100 жаңа есім: үміткерлер іріктелу үстінде

100 жаңа есім: үміткерлер іріктелу үстінде

100 жаңа есім:  үміткерлер іріктелу үстінде
ашық дереккөзі
  Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қазақстандықтарды белсенді дауыс беруге шақырды. Елімізде Елбасы жариялаған «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына кандидаттарды ұсыну аяқталды.  «100 жаңа есім» жобасына үміткерлер туралы деректі фильмдер циклі түсірілуде. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы бойынша жұмыс және сарапшылар тобының кезекті отырысына Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Дархан Мыңбай және жоба ұйымдастырушылары, қоғам белсенділері қатысты. – Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындағы бұл жоба – өнері, білімі, қоғамға сіңірген еңбегі, ерекше қасиетімен дараланған талантты азаматтарымызға үлкен мүмкіндік ұсынып отыр. Осыған сай, жаңа есімдерді анықтауда жұртшылық та жоғары белсенділік танытуда, –деді Дәурен Абаев. Биылғы жылғы 7 маусымнан бастап 15 қыркүйеккке дейін еліміздің түкпір-түкпірінен жобаға қатысушылардан өтініштер қабылданды. Осы уақыт ішінде El.kz порталында 2212 кандидат тіркелді. Қазіргі күні оларды іріктеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қатысушыларды іріктеуден бөлек олардың табыстарының тарихын ақпарат құралдарында жан-жақты көрсете білу де аса маңызды екені айтылуда. Бұл бағытты іске асыру бойынша Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Қазақстан халқы ассамблеясы жүйелі шараларды қолға алды. «Қазіргі уақытта іріктеу жолымен 515 кандидаттан тұратын аралық тізім түзілді. Бірақ арнайы құрылған комиссия мүшелері осы іріктелгендермен шектелмей, барлық кандидаттар арасынан өзі лайықты деп тапқандарын да өз бетінше қоса алады. Барлық өтінімдер 100esim.el.kz сайтында орналастырылған», – деді министр «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бойынша жұмыс тобы мен сарапшылық топтың кезекті отырысында. Оның түсіндіруінше, енді арнаулы комиссия 515 кандидаттың арасынан 300 тұлғаны іріктеп алады да, осы «үш жүздік» Қазақстан халқының дауыс беруіне түседі. Осыған байланысты Д.Абаев комиссия мүшелеріне қайырылды. «Біз сіздерден қоғамдық онлайн-дауыс беруге қатысулары үшін 300 кандидаттан тұратын тізімді қалыптастыруға ұсыныстар күтеміз. Интернеттегі дауыс беру қазан айының басына жоспарланып отыр», – деді министр. Ол барша қазақстандықтарға өз дауысын беру мүмкіндігі ұсынылатынын қадап айтып: «Біз барлығыңызды осы үдеріске белсенді қатысуға шақырамыз. Халықтық дауыс беруді қазан айының соңына қарай аяқтауды көздеп отырмыз. Содан кейін дауыс саны есептеліп, Қазақстанның 100 жаңа есімінің ақырғы тізімі жарияланады», –  деді ол. «Сонымен қатар олардың «табыс тарихын» ақпарат құралдарында жан-жақты насихаттау және көрсету аса маңызды. Сонда ғана бұл шара тәрбиелік әрі идеологиялық тұрғыдан өз жемісін бермек. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Қазақстан халқы ассамблеясы бұл бағытты іске асыру бойынша жүйелі шараларды қолға алуда. Атап айтқанда, 100 жаңа есім атануға үміткер азаматтар туралы қазірден деректі фильмдер циклі түсірілуде», – деді министр. «Қазконтент» АҚ-тың басқарма төрағасы Евгений Кочетов интернет арқылы дауыс беруде «бір адам – бір дауыс» қағидаты жүзеге асырылуы үшін әрі дауыстарды жасанды түрде еселеуге жол бермеу мақсатында сайтта тіркелу қарастырылғанын жеткізді. Тіркелуді «электрондық пошта арқылы» немесе «әлеуметтік желідегі аккаунттар арқылы авторизациялану» жолымен жүзеге асыруға болады. Бұл ретте интернет пайдаланушы көп дегенде тек 3 үміткерді ғана жақтап, дауыс бере алады.