Жаңалықтар

Браконьерлер еліміздің табиғатына орны толмас зиян келтіруде

ашық дереккөзі

Браконьерлер еліміздің табиғатына орны толмас зиян келтіруде

Игерілмеген қаржы көлемі Соңғы күндері Қостанай облысында 10 мыңнан астам киіктің мерт болғаны туралы ақпарат тарады. Бір таңданарлығы, дала еркелерінің өлім себебі белгісіз болып отыр. «Қызыл кітапқа» енген жануарлардың жаппай өліміне не себеп? Мұндай оқиғалар неге жыл сайын қайталанады?

11 мамырда Қостанай облысы, Амангелді ауданының Жолабай аумағында шамамен 117 киіктің ұшасы табылған. Ал бүгінгі күнде мерт болған киіктер санын естіген жанның есін алуда. Ол ол ма, енді ветеринарлар 16 мың гектар жерді тазартып шығуы тиіс. «Киіктердің жаппай қырылу фактісі бойынша облыс әкімдігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің аумақтық және республикалық өкілдерінен жасақталған штабтар құрылды. Бүгінде мамандар су, топырақ және биологиялық материалдардың сынамаларын алуда. Киіктердің қырылу фактісінің себептерін анықтау үшін мерт болған жануарлардан патматериалдар алынып, республикалық ветеринариялық зертханаға жолданған. Алдын ала нәтижелер бір аптадан кейін жарияланады», – делінген Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан ресми ақпаратта. Ведомство мамандарының айтуынша, киіктердің жаппай қырылу фактісі аймақта соңғы рет Жангелді ауданында, 2012 жылдың маусым айында тіркелген. Ол кезде 926 киік пастереллез ауруынан мерт болған. Алдын ала сараптама үш жыл бұрын орын алған жағдаймен ұқсастығын анықтап отыр. Қыс мезгілінің ұзақтығынан ағзасы әлсіреген жануарлар инфекциялық ауруларға қарсы тұра алмай, төлдеу кезінде мерт болған. Алайда соңғы нүктені сараптама қорытындысы қоймақ. Себебі табиғи себептермен қоса, қаскөйлердің әрекеттерінен «Қызыл кітапқа» кірген сирек жануарлар жиі зардап шегуде. Өткен жылы елімізде киіктердің саны 256,7 мыңға жеткен еді. Бірақ, мемлекеттің қорғау шараларына қарамастан Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің инспекторлары киік мүйіздерін саудалаудың 70 фактісін тіркеді. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда браконьерлікке тосқауыл болатын күш табылмай отыр. Ал қарапайым халық заңсыз әрекеттердің табиғат дүниесіне қаншалықты залал тигізіп жатқанын біле бермейді.

Қарағанды облысындағы рейдтік іс-шаралары барысында Балқаш-Саяқ тас жолында «КРАЗ-250» автокөлігін басқарған Алматы облысы тұрғынының көлігінен 6 мың келіге жуық табан, 964 келі көксерке, 665 келі сазан, 1,2 мың келі сом, 167 келі мөңке, 433 келі ақмарқа, 355 келі торта және 197 келіге жуық берш балығы табылып, тәркіленді.

Атырау облысы, Құрманғазы ауданының екі тұрғынына қатысты, қылмыстық іс қозғалды. Олардан 27 келі сазан, 9 келіге дейін  астам уылдырық тәркіленген. Жайықта жүзген қайықтары тұтас бір қойма дерсің. Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы Құйылыс ауылының 5 тұрғынынан 48 дана ескі киік мүйіздері табылып, тәркіленді. Атырау қаласының Жайық өзенінде «Ямаха-200» қайығында үш азаматтың 540 келі балық аулағаны анықталып, материалдар құқық қорғау органына жіберілді. Ақмола облысы, Еңбекшілер ауданындағы Үлгі ауылының 31 жастағы тұрғынының үйінде 2 түлкі мен жануарлардың мүшеленген еті табылып, қылмыстық іс қозғалды. Ал Алматы облысында «Уылдырық» шарасының аясында заңсыз балық аулаудың 111 фактісі тіркелді. Браконьерлерден бір тоннадан астам балық тәркіленіп, заңды бұзған 112 адам жауапкершілікке тартылды. Оңтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері көлігіне «Қызыл кітапқа» енгізілген қарақұйрықтың еті салынған браконьерді ұстаған. Анықталғандай, көлікті қалалық ауруханалардың бірінде жұмыс істейтін Шымкенттің 33 жастағы тұрғыны жүргізген. Бұдан басқа, көліктің ішінен 12-ші калибрлі аңшы мылтығы, оның оқтары және аңшыға қажетті басқа да заттар табылып, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Павлодар облысының үш тұрғыны Ертіс өзенінің аңғарындағы ерекше қорғалатын аумақтан 4 елікті атып өлтіргені үшін сотталды. Оларға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалып, екі жыл мерзімге аңшылық кәсібімен айналысу құқығынан айырылды. Маңғыстау облысы, Алғабас ауылының 23 және 25 жастардағы тұрғындары 600 келіден астам заңсыз ауланған балық үшін сот алдында жауап бермек.

