Еуропаға – ерекше түтікшелер
Еуропаға – ерекше түтікшелер
Оңтүстік Қазақстан облысы экспортқа жаңа тауар түрлерін шығаруды қолға алды. Вакуумдық түтікшелер, ортопедиялық құрал-жабдықтар мен МДФ плиталар осы өңірден шетелдерге саудаланбақ.
Жергілікті кәсіпкерлік басқармасы бұл тізімнің әлі де толыға түсетінін айтады. Бүгінгі таңда Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан және Еуропа елдеріне экспортты ұлғайту мәселесі қаралуда. Шымкенттен шығарылатын вакуумдық түтікшелер Еуропада саудаланады. Өндіріс орнының басшысы Гүлия Жүзенованың айтуынша, мұндай түтікшелерді жасап шығару оңай шаруа емес. Жуық арада отандық өнім Ресей мен Өзбекстанның дәріханалары мен лабораторияларында сатыла бастайды.
– Мұндай зауыт ТМД елдерінің ешбірінде жоқ. Оңтүстік Кореяның технологиясымен ашылды. Бүгінгі таңда қондырғылардың 90 пайызы еуропалық. Бір жылда 70 млн-ға жуық вакуумдық құрылғылар шығара аламыз. Сондай-ақ, 40 млн-ға жуық екіжақты ине шығаруға қауқарлымыз, – дейді кәсіпорын директоры Гүлия Жүзенова.
Осыған дейін оңтүстік өңірінен экспортқа шығатын тауарлар тек азық-түлік, мақта-мата және ауылшаруашылық өнімдері ғана болса, ендігі жерде заманауи технология қолданып өндірілетін өнім түрлері де көбейіп отыр. Олардың қатарында ортопедиялық құрал-жабдықтар, кілемдер мен жаңаша жасалған плиталар бар.
– Көрсетілетін көмектің түрлері көп. Олардың бірі – мөлшерлемені субсидиялау. Банктың мөлшерлемесі 14-15 пайыз болатын болса, 6-8 пайызын мемлекет қайтарады деген бағдарламаға біз келесі жылы өтініш береміз. Себебі келер жылдан бастап біздің экспорттық көлеміміз сату көлемінен 10 пайыз жоғары болады, – дейді құрылыс материалдары өндірісінің басшысы Алмас Абайделдинов.
Жергілікті кәсіпкерлер экспортқа өнім шығаруды өрістетуде мемлекеттік қолдаудың нақты көмегі тиіп отырғанын айтады. Қазіргі таңда кәсіпкерлерге «Экспорт шығарушы-2020» бағдарламасына қатысу ұсынылуда. Бұдан өзге де экспортты қолдау мен өрістетуге бағытталған бағдарламалар жеткілікті.
– Егер өндіріс орны жаңашыл тәсілдермен өнім өндіріп, ол өнім экспортқа шығатын болса, әкімдік тарапынан барлық жағдай жасауға дайынбыз. Сол үшін де бізде арнайы экономикалық аймақ бар. Ол жерде өндірілген өнімдер барлық салық түрінен босатылғандықтан, бастапқы баға төмен болып, экспортқа тиімді бағада саудалауға мүмкіндік туады, – дейді облыстық өнеркәсіп, индустриялды-инновациялық даму бөлімінің басшысы Хикмат Раимбеков.
Жыл басынан бері облыс кәсіпорындарының экспортқа шығарған өнімдерінің құны 700 млн АҚШ долларына жеткен. Тек соңғы кездері әлемдік экономикадағы тұрақсыздыққа байланысты отандық өнімнің шетелге саудалануында төмендеушілік байқалады. Десе де, жергілікті мамандар 2020 жылға қарай өңірден өзге мемлекеттерге сатылатын тауарлардың саны мен түрі әлдеқайда көбейе түсетініне сенімді.