнерінің барлық саласында рухани өмірді ғана емес, материалдық өмірді де тұтас қамтыған орыс ұлтшылдығын қайта орнықтырып, бекемдеуі болды» – Мұстафаның сол шақта жазған, бүгінгі таңда талас туғызбайтын пікірлері осындай еді.

Бұратаналардың кәдімгі империя мұжығына айналдырылуын көк­сеген ХХ ғасырдың басындағы патша идеологтарының арманын – жер-жердегі пролетариат диктатурасын жебеп-нығайтып отырған Мәскеу билігі – кеңестік жолмен шындыққа айналдыруға бет алған. Мұны да зайыр түсінген М. Шоқай: «Орыс большевиктері социализмді желеу ете отырып, енді бір екі-үш жыл ішінде біздің ана тіліміз – түркі тілін өзінің тарихи құқығынан мақұрым етуді көздеп отыр», – деп те жазды. Алайда ол тұста эмигрант Шоқаевтың сөзін халыққа жеткізбеу, үзіліп-жұлқыланған бірлі-жарым ой сұлбасын, сыбысын бұрмалап, қаралап қана айту мұқият қарастырылған-ды.

2.

Орынбордан келген Круцких деген өкіл «Орынбор губерниясының жұмысшылары, шаруалары мен барлық еңбекші бұқарасы атынан шетсіз-шексіз қазақ жерінің қожайыны – Кеңестердің Бесінші Бүкілқазақ құрылтайын» шын жүректен құттықтады. Оның сөзін делегаттарға өлкепарткомның екінші хатшысы С.Қ. Қожанов аударып тұрды. Үлкен өкілетті жиналысқа қатысушылардың баршасының кеудесін «шетсіз-шексіз қазақ жерінің қожайыны» ретіндегі мақтаныш сезім кернеді. Сонымен алданып, қол­дарындағы ұлттық мемлекеттік құрылымның көзге көрініп тұрған түйіндерін, шешуін тосып тұрған ащы шындықтарды ортаға салып, соларды жан-жақты талқылауға кірісті.

Көшпенді қазақ аймағының ортасында тұрған Ақмешітке астананы көшіру себептерін баяндай келе, С.Меңдешев мынандай тарихи анықтама келтіреді: «Осы қаланың негізін салған Шекті Мөңке, Шеркес Түрке және Тама Нұрке болашақтағы бір уақытта осы қала барша қазақ жерінің орталығы болады деген болжам айтқан екен». Сосын оны былайша жуып-шаяды: «Әрине, кеңпейіл қазақ қарттары бұл ойларын ешқандай пайыммен негіздеп-дәйектей алмаса керек, сондықтан мен қазір сол шалдардың жорамалдарының шындықпен тек қызықты сәйкестік орайымен дәл келушілігін ғана атап отырмын». Астана етуді көздеген Ташкентті неге ала алмағандарын айтпады. Сондай-ақ, КирЦИК-тің 1924 жылғы екінші сессиясында Ташкентке балама нұсқа ретімен белгіленген Шымкентті, сөйтіп үкіметке астананы шұғыл түрде сонда ауыстыру жайында тапсырма берілген қарарды ауызға алмады. Шымкентке қалайша көшпегендерін ақпарат ретімен де қозғамады. Есесіне, жоғарыдан оқы­ғанымыздай, Ақмешіт жайын дәйектеді.

КирЦИК (ҚазОАК) төрағасы «Кирреспубликаны (Қазреспубликаны) құру тарихы» жайында тағлымды деректер айтты: «Революциядан кейін қазақ халқы азамат соғысының аса төтенше күйзелтулеріне душар болды, сөйтіп Кирреспублика құрылысы 1919–20 жылдары түк жоқ дерлік бос жерде бас­талды. Содан міне, 5 жыл ішінде, артта қалудың, талқандалып, күйзелтілудің, стихиялық ашаршылық апаттарының айтып жеткізгісіз ауыр жағдайында, Қазақияның еңбекші бұқарасы дамылдамастан тасқа тас қалап, өз респуб­ликасын құрды. ...Осы 5 жыл ішінде біз Қазақ Республикасының бекем іргетасын салып үлгердік деп батыл айтуға болады. ...Есеп беріп отырған кезеңдегі біздің республика өмірінің аса маңызды сәті – барлық қазақ жерін бір республикаға біріктіру – Қазақ Ұлттық Республикасын рәсімдеу болып табылады».