Жыл басынан бері басталған «Бекі­ре-2015» акциясы бойынша табиғат қор­ғау заң­­намасы бойынша 226 заң бұзушылық анық­­талды. Оның 198 фактісі – балықты заң­сыз аулау, 20 – заңсыз тасымалдау, 6 – ­заң­­сыз сатып алу және сату. Әкімшілік жауап­кершілікке 171 адам, оның 39-ы сот тәртібімен жауапкершілікке тартылды. Браконьерлерден жалпы 27 тонна балық (оның ішінде бекіре балығы – 1 тонна), шамамен 18 келіге жуық қара уылдырық, 1200 балық аулау мен 176 жүзу құралдары тәркіленді.

Өткен жылғы статистикалық мәліметтерге қарасақ, республика бойынша 6764 әкімшілік құқық бұзушылық хаттамалары жасалып, 1000-ға жуық адам әкімшілік жазаға, 50 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Табиғат қорғау заңнамасын бұзушыларға 50 млн. теңгеден астам айыппұл салынды.

ҚАРМАҚ БАУ ДА ҚИЫНДЫҚ ТУҒЫЗА МА?

 Бір өкініштісі, бұл жайттар жыл сайын қайталанып келеді. Оның белгілі себептері де бар. Әлбетте, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықты айтпай кетпеу­ге болмайды. Мысалы, 2010 жылы Кас­пий теңізімен шекаралас мемлекеттердің үшінші Саммитінен кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын ұтымды пайдалану және сақтау келісімін талқылауды қайта жалғастыруды, 5 жыл мерзімге дейін Каспийде бекіре балығын коммерциялық аулауға мораторий жарияланған еді. Бұдан бөлек, маусымдық рейд жұмыстары атқарылып, бюджеттік қаржылар тиісті бағыттарға бөлінуде. Дегенмен, осы салада мамандар мен сарапшылардың айтып жүрген мәселелері шешімін таппай келеді.

Біріншіден, заңның да олқылығы бар. Естеріңізде болса, Орталық коммуникациялар қызметінде Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев Кедендік одақ аясында қармақ бауын сатуға қатаң тыйым салынғанымен, оны біздің елде шығаруды шектейтін заңнаманың жоқтығын мәлімдеген болатын. «Өзіміздің іште соны жасап, заң бойынша сатуға тыйым жоқ. Енді осы мәселеге тыйым салу үшін мәселені үлкен заң жобасына кіргізіп отырмыз», – деді вице-министр. Сондай-ақ, сарапшылар заңның жұмсақтығын айтады. Өйткені заңды бұзғандар 2 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді немесе 2 жылға бас бостандығынан айырылады. Егер қылмыс ұйымдасып жасалса, 5 жылға дейін жаза кесіледі. Бірақ мұндай шынайы қылмыстық жазаға бірлі-жарым адамдар тартылады. Көбісі шартты жазамен құтылады екен. Екінші рет заңды бұзушылардың да саны азаймай тұр.

Осыдан бес жыл бұрын 2010-2014 жыл­дарға арналған «Жасыл даму» бағдарламасы қабыл­данды. Бірақ, оның қорытындысы үкіметтік деңгейде қарастырылғаны жөнінде бірде-бір мәлімет жоқ. Бағдарлама ішінде жануарлар дүниесін қорғау, браконьерлікпен күрес сияқты бағыттар да қарастырылған болатын.

Екіншіден, табиғат қорғау мекемелеріндегі жемқорлық та себеп. Таяуда Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи бағының директоры Болат Рахметов пен бөлім бастығы Қосымтай Иманов коммерциялық кәсіпорындардың бірінің өкілінен 500 мың теңге көлемінде пара алып жатқан жерінде ұсталды. Ақша кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға жер учаскесін арендалық тұрғыда пайдалану үшін берілген. Сарапшылар және табиғат жанашырлары табиғи бақтар, орман шаруашылықтары тамыр-таныстық пен жемқорлық шырмауына кеткенін айтады. Көпке топырақ шашу дұрыс болмас, алайда аталмыш мекемелерге қатысты қалыптасқан қоғамдық пікір осындай. Сондықтан осындай дәрменсіздіктен браконьерлерге аң-құсты аяусыз жоюға жол ашылған.

