Ендігі меже – жазғы Азия ойындары

Ендігі меже – жазғы Азия ойындары

Ендігі меже – жазғы Азия ойындары
ашық дереккөзі
Биыл тұңғыш рет төл спортымыз – қазақ күресі жабық ғимаратта өтетін Азия ойындарының бағдарламасына енді. Түркіменстан астанасы Ашхабадта өткен дүбірлі додада қазақ балуандарының айбынына әлем назары ауды. Бел мен білекті ғана емес, жүректі де қажет ететін ұлттық күресімізге деген құрмет еселене түсті. Төл күресімізді осы жарысқа қосу мәселесі өткен жылы Түркияның Станбұл қаласында күрес түрлері жөнінде өткен форумда шешілген болатын. Ал биыл Бүкіләлемдік күрес одағының (United World Wrestling) президенті Ненад Лалович пен Азия Олимпиада кеңесінің президенті Шейх Ахмед әл-Фахад әл-Ахмет әл-Сабах ұлттық күресімізді 2017 жылғы Азия ойындарының бағдарламасына енгізу келісіміне қол қойды. Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының вице-президенті Серік Түкеевтің айтуынша, мұндай мәртебеге қол жеткізу үшін аз тер төгілмеген. «Соңғы 12 жылда біз 7 әлем, 11 Азия біріншілігі, 3 әлем кубогы, 3 Еуропа мен Африка біріншілігін өткіздік. Біріккен әлемдік күрес одағы федерацияның төл күресімізді дамытудағы еңбегін ескере отырып,  бізді мүшелікке қабылдап, ерекше мәртебеге ие болдық.  Алайда Қазақ күресін Азиада бағдарламасына қосу мәселесі бірден шешілген жоқ. Бүкіләлемдік күрес одағымен ұзақ уақыт келіссөз жүргіздік. Былтыр біз Түркияның Станбұл қаласында күрес түрлері жөнінде өткен форумда қазақ күресін осы жарысқа қосу туралы өтініш жасадық. Оған Қазақстан атынан Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті, Азия федерациясының президенті Марат Шәмшінұров пен оның орынбасары Айдархан Қабдолла қатысып, төл күресіміздің тарихы, қазіргі кездегі даму деңгейі туралы баяндама жасады. Жиында Қазақстан делегаттарының баяндамасы көптің көңілінен шығып, 70-тен астам елдің өкілдері бірауыздан ұлттық күресімізді жарысқа қосу туралы өтінішімізге дауыс берді. Ал жақында Бүкіләлемдік күрес одағының президенті Ненад Лалович пен Азия Олимпиада кеңесінің төрағасы Шейх Ахмед әл-Фахад әл-Ахмет әл-Сабах қазақ күресін жабық ғимаратта өтетін Азия ойындарының бағдарламасына қосу туралы келісімшартқа қол қойды», – дейді Серік Түкеев. Алғаш рет осындай ауқымды дода бағдарламасына енген ұлттық спортымыз Ашхабадта жанкүйерлер назарын ерекше аудара білді. Үш салмақ дәрежесі ұйымдастырылған жарысқа елімізден үш балуан аттанған болатын. Үшеуі де намысты қолдан берген жоқ. 8 қыркүйек күні Астанада өткен Әлем барысында үздік шыққан Айбек Нұғымаров 90 келіден жоғары салмақта қарсылас шыдатпады. Отандасымыз тәжік балуаны Диловар Гуловты, түркімен балуандары Кууат Нуреу және Назар Дурдиевты жеңіп, финалға шықты. Шешуші белдесуде Айбек қырғызстандық Тілек Қуаловтан айласын асырып, ел қоржынына алтын медаль салды. 70 келіге дейінгі балуандар белдесуінде Қасымхан Түленбай Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Финалда түркімен балуанынан басым шықты. Ал 80 келіге дейінгі салмақта белдескен Әділжан Ыстыбаев қола медальді қанағат тұтты. Бұл балуандарымыз үшін де, қазақ күресі үшін де зор жетістік. Түркімен елінің астанасындағы қазақ күресіне 11 елден келген балуандар бақ сынады. Келесі Азия ойындарында қазақ күресіне қызығушылық артып, қатысушылар саны  көбейе түседі деген сенімдеміз. Алда өтетін жазғы Азия ойындарының бағдарламасына енсе, нұр үстіне нұр болар еді.