Жаңалықтар

Қырғыз парламенті Қазақстанмен шекарадағы жағдайды жабық талқылайды

ашық дереккөзі

Қырғыз парламенті Қазақстанмен шекарадағы жағдайды жабық талқылайды

Қырғызстан парламентінің 1 қарашадағы отырысында қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайды талқылау ұсынылды. Бұл туралы бастаманы көтерген биліктегі Социал-демократиялық партиясы (СДП) фракциясының депутаты Улан Примов отырысқа үкімет мүшелерін де шақыру қажетін айтты. - Біз соңғы 20 күнде жағдай өзгермегенін көріп отырмыз. Үкімет барлық қолдан келер нәрсені жасап жатыр, Астана мен Ереванда кездесулер өтті, бірақ ешнәрсе өзгермеді. Премьер-министрді, тиісті министрліктер мен ведомство басшыларын шақырған дұрыс болар еді. Депутаттар өз идея, ұсыныстарымызды айтуымыз керек. Үкіметке жағдайдан шығуға қалай көмектесуді талқылайық. Бұл қауіпсіздікке де қатысты нәрсе ғой. Қажет болса, жабық түрде талқылайық. Қыс та таяп келеді, ал үш-төрт айдан соң көктемгі егіс жұмыстары басталады, - деді Улан Примов. Бұған жауап берген парламент спикері Дастанбек Жумабеков 2 қарашаға үкімет сағаты белгіленгенін айтып, бұл мәселені сол отырыс аясында талқылауды ұсынды. Бірақ дауыс беруден соң Примовтің ұсынысы көпшілік дауыспен қабылданды. 10 қазаннан бастап екі ел шекарасында тексеру күшейтіліп, Қазақстанға өтетін адамдар мен көліктер кезегі пайда болған. Тексерудің күшейтілуінен ең алдымен тез бұзылатын азық-түлік таситын үлкен жүк көліктерінің жүргізушілері зардап шегіп жатыр. 18 қазанда Астанада өткен келіссөздер барысында екі елдің үкімет жетекшілері келесі күннен бастап жолаушы көліктері мен жүгі бар адамдарды шекарадан өткізуді жеңілдету туралы уағдаласқан. Бірақ жүк көліктерінің жүргізушілері жағдай әлі өзгермегенін, Қазақстан жағының тексеру мен өткізуді кідіртіп, бұрынғыдай шекарада тәуліктеп кезек күтіп жатқанын айтады. Ресми Астана шекарадағы тексеру Қырғызстан арқылы өтетін контрабанданың алдын алу деп түсіндіреді. 26 қазанда Қырғызстан экономика министрі министр Артем Новиков Қазақстан шекара мәселесін реттеу жөніндегі жол картасына қол қоюдан бас тартқанын мәлімдеген.