Гамбургте желбіреген көк ту

Гамбургте желбіреген көк ту

Гамбургте  желбіреген көк ту
ашық дереккөзі
  2017 жылдың 25 тамызында Германияның Гамбург қаласында басталған бокстан әлем чемпионаты  3 қыркүйекте өз мәресіне жетті. Бұл дүбірлі додаға  әлемнің 85 елінен 280 былғары қолғап шеберлері айқасқа түскен еді. Қазақстаннан 49 келі салмақта Ержан Жомарт, 52 келіде Азамат Исақұлов, 56 келіде Қайрат Ералиев, 60 келіде Әділет Құрметов, 64 келіде Бекдәулет Ибрагимов, 69 келіде Абылайхан Жүсіпов, 75 келіде Әбілхан Аманқұл, 81 келіде Ерік Әлжанов, 91 келіде Василий Левит, аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев шаршы алаңға шығып, өз күштерін сынап көрді. Айта кететін бір жайт, құрамның сексен пайызы елімізде алдын ала өткізілген іріктеу жарысында өз шеберліктерімен танылып, топ жарған жастар. Алғашқы жарыс күнінде,  өкінішке қарай, сүрінгендер де, жеңісімен қуантып, жекпе-жек айқасты жалғастырғандар да болды. Жомарт Ержан ресейлік Василий Егоровты айқын басымдықпен жеңіп, жартылай финалға шықты. Алайда кубалық боксшы, әлем чемпионы Жоанисом Аргилагоға есе жіберіп алды. Қайрат Ералиев турнир иесі, неміс боксшысы Омар Эль-Хагамен қолғап түйістіріп, оны соққының астына алып, жарыс жолынан тайдырды. Ал кезекті айқаста Еуропа чемпионы, британдық Питер Макгреймен шығып, қарсыласын тізе бүктіріп, финалдық кездесуге жолдама алды. Ол шешуші жекпе-жекте американдық Дюк Рэганды шыңдалған шеберлігінің арқасында айқын басымдықпен жеңіп, алтыннан алқа тағып, чемпиондық тұғырға көтерілді. Абылайхан Жүсіповтің итальяндық боксшымен жекпе-жегі оңайға соққан жоқ. Аса тартыспен өткен сайыста төрешілер алқасы итальяндық шебердің қолын көтерген болатын. Алайда АИБА өкілдері бұл шешімді қате деп тауып, оларға түйінді мәселені қайта қаратып, Жүсіповтің жеңгенін хабарлатты. Абылайхан жартылай финалда Венесуэладан келген Габриэл Маэстр Переспен алаңға шыққан. Перес мерзімінен бұрын жеңіске жетуді көздегені соққыларынан көрініп тұрды. Жүсіповтің қабағынан қан саулап аққанда қазақ жанкүйерлері жеңістен үміттерін үзген еді. Бірақ біздің жігіт ерледі. Ауыр соққыларын қардай боратып, қарсыласының ойын жүзеге асыруына мүмкіндік бермей 3:1 есебімен жеңіске жетті. Дегенмен жартылай финалда өзбекстандық Шахрам Гиясовтан жеңіліп, қола медальға ие болды. Тараздық Әбілхан Аманқұлов Кубаның айтулы боксшысы, әлем және олимпиада чемпионы Арлен Лопеспен шаршы алаңда қолғап түйістіріп, жеңіске деген құлшынысының арқасында азулы қарсыласына көп соққыларын дарытып, басымдығын байқатып, барша жанкүйерлерін бір серпілтіп тастады. Ол жартылай финалда Әзірбайжан өкілі Камран Шахсуварлымен кездесті. Бұл қарсыласы Рио олимпиадасында  Лопестен ғана жеңіліс тапқан болатын. Әбілхан алғашқы раундта-ақ әзірбайжан боксшысын соққының астына алып, кездесу соңында жеңіске жетті. Әбілхан шаршы алаңдағы шешуші айқаста Еуропа біріншілігінің чемпионы, украиндық Александр Хижнякпен қолғап  түйістірді. Жұрт Әбілханның жеңіске, алтыннан алқа тағатынына сенімді еді. Бірақ айқас нәтижесі жұрт күткендей болмады. Жеңіс тұғырына Хижняк көтерілді. Ауыр салмақтағы жерлесіміз Василий алғашқы кездесуінде австралиялық боксшы Джейсон Уотлиді 5:0 есебімен тізе бүктірді. Жартылай финалда өзінің ежелгі қарсыласы кубалық Эрсиланди Савонмен шаршы алаңға шықты. Олар бұдан бұрын бірнеше рет қолғап түйістірген – бірде жеңіп, бірде жеңіліп жүрген сыралғы қарсыластар еді. Жұрт Левиттан Савонды жеңетініне, Рио олимпиадасында төрешілердің жорта бұруымен жеңіске жеткен қарсыласы ресейлік Евгений Тищенкомен қолғап  түйістіретініне  сенген еді. Өкінішке қарай, бұл жолы Левит кубалыққа есе жіберіп, қола медальді қанағат етті. Аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев та осы біріншілікте өзін жақсы  жағынан  көрсете білді. Қарсыласы өзбек боксшысы Баходир Джалоловпен  өткен жылы Ташкентте өткен  айтулы жарыста  қолғап  түйістіріп, жеңілістің ащы дәмін татқан болатын. Бұл жолы есе қайыру үшін аянбай барын салды. Қамшыбек қарсыласын үшінші раундта ауыр соққылардың астына алып, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Жартылай финалда Камеруннан келген Арсен Фокты аса қиындықсыз тізе бүктірді. Чемпиондық айқаста Әзірбайжанның үкілеп жүрген боксшысы Магомедрасул Меджидовпен шаршы алаңға шықты. Өзара тартысты өткен сайысты жұрт тең аяқтағанға балаған. Бірақ төрешілер Меджидовтың сәл ғана басымдықпен жеңіске жеткенін хабарлағанда Қамшыбектің қолынан алтын жүлденің сусып шығып кеткенін байқаған жанкүйерлер оның алдағы біріншіліктерде есе қайтаратынына бек  сенді. Жалпы біріншілік есебінде 5 алтынды қанжығаларына байлаған Куба боксшылары бірінші орынға көтерілсе, Өзбекстан жігіттері 1 алтын, 3 күміспен екінші орынды иемденді. Ал біздің былғары қолғап шеберлеріміз 1 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлдемен үшінші орынды қанағат тұтты.

