Әуелеген «Әлия» екінші атына айналған

Әуелеген «Әлия» екінші атына айналған

Әуелеген «Әлия»  екінші атына айналған
ашық дереккөзі
Оны әріптестері де, тыңдармандары да «қазақ эстрадасының примадоннасы» деп атайды. Ел берген бұл атаққа оны әуелі таланты, одан кейін табандылығы жеткізді. Әуелеген «Әлиясымен» халық жүрегін жаулаған әншінің сахнада жүргеніне биыл 40 жыл. Өнерге адалдықтың, музыкаға іңкәрліктің үлгісін көрсеткен 40 жыл. Қажырлы еңбектің арқасында халықтың шетсіз, шексіз ықыласына бөленген 40 жыл. Қатар құрбыға, өкше басқан сіңліге өнердегі өлшем болған 40 жыл. Ол әлі де қазақ эстрадасына тәй-тәй басып келетін талай таланттың  ұмтылар биігі болатыны анық. Өйткені миллиондардың арасынан жазбай танитын оның ғажап дауысы өз бабында, сыры мен сымбаты сол қалпында. Тыңдарманның оған деген сүйіспеншілігі де кеміген жоқ, керісінше халықтың дара қызына деген құрметі жылдар өткен сайын еселене түсті. Қазақстанның халық әртісі, халықаралық байқаулардың лауреаты, қазақтың атын әлемге танытқан дара дарын, күміс көмей әнші, ұлағатты ұстаз Роза Рымбаева күні ертең 60 жасқа толмақ. Бірақ өмірдегі алпыс та, өнердегі қырық та  шын талантқа меже емес. Жаңғызтөбеден шыққан жампоз қазақтың байтақ даласын әлі талай әдемі әндерімен тербейтіні анық. Өнердегі әріптестері де Роза Қуанышқызының ұлт өнеріне адал қызметінен танбайтынына сенімді. Нұрғали Нүсіпжанов, Қазақстанның халық әртісі: ‒ Қазақ эстрадасының жаңа замандағы өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, қазақ қыздарының әлемдік музыка өнерінде биікке көтерілуіне бастамашыл болған Роза қарындасымыз – еліміздің маңдайына біткен жарық жұлдызы. Жылдар өтсе де дауысының бабы бұзылмайтын, сыры мен сымбаты өзгермейтін бірегей өнер иесі. Осыдан 40 жыл бұрын қазақ сахнасына құбылыс болып келіп, ғажап үнімен баураған Роза қыз қандай болса, әлі де сол қалпынан танбаған. Дауысының бояуын, қазақ қызына тән сұлулығын жоғалтпай, халқына адал қызмет етіп келеді. Бір өкініштісі, Тасқынның өмірден ерте өткені. Екеуі қос қарлығаштай көз сүйсінтіп шығып еді. Розаның тұғырының мықты болуына Тасқын көп еңбек сіңірді. Оның бәрін Роза ақтады, өнердің шыңына көтеріліп, қазақтың мақтанышына айналды. Ұлттың өнері осындай таланттарымыздың қажырлы еңбегі, музыкаға деген шексіз сүйіспеншілігінің арқасында жасай бермек. Сондықтан қазақ эстрадасының бетке ұстар әншісі Роза Рымбаеваға мықты денсаулық, сарқылмас қайрат тілеймін. Төбесіне көтеріп құрметтейтін елінің қошеметіне, алтын асықтай ұлдарының қамқорлығына бөленіп жүре берсін дегім келеді.   Бағдат Сәмединова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі: ‒ Қазақ эстрадасында Роза Рымбаеваның алатын орны ерек. Ол – қазақ қыздарының ішінде Қазақстаннан тыс жерлерге шығып, елдің атын танытқан алғашқы қарлығашымыз. Қазір Ресейдің қай қаласына барсаңыз да, мейлі Мәскеу, мейлі Санкт-Петерборда болсын, Розаны жақсы таниды, әндерін біледі.  