Осынау Қазақ Ұлттық Рес­пуб­лика­сының шаруашылық тыныс-тір­шілігі жайындағы мәлі­меттер ой­лантарлық-ақ. Ұлттық респуб­ликаның өнеркәсібі алғашқы кезден-ақ сол ұлттық республиканың өзіне қызмет еткен жоқ. Бұл орайда Бесінші съездегі үкімет баяндамасында: «Бізде халық тұтынатын тауарлар жасайтын фабрикалар мен зауыттар жоқтың қасы. Біздің өнеркәсібіміз негізінен кен қазушылық сипатта – мұнай көздерін, тас көмір, тұз, метал кендерін және с.с. ашып өндіру. Біздің өнеркәсіп қалың халық бұқарасына қызмет көрсетпейді, сондықтан өнеркәсіптің дамуы тікелей күллі Кеңес Одағы өнеркәсібінің дамуына тәуелді», – деген мойындау жария болды. Соның алдында ғана өткен Қазөлкекомның Үшінші пленумында: «ҚКСР-дің кейбір кәсіпорындары одақтық мәнге ие болуға ұмтылуда», – деген де сыр ашылған-ды. Яғни республика өнеркәсібін өркендету ісі қазақ өкіметі мен республиканың негізгі халқына байланыссыз жүрді. Басқа сөзбен айтсақ – орталық мүддесіне қызмет етті. Кезінде патша үкіметі ұстанған «қазақ халқын емес, қазақ өлкесін көркейту» (П. Столыпин) ұраны «Қазақстанның экономикасын бүкіл одақ болып көтеріп жатырмыз» деген большевиктік «интернационалдық» саясаттың да түпқазығына айналғаны, Бесінші Кеңестер съезінде аян бол­ғандай, осы жылдарда-ақ айқындала бастады.

«Бұрын Түркістан және Түркістан түріктерінің ұлттық мүддесі Ресей мен орыс халқына тәуелді еді. Енді бүгін атамекеніміздің мүддесі кеңестік Ресейдің төңкерістік орталығына тәуелді, – деп жазды М. Шоқай. – 1916 жылы генерал Куропаткин: «Түркістандықтар өздерінің жергілікті және ұлттық мүдделерін Ресей және ұлы орыс халқының мүдделерімен бір қатарға қоя алмайды. Ресей ең алдымен орыстар үшін» деген еді. Куропаткиннің осы сөзін Мәскеу большевиктері «қызыл бояумен» бояп, былай дейді: «Сіз өзіңіздің жергілікті және ұлттық мүдделеріңізді төңкеріс орталығының, яғни Ресейдің мүддесімен бір қатарға қоя алмайсыз. Орыс төңкерісшіл пролетариатының мүддесі бәрінен де жоғары...» Қазақстан өнеркәсібін дамытудың Қазақстан өкіметінсіз жүзеге асырыла бастауының түп себебі осында жатқан болатын.

3.

Дегенмен 5-ші съезде ұлттық мемлекеттік үшін күрестің жеткен шыңы белгілі-бір дәрежеде қанағаттандықпен тиянақталғандай болды, сөйтіп, елдікті нығайта түсудің жаңа ахуалдағы басты бағыты айқындалды.

Патшалықтың «қазақ далаларын көркейтуге» айрықша мән бергені сондай, қазақ жерін – қазақтарға уақытша берілген мемлекет меншігі деп жариялады. Сосын, шұрайлы жер-суының бәрін бесінші колоннасы іспетті орыс шаруалары мен әскери-билік тірегі сипатты казактарына тартып әпергені белгілі. Монархияның құлауы, одан, ақыры, большевиктердің билікке әдемі ұрандармен килігуі – қазақты жер-су жайы реттеліп қалар деп үміттендірген. Алайда, М. Шоқай айтқандай, «Столыпиннің «қазақтарды емес, қазақтардың тың жатқан жерлерін ойлау керек. Қазақстан жерлерін тек қазақтардың өздеріне ғана қалдыру Ресей үшін кешірілмес күнә болар еді» деген сөзінің екінші бір нұсқасынан» айнымайтын, коммунистердің «жекелеген өлке мен халықтардың мүддесін жалпы Одақ мүддесіне құрбан ету» қажеттігін дәріптейтін пиғылы ондай үміттің өрісін қусырып ұстайтын-ды. Сондықтан да орыс төңкерісінің қай-қайсысы да езілген халықтың қолына теңдікті бірден мә деп ұстата қоймағаны 5-ші Кеңестер съезінде атап айтылды: «Революция қазақты азат етіп, жерге деген басқалармен тең құқығын жария етсе де... заңды жолмен берілген жері болмағандықтан... жерге деген хақын қай учаскеде жүзеге асырарын білмей, сенімсіздікпен ...қоныстанатын».

