Жаңалықтар

Мүгедектерге микронесие алу жеңілдетілмек

ашық дереккөзі

Мүгедектерге микронесие алу жеңілдетілмек

Жақында Астанада сайлауалды тұғырнамасының «Жұмыспен қамту және тұрғындардың табысы» бағыты бойынша,  партиялық куратор, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Ольга Киколенко басқарған  сарапшылар тобының отырысы өтті. Жиынға мәжіліс пен мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ағымдағы жылдың маусымында «бір терезе» қағидаты бойынша мүмкіндігі шектеулі жандардың микронесие алуы бойынша жұмысты ретке келтіруді жоспарлауда. «Мау­сымда «бір терезе» қағидаты бойынша жұмысты қарастыратын бағдарламалық өнім іске қосылады. Оның шеңберінде жұмысқа орналастыру, микронесие алу, мүмкіндігі шектеулі жандарды дербес кәсіпкер ретінде тіркеу, сондай-ақ, олардың міндеттемелері бойынша ескертпелерді табыс ету жоспарлануда», ‒ деді Светлана Жақыпова.  Вице-министр микронесие үшін өткен жылы бюджеттен 20 млрд. теңге бағытталғанын, ағымдағы жылы оңтайландыру жағдайында бюджеттің – 10,600 млрд. теңге шегінде болатынын атап өтті. «Бүгінгі күні микронесие бойынша мүліктік кепілдік бойынша көрсеткіштер жақсарды. Мүліктік кепілдік ретінде сәйкесінше мерзімі бойынша ешқандай шектеусіз барлық құрылыстар қабылданатын болады. Мүліктік кепілдіксіз микронесиеге 500 мың теңгеге дейін беріледі», ‒ деп толықтарды ол. Қазіргі кезде Қазақстанда 626,7 мыңнан астам мүгедек өмір сүруде, олардың ішінде 64,5 пайызы еңбек етуге қабілетті жас­та болса, 16 пайызы  денсаулық жағдайы бойынша жұмыс істей алатын болып шықты. Сонымен қатар, елімізде  82,6 мың адам жұмысқа тұрғандығы анықталды. «2015 жылдың бірінші тоқсанын қосқанда, 2011 жылдан бері жұмысқа тұру орталықтарына 30900 мүгедектігі бар адам келген. Олардың ішінде аумақты дамыту бағдарламасы шеңберінде 17,5 мың адам жұмысқа орналасты. 2014 жылы 5 654 адам бағдарламаның қатысушысы болды. Оның ішінде инфрақұрылымдық жобалардағы әлеуметтік-мәдени нысандар мен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жөндеу бойынша 482 адам жұмысқа орналасты»,‒ деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова. Сонымен бірге, 2015 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша, 2,3 мың мүмкіндігі шектеулі жан жұмыспен қамту бойынша барлық іс-шаралармен қамтылған. Бұл жоспарланған көрсеткіштің 25,2 пайызын құрайтындығы анықталып отыр. Cонымен қатар, 967 адам қоғамдық жұмыстарға жіберіліп,  322 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған. «Кәсіпкерлік қызметке тарту мақсатында 402 адам кәсіпкерлік негізі бойынша оқудан өтті. 397-ден астам микронесие алды, олардың ішінде мүмкіндігі шектеулі 281 адам жеке ісін ашты. Сонымен бірге кәсіпкерлер үшін 7 жұмыс орны ашылды. Экономикалық әлеуеті төмен тұрғындар мекенінен 14 мүгедек отбасымен экономикалық өсімді орталықтарға көшті», ‒ деді отырыс барысында вице-министр. Жиын соңында алдағы уақытқа жұмыспен қамту мәселесі бойынша бірқатар міндеттер қойылды.

Астана қаласы