Тоғызқұмалақ: әлем үздіктері анықталды

Тоғызқұмалақ: әлем үздіктері анықталды

Тоғызқұмалақ: әлем үздіктері анықталды
ашық дереккөзі
  Тоғызқұмалақтан ІV Әлем чемпионаты Астанада өз мәресіне жетті. Әлемнің 25 елінен келген 70-тен астам спортшы өз шеберліктерін көрсетіп, көрермендерді тәнті етті. ЭСКПО-2017 көрмесі аясында өткен халықаралық турнирді Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Астана қаласы әкімдігі ұйымдастырды. Айтулы додаға АҚШ, Антигуа мен Барбуда,   Ауғанстан, Әзербайжан, Германия, Грузия, Колумбия, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Монғолия, Өзбекстан,  Ресей, Сирия, Тәжікстан, Түркия, Түркіменстан, Үндістан, Ұлыбритания, Чехия, Швейцария сияқты мемлекеттерден, яғни, әлемнің төрт құрлығынан спортшылар қатысты. Австрия, Камерун, Польша және Украина спортшылары тұңғыш рет тоғызқұмалақтан әлемдік аренада сайысқа түсті. Жарыстың жабылу салтанатында Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов пен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов жылы лебіздерін білдірді. Қатысушалр алдында сөз алған Әлихан Байменов: «Біз үшін кез келген халық­аралық турнирде тек жеңімпаздарды анықтау ғана емес, ұлттық зияткерлік ойынымыздың әлемге таралуы әрі насихатталуы, жаңа деңгейге көтерілуі де маңызды», – деп баса айтты. Чемпионат ерлер және әйелдер арасында жеке-жеке тоғызқұмалақтың классика, рапид, блиц түрлері бойынша өтті. Алғаш рет осы чемпионатта тоғызқұмалақтан жұптық командалық жарыс болады. Оған әр мемлекеттен 1 ер, 1 әйел адам қатысты. Зияткерлік «жекпе-жектер» нәтижесінде Қазақстан, Қырғызстан және Моңғолия спортшылары жеңіс тұғырынан көрінді. Сонымен қатар, 6 тамызда өткен федерация жиынында тоғызқұмалақтың әлемде таралу аясын кеңейту, әдістемелік, ақпараттық, ұйымдастыру мәселелері талқыланып, кадрлық шешімдер қабылданды. Атап айтсақ, Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясы Президенті лауазымына – Әлихан Байменов, Вице-президент лауазымдарына –  профессор Жан Решитский ( Швейцария), Рауф Өзген ( Түркия), Асылxан Сәкей (Монғолия), Дастан Қапаев (Қазақстан), ал Бас xатшылыққа – Мақсат Шотаев сайланды. Ал тоғызқұмалақтан келесі V әлем чемпионаты 2019 жылы Түркияда, Еуропа чемпионаты  2018 жылы Францияда, ал Азия чемпионаты 2018 жылы Моңғолияда өтетін болды.