Осы ахуалға байланысты, С. Мең­дешевтің аузымен кеңестік қазақ үкіметінің жергілікті «қазақ халқы жерге орналастырылып болғанша – басқа халықтардың сырттан келіп қоныстануына жол бермеу» жайында шара алғаны Бесінші съезге хабарланды. Сонымен бірге, ҚАКСР үкіметі тарапынан орталыққа – РКФСР үкіметіне сол шарадан туындайтын өтініштер білдірілгені баяндалды: көшпенді және жартылай көшпенді халықты жалпымемлекеттік қаржымен, әрі бәріне жаппай учаске кесіп беру ретімен жерге орналастыру керек; осы тәртіппен жерге орналастырылып жатқан қазақ халқына – салық салу, несие беру, құрылыс материалдарымен, ауылшаруашылық құралдарымен жабдықтау істерінде – алғашқы кезде түрлі жеңілдіктер жасау жөн. Осылармен бірге, С. Меңдешев, КирЦИК пен ХКК-нің (халкомкеңестің) ұсынысымен, БРОАК-тың ерекше ереже бекіткенін, енді, үкімет тапсырмасымен (Киркрайкомның Ақмешіт съезі алдындағы пленумында С. Қожанов та соны айтқан-ды) наркомземнің он жылдық жоспар жасап жатқанын мәлім­деді.

Ал Наркомземнің – республиканың жер жөніндегі халық комиссары Ғалиасқар Әлібековтің баяндамасында жер-су жайы кеңірек және жан-жақты талданды. Қазақ жағдайында бұл мәселенің маңызы қашаннан зор. Жаңаша өріс алған ұлттық мемлекеттік үшін күрес майданында алатын орны мүлдем айрықша. Сол себепті, баяндаманы арнайы қарастырған дұрыс деп білеміз.

4.

Ең алдымен көзге түсетіні – баяндамашы проблеманың тарихи тамырын жүйелеп ашады. Ол қазақ өлкесінің отарлануында: а) өз еріктерімен қоныс­тануға орыс жерінен келген қилы бақ іздеушілер мен қашқындар жасаған отарлау, бұл ХVI ғасырдан басталды; ә) орыс үкіметінің сауда-өнеркәсіп мүддесін көздеген әскери-әкімшілік жолмен отарлауы, бұл ХVIІІ ғасырдан басталды; б) ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басынан бері, орыс шаруаларын көшіріп-қоныс аударту жолымен отарлау іспетті үш басты дәуір болғанын айтады.

Орыс үкіметі шығысқа терең сұғынуды көздеген империалистік мақсаттарын жүзеге асыру үшін, қазақ даласына Орал, Орынбор, Ертіс желілері бойынша ірі-ірі сенімді жасақтарын орнықтырды. Олар қазақтарды Жайық, Тобыл, Ертіс өзендері бойындағы үйреншікті ата қоныстарынан қуып, мал бағу шаруашылығының қалыпты жағдайын зорлықпен өзгертті. Сондай әрекеттерімен қазақты ғасырлар бойы қалыптасқан атакәсіп негіздерінен айырып, экономикалық дәулетін қатты ойсыратты.

Әсіресе отарлаудың үшінші кезеңі қатты залал тигізді. Бұл шақта ішкі Ресейдің жер дағдарысын шешу мақсатымен, әрі «жабайылар жерін көркейту» үшін патшалық Қазақстанға лек-легімен переселендер көшін төккен еді. Осы орыс көші мүддесіне қазақтан тартып алынған жер көлемі 1916 жылға дейін 40.647.765 десятина болған-тын. Бұл мөлшер барлық шұрайлы, өмір сүруге қолайлы жерлер аумағынан асып кеткен-ді. Ал шұрайлы жерлер күллі қазақтық территорияның бестен бірінен де аз мөлшерде-тін. Жер комиссариатының мәліметі бойынша – барлық жер аумағы 202.962.345 десятина, оның ішінде жарамды жер көлемі 38.170.000 десятина еді.

