Көршіге берілген көп көмек

Көршіге берілген көп көмек

Көршіге берілген көп көмек
ашық дереккөзі
Қазақ халқы көрші ақысын жете түсінген. «Көрші ақысы – тәңір ақысы» деп қоңсылықты ерекше қадірлеген. Жан-жағында тіршілік етіп жатқан жұртпен әрдайым тату тұрған. Бауырды да, басқаны да жанына жақын тартып, көмек беруге асығатыны сондықтан. Ел аузында «Алыстағы туысыңнан қасыңдағы көршің артық» деген нақыл сақталған. Расымен де, басқа іс түскенде жырақтағы ағайыннан гөрі жәрдем беруге жүгіретін де, қуанышпен алдымен бөлісетін де жанашыр – көрші. Төсекте басы, төскейде малы қосылып, қоңсылас, көршілес жатқан қазақ пен қырғыздың байланыстары ешқашан үзіліп көрген жоқ. 2003 жылдың сәуірінде Мәңгілік достық туралы келісімге қол қойылса, бүгінгі күнге дейін екі ел арасындағы құқықтық келісім базасында 200-ге жуық құжат бекітілген екен. Қазақстанның Қырғызстан экономикасының жандануына да қосып жатқан үлесі аз емес. Бүгінде осы елге инвестиция құюшы 49 мемлекет болса, солардың ішінде Қазақстан ең алдыңғы орында. Тек 2008 жылдың өзінде еліміз қырғыз экономикасына 151,4 млн доллар құйған. 2007 жылы қазақстандық капитал негізінде ашылған кәсіпорындарда 8 мың адам жұмысқа тұрып, өз нәпақаларын табуда. Сонымен бірге, қазақстандықтар стратегиялық маңызы бар салаларға да инвестиция құюда. Ол – су энергетикасы, кен өндіру, газ тасымалы сияқты маңызды салалар. Қырғызстанның қазіргі экономикалық әлеуеті бұрынғы жылдармен салыстырғанда біршама тәуір. Бұған елде ерекше даму үдерісіне түскен жеңіл өнеркәсіп, соның ішінде тоқыма-тігін ісінің адымдап дамып жатқанын айтуға болады. Қазір қырғыздар өз елін ғана емес, таяу жатқан мемлекеттердің халқын да киіндіріп жүр. Алайда тоқыма өнеркәсібі елдің бүкіл шығындарын жаба алмайтыны түсінікті. Халықтың тұрмысын түзейтін әлеуметтік-экономикалық факторларды жүзеге асыруға қаражат жағы жеткіліксіз. Осыдан жеті жыл бұрын Қазақстан Қырғызстанға жалпы салмағы 200 тоннадан асатын, құны 22 млн теңгеге бағаланған 3 вагон гуманитарлық көмек жөнелтті. Бұдан бөлек құрылыс материалдары да жіберілді. Сондай-ақ, саяси дағдарысқа ұшыраған Қырғызстанға қол ұшын беру мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде жұмыстар атқарылғаны есте. 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен жылы көршілес қырғыз еліндегі жағдай ЕҚЫҰ-ны да, оған төрағалық еткен Қазақстанды да алаңдатты. Ал Қазақстан ұйымға төраға ретінде ЕҚЫҰ-ның мүмкін-дігін пайдаланып Қырғызстанға көмек көрсетудің жолын қарастыра келе, Сыртқы істер министрлерінің жиынында қатысушылар Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыруға Ұйым ықпал етуі қажет деген ұйғарым жасады. Арнайы құрылған мамандар тобы қырғыз ағайындармен бірлесіп, қолдау-көмек көрсетудің кезек күттірмес шараларын анықтады. Қираған, өртелген нысандарды қайта қалпына келтіруге қажетті құрылыс материалдары, жылу-энергетика орталығы үшін отын жеткізілетін болды. Сол тұста Қазақстанның Қырғызстанға көрсететін көмегінің жалпы көлемі 10 миллион долларды құрады. «Соңғы 5 жылдағы екі мемлекеттік төңкерістің басты себептері – экономиканың дамымағандығы, халықтың кедейлігі, билік тіктемесінің әлсіздігі және мемлекеттің қалыптасу кезеңіндегі демократиялық институттардың тұрлаусыздығы болды» деген-ді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстандағы жағдайға байланысты. Экономикалық тоқыраудан еңсесін енді ғана тіктей бастаған мемлекетке қолдау әлі де ауадай қажет. Қайбір жылы Қазақстан Қырғызстанға1 мың тонна бидай жеткізіп берді. «Сыбайлас жемқорлық билеген режим тұсында азық-түлік қоры жаппай талан-таражға түсіп, сатылып кеткен. Наурыз оқиғаларынан кейін Қырғызстанның жаңа үкіметі Қазақстан тарапынан қолдауға мұқтаж» деген қырғызстандық саясаткерлер Қырғызстанның ауылшаруашылығы өнімдерін сатушылар үшін Қазақстан үкіметі жеңілдіктер қарастырғанын да қуана хабарлаған болатын. Ал осыдан біраз жыл бұрын Қазақстан Республикасының Үкіметі Қырғызстан Республикасына тағы да қайтарымсыз гуманитарлық көмек көрсетті. «27-28 тамызда Беловодское темір жолына Қазақстан Республикасынан 5 мың адамға арналған шатыр, жылыту пеші, төсек-орын, ас-үй керек-жарақтары түрінде гуманитарлық көмек жеткізілді», – делінген хабарламада. Сол сияқты биылғы жылдың тамыз айында Қазақстан Қырғызстанға 100 млн доллар шамасында көмек көрсететінін жеткізді. Парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтіп, онда Палата бірқатар ратификацияланатын актілер пакетін мақұлдады. Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуының жол картасын орындау мақсатында 2016 жылы 26 желтоқсанда екі ел арасында Қазақстан тарапынан көмек ретінде 100 млн доллар бөлу келісіміне қол қойылған болатын. Кейбір мәліметтер бойынша, 100 миллион доллар Қырғызстанның Еуразиялық одақта белсендірек болуы үшін қайтарымсыз түрде берілмек. Fars ақпараттар агенттігінің хабарлауы бойынша, Ыстықкөлде өткен 4-ші экономикалық конференцияда Қырғызстан Республикасының қаржы министрінің орынбасары Алмаз Сазбақов пен ҚР-ның қаржы министрінің орынбасары Қанат Баеділов Астана тарапынан Бішкекке 100 млн доллар көмек беру туралы меморандумға қол қойды. Қырғызстан Республикасы қаржы министрінің орынбасары отырыстың соңында: «Қырғызстанның экономикасы жаһандық экономиканың жаңа жағдайымен көбірек үйлесуі үшін Қазақстан осы елдің жобаларын қаржымен қамтамасыз етеді», – деді. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанның ЕАЭО-мен сыртқы тауар алмасуы биыл алғашқы екі айда 37 пайызға артқанын, Қырғызстанмен тауар алмасу көлемі 41 пайызға жоғарылағанын және бұл өсімді сақтап, даму жолындағы кедергілерді жою қажетін айтып, «Қырғызстан экономикасын ЕАЭО шарттарына бейімдеу үшін көмек беруге шешім қабылданып, құжаттар Еуразиялық комиссияға жіберілді. Бұдан ары көмек беруді жалғастыра береміз», – деген-ді. Демек, екі елдің бір-біріне қолдауы, көмегі қашан да қажет.