Достықты нығайтқан сапар
Достықты нығайтқан сапар
Оңтүстік Қазақстан облысынан Өзбекстанға жол тартқан «Достық керуені» жобасына қатысушылар бүгін елге оралды. Құрамына зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, этно-мәдени бірлестіктердің төрағалары мен БАҚ өкілдері енген керуенді Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының басшылығы күтіп алып, көршілес елдің тарихи-мәдени орындарымен таныстырды.
Бауырлас елдер арасында достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылған сапар аясында қазақстандықтар алдымен Ташкенттегі Төле би бабаның кесенесіне зиярат етті. Самарқандағы әйгілі Регистан тарихи-сәулеттік кешенімен танысып, Шахи-Зинда тарихи кешенінде жерленген Өзбекстанның экс-президенті Ислам Каримовтың рухына Құран аяттарын бағыштады. Бұхарадағы Бахауаддин Накшбанди мавзолейін аралап көрді.
‒ Бұл іссапар Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің наурыз айында Қазақстанға жасаған ресми сапары кезінде Қазақстан халқы ассамблеясы мен Өзбекстан интернационалды мәдени орталығының арасында түзілген ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылып отыр. Меморандум екі ел арасындағы мәдени ықпалдастықты арттырып, Қазақстан халқы ассамблеясы мен Өзбекстан интернационалды мәдени орталығының әріптестігін нығайтуды көздейді. Соның аясында этносаралық бірлікті қамтамасыз етіп отырған ұйымдардың қос елге этносаяхат ұйымдастыруына мүмкіндік беріп отыр. Достық керуені ОҚО Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен Өзбекстанға екінші рет жол тартты. Достық ниеттегі өзбекстандық делегаттар да Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи орындарына саяхаттар ұйымдастыруда, ‒ дейді керуенді бастап барған облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ербол Байқонақов.
Ресми мәліметтерге сәйкес, бүгінде Өзбекстанда 800 мыңнан астам қандастарымыз тұрады. Ал Қазақстандағы өзбек этносы өкілдерінің саны 550 мыңға жуықтайды. Алдағы уақытта «Достық керуені» жобасы екі ел арасына мәдени ықпалдастықты одан әрі нығайтарына сенім мол.