«Переселен толқынының қысы­мымен қазақ бұқарасы... шөбі жұтаң, суы аз, құмдауыт жерлерге ығысуға мәжбүр болды. Осы апатты саясат Өлке экономикасын тез құлдыратты. Егер өткен ғасырдың 70-ші жылдары бір қазақ шаруашылығына 59 бас малдан келсе, 1914-1915 жылдары переселен қозғалысының артуымен бұл цифр 25-26 басқа шейін төмендеді», – деп көрсетті наркомзем Ғ.Әлібеков.

Жерді қоғам мүлкіне айналдыру жөніндегі алғашқы кеңес заңы мен жерге орналастыру туралы ереже «азамат соғысы, ашаршылық, ҚКСР-де ешқандай қаржының болмауы жағдайында болымсыз ғана нәтиже берді».

Бұл шағын нәтиже деректері мынандай: ел-жұрттың біраз бөлігі 1920 жылдан 1923 жылға дейін 215.178 дес. жерге орналастырылды. 1923 және 1924 жылдары жұмыс Жер Кодексі мен 1924 жылдың 17 сәуіріндегі Ереже бойынша жүргізілді де, жобаларда және іс жүзінде мемлекет есебінен 2.512.609 дес., халық есебінен – 2.815.522 дес., барлығы – 5.543.309 десятина жерге орналастырылды.

Жүргізілген іс шараларының ойда­ғыдай оң нәтиже бермеу себептері, халық комиссарының талдап көрсетуі бойынша, мынандай: а) қазақ жерін сырттан көшіп келіп отарлау жалғасып жатыр; ә) отаршылдық саясаттың қалдықтары әлі кетірілмеген; б) ең жақсы жерлерді переселендер басып алған, казак-орыс тұрғындары кең алқапты пайдалануда; в) жергілікті жерде жүргізіліп жатқан жұмыстар орталықта үйлестірілмеген, көбіне орталық жерді іс жүзінде пайдаланып отырғандарға бекітіп, ең тәуір жерлерді бұрыннан тұратын переселендерге кесіп беру жағында; г) жерге орналастыру хақында жүзеге асырылып жатқан шаралар – тұрғындардың құқықтық санасын жерді заң бойынша пайдалану қажеттігін сезінетіндей етіп оятуға жәрдемдеспеді.

Мал шаруашылығы Қазақстанның қатал табиғатына шыдас беріп, пайда табатындай дами алу үшін – жер қатынастарын дұрыс реттеудің маңызы зор болмақ. Осы ретте халком Ғ. Әлібеков күллі аумақты жаратылысы мен экономикалық нышандарына қарай: «егіншілік-малшылық» және тек «малшылық», сондай-ақ тек «көшпенді малшылық» аудандарға бөлу тәртіптерін баяндады. Жермен қамтамасыз ету нормасы қалай жасалатынын түсіндірді. Сосын жерге орналастырудың негізгі міндетін: «қазіргі жұмыс істеп тұрған мал бағу және мал бағу-егін егу шаруашылықтарымен шұғылданатын қожалықтарға – өркендеуіне әрі эконо­микалық тұрғыда нығаюына қажет жағ­дайлар жасау» деп есептейтінін айтты.

Осы орайда Жер комиссариаты орындалуы қажет шаралар ретінде мыналарды атады (олар съезд қарарымен заңдастырылды): а) жаппай жерге орналастыру аумағына барлық переселен учаскелерін қосу, бұл ретте олардың көш жолында жатқандарының қоныстанушыларға толған-толмағанына қарамау; ә) 1924 жылғы 17 сәуір Ережесінің күші жүрмейтін переселен учаскелерінде отырған тұрғындарды өз учаскелерінің 1917 жылға дейін белгіленген шегінде, қосымша жер кесіп бермей орналастыру; б) сырттан көшіп келушілердің және ҚКСР-дегі ішкі қоныс аударушылардың «қазақтың пайдалануына жататын жақсы жерлерді және казак-орыс территориясын» өз беттерімен басып алуларынан сақтану үшін – өз беттерінше қоныстануды доғарту, 1922 жылғы 31 тамыздан кейін өз бетімен келгендерді жер-қожалық беру шараларымен қамтымау; в) ҚКСР-дің барлық аудандарындағы қазіргі кезде қолда бар, сондай-ақ анықталған бос және артық жерлердің бәрін – 1924 жылғы 17 сәуір Ережесімен әрекет етуге жататын, жерге орналастырудың біртұтас қоры деп есептеу.

