Жаңалықтар

Кітап –  рухани азық

ашық дереккөзі

Кітап –  рухани азық

Алматы қаласында «KitapFest-2017» фетивалі өтті. Аталмыш шараны Алматы қаласының әкімдігі, «Нұр Отан» партиясы, «Бауыржан» қайырымдылық қоры мен Еуразиялық франчайзинг қауымдастығы ұйымдастырды. Фестивальдің басты мақсаты – балалар мен жастар арасында кітап оқу үрдісін насихаттап, адамдарды техника мен ғаламтор жайлаған заманда  кітап оқудан бас тартпауға шақыру. Ал Алматыда өткен кітап фестивалінің басты ерекшелігі – жастарға заман ағымы өзгергенімен, кітап оқу дәстүрі артта қалмайтындығын, кітаптан нәр алу әрдайым рухани азық екенін ұғындыру. Биылғы жылы төртінші рет ұйымдастырылып отырған фестиваль алматылықтар арасында үлкен сұранысқа ие. Фестивальге бұл жолы 25-тен астам кітап баспалары мен дүкендері қатысты. Бұл шара барысында жұртшылық оқыған кітаптарын өзге қызықты кітаптарға ауыстыруға мүмкіндік алды. Фестиваль аясында кітап жәрмеңкесі, түрлі семинарлар, кітап көрмесі, танымал кітап авторларымен кездесулер ұйымдастырылды. Сонымен қатар, арнайы құрылған шатырларда танымал кітаптар жеңілдікпен сатылды. Ал семинарлар кезінде оқырмандар I Book You жобасының авторы Марина Шарипова, Айна Досмехаметқызы, танымал кітап видеоблогының авторы Алия Қадырова, журналист Мәди Мәмбетов, танымал пиар маманы Сауле Серғазинова сынды қазақстандық публицистер және ақын-жазушылармен жүздесті. Жазушылар шатырында Жазушылар одағынан Ғалым Жайлыбай, Серік Асылбекұлы, Сәуле Досжанова, Гүлзада Ниетқалиева өздерінің шығармашылықтары жөнінде ой бөлісті. Кітап әлеміндегі шара аясынан Алматының танымал ірі кітапханалары да қалыс қалмады. Олардың дайындаған бағдарламалары арқасында әр оқырман өзінің жанына жақын әрі қажеттісін тапты.Мәселен, Бегалин атындағы кітапхана өз шатыр аймағында кітаптардың тұсаукесерлерімен қатар, түрлі акциялар мен конкурстар ұйымдастырды. Фестиваль  ұйымдастырушысы «Бауыржан» қайырымдылық қоры «Кітап сыйлап, мейірім сыйла» атты қайырымдылық акциясын бастап, фестиваль аясында Педиатрия ғылыми орталығының балалар гематологиясы және қан аурулары бөліміне, наркологиялық орталық пен  қаламыздың түзету колонияларына жөнелтетін бірқатар кітаптарды жинақтады.