Жаңалықтар

Айбек – «Әлем барысы»

ашық дереккөзі

Айбек – «Әлем барысы»

Астанадағы «Барыс Арена» мұз айдыны сарайында қазақ күресінен «Әлем барысы» абсолютті әлем чемпионатының турнирі өтті. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясындағы шаралар тізіміне енген биылғы додаға әлемнің 40-қа тарта елінен ең мықты деген 42 балуаны қатысып, бақ сынады.  Олардың бесеуі сайдың тасындай іріктелген өз жігіттеріміз. Атап айтқанда – Айбек Нұғымаров, Ержан Шынкеев, Еламан Ерғалиев, Дәурен Нұралиев және Айбат Сейтен. Қатысушылардың ішіндегі ең ауыры Жаңа Зеландия жігіті Чико Реремоана Пембертон салмақ өлшеу рәсімінде 175 келі тартты. Ресейлік Рустам Арсланов (159 келі) және Аргентина алыбы Лучино Дель Рио (146 келі) дәл осы көрсеткіш бойынша үштікке енді. Тартысты өткен белдесулердің қорытындысы бойынша бас бәйгені 2013 жылғы «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров пен дзюдодан 2017 жылғы Еуропа чемпионы, Грузия балуаны Гурам Тушишвили сарапқа салды. Грузин жігіті жартылай финалда біздің Ержан Шынкеевті ұтқан. Финалды да тәп-тәуір бастап, бірден шабуылға көшті. Әрі бүк ұпайын еншілеп, алға да шықты. Алайда Айбек қапысын тауып, таразы басын теңестірді. Ал үшінші орын үшін өткен белдесуде Ержан Шынкеев Моңғолиядан келген қандасымыз Серік Бердімұраттан басым түсті. Негізі Серік бауырымыз да білекті жігіт еді. Бірақ Ержанның мысы басты ма, әлде жартылай финалдағы өкініші әлі басыла қоймаған ба, төртінші орынмен шектелді. Сөйтіп Айбек Нұғымаров «Әлем барысы» абсолютті әлем чемпионатының жеңімпазы атанып, 15 млн теңге алатын болды. Күміс жүлдегерге 5 млн, ал қола жүлде алған балуанға 3 млн теңге бұйырды. Осы ретте айта кетейік, 10-орынға ие болған балуандарға ақшалай жүлде табыс етілді.