ТЕХНИКА ЖАҢАРМАЙ, КҮРЕС НӘТИЖЕ БЕРМЕЙДІ

Үшіншіден, қаскөйлермен күресуге материалдық-техникалық база мүмкіндік бермейді. Мықты қаруланған браконьерлерге орман шаруашылығындағы ескі ВАЗ көлігі мен ескі мылтықтың күші жете бермейді. Аң атып, балық аулауға көп жағдайда ауқатты адамдардың баратыны немесе солар үшін ауланатыны жасырын емес. Сондықтан, табиғатқа соңғы үлгідегі машинамен, қарумен шығады. Осы сала қызметкерлерінің айтуынша, заманауи техниканың жоқтығынан көптеген қылмыскерлер жасырынып үлгеріп, ұстатпай кетеді. Ал жыл сайын жаңа құрылғы-техника беруге бюджет тапшы. Мемлекет осылай үнемдеп жүргенде жиырма жылдан астам уақыт ішінде браконьерлікпен айналысатын арнайы ұйымдасқан қылмыстық топтар қалыптасты. Мысалы, Қызылорда облысында «Қызыл кітапқа» енген бөкендерді жаппай аулаумен айналысып келген ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. «2015 жылдың алғашқы екі аптасында 20 жануар атылған. Бірі Арал аумағында, екнішісі Жалағаш ауданында. Ақбөкендердің мүйізі кесілген», – дейді облыс прокурорының аға көмекшісі Ғабит Тобажанов. Қылмыстық топтың арнайы жоспары кезең-кезеңімен іске асырылған. Бірінші кезеңде аңдарды аулайтын топ жұмыс істесе, кейін екінші адамдар тобы мүйіздерін кесумен айналысқан. Үшінші болып, оны Қытайға заңсыз саудалауға шығарушылар болған. Қытайда мүйіздің 1 келісі шамамен 4000 долларға жететін көрінеді. Бұл тек бізге белгілі болған топ қана. Ал заңды бұзып, кең далада сайран салып жүрген қылмыстық топтар қаншама?

Төртіншіден, браконьерлермен күресудің жаңа тәсілдері жоқтың қасы. Отандық қорықшылардың жаңа әдістерге көшкендері, қызметтері мен жаңалықтары туралы естігендер бар ма? Ақпараттық-инновациялық заман кезінде жаңа күрес технологияларын пайдаланбау өкінішті-ақ. Мысалы, кең тараған фотоқақпанды Қазақстанның қай қорығы не табиғи бағы қолданады? Фотоқақпан Ресейде қолданылып, тиімді нәтиже беріп жатқан әдіс. Қарапайым тілмен айтқанда, ол айналадағы күдікті әрекеттерді тіркеп, оны орталыққа жеткізеді. Олар орманда, не далада автоматты түрде тоқтаусыз жұмыс істеп, қорық қызметкерлеріне көмекші бола алады. Инновацияның жоқтығынан, елімізде жануарлардың инфекцияларға деген сезімталдығымен күресе алмай отырмыз. 2010-2013 жылдары арасында 14 мыңнан астам киік инфекциядан қырылған. Бір ғажабы, еліміздегі республикалық ғылыми орталықтар мен зертханаларға тиісті екпені шығаруға не кедергі болып отырғаны түсініксіз. Өкінішке қарай, табиғат қорғау сияқты аса маңызды экологиялық салаға деген немқұрайдылық пен жауапсыздық талай аң-құстың жойылуына себеп болуда. Әрине, аумағы 2,7 млн. шаршы шақырым кеңістікті толықтай бақылау оңай емес және браконьерлерді жеңген бірде-бір мемлекет жоқ. Алайда заманауи техника мен технологияны пайдаланып, тосқауыл қоюға мүмкіндік бар емес пе? Сонымен бірге, халыққа экологиялық сауаттылық негіздерін үйрету міндеті тұр. Себебі көпшілігіміз табиғатты сарқылмайтын байлық көзі деп қана санаймыз. Ең басты өкінішіміз сол...

Диас БЕЙСЕНБЕК