Астанада айтулы бокс кеші

Қазіргі  күндері «Қазақ» Қанат Ислам бастаған айтулы кәсіпқой бокс шеберлері «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрме аумағында өздерінің соңғы жаттығуларын өткізуде. 9 қыркүйек күні олар Астана төрінде қарсылас  былғары  қолғап  шеберлерімен қолғап түйістіреді. Жанқош Тұраров, Жәнібек Әлімханұлы, Руслан Мырсатаев, Айдос Ербосынұлы, Нұрсұлтан Жаңабаев туған жерде  өз шеберліктерін танытпақ. Бұл кездесуде ең басты жекпе-жек Қанат Ислам мен канадалық Брэндон Куктың арасында өтпекші. Қанаттың айтуына қарағанда, қарсыласы осал емес. Ол осы кездесуге дейін 18 рет шаршы алаңға шығып, бәрінде жеңіске жеткен. Ал Қанат Ислам қарсыластарымен 24 рет қолғап түйістіріп, оның 19-ында мерзімінен бұрын жеңіске жетсе, қалғандарын ұпай санымен ұтқан. Ел намысын қорғап, байрақты Көк жалауды желбіретіп жүрген Қанат бауырымыздың бұл жолы да жеңіске жетіп, қалың қазақтың сенімін ақтайтыны кәміл.