Сосын баяндамашы осы қорды жоспарлы түрде пайдалану реттерін баяндады. Сондай-ақ, межеленіп Кирресрубликаға (Қазақ Республикасына) қосылғанға дейін Түркістан Республикасының Жер комиссариаты жұмыс жүргізген облыстарда бүгінде ВЦИК-тің Ерекше Комиссия­сы әрекет етіп жүргенін, әрі оның мүлдем өзінше, Қазжерком жоспарымен үйлестірмей жұмыс жүргізуін жалғастырып отырғанын айтты. Қазақ Республикасы Жер комиссариатының жерге орналастыру шараларын біртұтас жоспармен және біртұтас аппаратпен іске асырмақ ниетіне, Қазақ Республикасы наркомының мойындауынша, «Ерекше комиссия тарапынан наразылық көрсетілуде, ал ондайды орынды деп санауға болмайды».

 ҚКСР Жер жөніндегі халық комиссары Ғ. Әлібеков тым жұмсақ айтқан-ды, іс жүзінде Бүкілресей Орталық Атқару Комитетінің (БРОАК-ВЦИК) Ерекше комиссиясы қазақтың ұлттық мемлекеттігінің іргесін шайқалту шараларын қарастырып жүрген. Бұл ресейлік комиссияның Қазақстанға берілген облыс­тарда жұмыс істеу үшін құрылуының өзі Қазақ Республикасына одақтық мәртебе бермеу себептерінің біріне жарқын мысал. Негізгі мақсат – қазағы көп аймақ ретінде Түркреспубликадан Кирреспубликаға бөлініп қосылған облыстарда жерге орыстарды тездетіп орналастыру-тын. 1920 жылы Түрк­майдан Саяси бөлімінің уәкілі Д. Фур­мановтың Қытайдан Жетісуға орал­ған босқын қазақтарды өз жеріне қайта қоныстандыруға – ол жерлерге шаруа­лар егін егіп қойған деген желеумен кедергі келтіргеніндей, енді сол өңірде орыс автономиясын ұйымдастыру арқылы, қазақтың дербес ел болуына орталықтың тосқауыл қоюы болатын.

БРОАК Ерекше комиссиясының Жетісуда орыс автономиясын құру жос­пары қағаз жүзінде қалды. Бірақ, күні бүгінге дейін сол жоспар ғылымда тиісті дәрежеде қарастырылған жоқ (мұны проф. М.Қ. Қойгелдиевтің әділ атап көрсеткенін айту керек). Дегенмен қолда бар аз мәліметпен-ақ алғашқы қорытындыны жасай беруге болады. М.И. Калинин сынды «Бүкілодақтық ақсақалдың» өзі мұрындық болған сол шаруаның жалпыимпериялық тұрғыда орыс мүддесі үшін ойластырылғаны айқын.

Елді Сталин басқарып отырды, ал ол «әлемдік социалистік революция идеясын Ресей империализмінің дәстүрлері мен орыстардың ұлттық мүддесіне бейімдеу» (З. Валиди) ние­тінде-тін. Оны құпия полиция өрмегімен тиянақталып-қамтамасыз етілген шебер саясаткерлігімен жүзеге асыру жолына, 1923 жылғы ұлт қызметкерлерімен өткізілген Төртінші кеңесте, алдын-ала тұтқынға алынған көрнекті татар коммунисі Мирсаид Сұлтанғалиевтің «ісін» талқылатып, үлгі боларлық сабақ етіп өткізу арқылы, біржолата түскен-ді.

Алайда Қазақстан саяси басшылығы БК(б)П-ның «дана жетекшілігіне» сенетін. Сол себепті, Бесінші құрылтай қызу талқылап, бірауыздан қабылдаған қарарлардың өмірге енгізілуіне «аға» өкіметтің кедергі жасауына көндіге алмады. Орталықтың «іні» өкіметтен халықты жерге орналастыру тәртібі жөніндегі өз шешіміне өзі өзгерту ен­гізуін талап етуін – уақытша түсін­беу­шілік тәрізді ұқты. Рұқсатын төзім­ді­лік­пен тосты.

Бұл жайында, аталмыш құрылтай­дан төрт айдай өткенде өмірге келген мына бір саяси қаулы сыр шертеді. Жер­ге орналастыру мәселесі БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің 1925 жыл­ғы 12 тамызда өткен Бюросында талқыланды. Өлкекомның екінші хатшысы С.Қожа