Ресейліктер оны қалай құрметтейтінін өз көзіммен көргенмін. Бірде Санкт-Петерборға гастрольдік сапармен бардық. Біз басқа мәдениет ошағында ән айттық, ол атақты Мариинск театрында өнер көрсетті. Жұмысым ертерек аяқталған соң, Розаға қолдау көрсету үшін сол театрға бардым. Концерттен соң орыс әжейлердің: «Помнишь ее в молодости? Ни чуть не изменилась, такая же хрупкая, изящная» деп Розаға сүйсініп бара жатқандарын естіп, осындай әнші өзімнің замандасым, құрбым, әріптесім екеніне шын қуандым. Розаны сахнадан жібергілері келмей, түрегеп тұрып ұзақ қол соққан көрерменді көріп, кеудемді мақтаныш кернеді. Қазір заман өзгерді. Эстраданың бағыт-бағдарында жаңалық көп. Заманауи музыканың қыр-сырын жетік меңгерген, әлемдік ән өнерінің мықтыларымен бәсекеге түсе алатын жастарымыз көп. Десе де солардың көш басында эталон болып Роза тұратыны анық. Әлі де халыққа берері көп. Әлі де даусының қуаты тайған жоқ. Концерттерінің бәрін тек қана оркестрдің сүйемелдеуімен өткізіп келеді. Кейде өзгелер фонограммамен шырқайтын ән кештерінде дайын жазбаны өшірткізіп тастап, өз үнімен әндетіп кетеді. Үйренбеген адамға фонограммамен ән салу қиын. Ән айту да спортпен айналысу сияқты тұрақты жаттығуды қажет ететін іс қой. Үніңді үнемі бабында ұстамасаң, бояуын жоғалтады. Бұл тұрғыдан алғанда Розаны мықты бапкер деуге болады. Қай сахнаға шықса да, қай кезде ән салса да – дауысы өзгермейді. Оның үнін миллиондардың арасынан ажыратып алуға болады, Розаның дара дауысын ешкіммен шатастыру мүмкін емес. Жүзін көрмесең, дауысын айырып болмайтын бүгінгі әншілер сондай даралыққа ұмтылса екен дейсің. Роза екеуміздің екі дуэттік әніміз бар. Даусымыз жақсы үйлесім табатындықтан болар, онымен бірге ән айту жанның рақаты. «Сен әнді жүрегіңмен айтасың, сол қасиетің ұнайды», – дейді маған. Ал мен оның әнді түсініп айтатынына, сол әннің кейіпкеріне айналып кететініне тәнтімін. Алла қуат берсе, әлі талай ән жазып, сахнаға бірге шығармыз. Дауысының мүмкіндігі кең болғандықтан, Розаға жанрдың да, әннің де жаттығы жоқ. Халық әндерін қалай құлпыртып жібереді десеңші. Кезінде «Балапан қазды», «Бипылды» қалай түлетті, «Керім-ау айдайды» қалай құбылтты. Бүгінгі әншілер халық әнін айтса, жаңа бояу қосамын дейді де, әннің берекесін кетіреді. Ал Роза, керісінше, бәріміздің құлағымызға сіңген әнді бұрынғыдан бетер байытып, жаңғырта түседі. Сахнада жүргеніне 40 жылдан асса да, Роза сол баяғы қыз күніндегідей әдемі. Сырт сымбаты қаз-қалпында. Оның бәрі үлкен еңбектің, мықты ерік-жігердің арқасы. Сахнаның адамы болғаннан кейін халықтың құлақ құрышын қандырып қана қоймай,  көзін де тойдыратындай сыр мен сымбаттың болуы маңызды. Қай қырынан қарасаң да, Розадан мін таппайсың. Нағыз талант, сахнаның хас шебері сондай болуы керек.   Ақжол Мейірбеков, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі: ‒ Роза Рымбаева – эстрада жанрында жарқ етіп шыққан жұлдыздардың бірі. Шығыс Қазақстан облысында туып, қарапайым теміржолшылар отбасында тәрбиеленген талантты қыздың өнерге деген махаббаты қасиетті Семей топырағынан бастау алған. Семейдегі музыкалық училищені бітірген соң арман қуып Алматыға келген бойжеткен театралдық-көркем өнер институтында өнердің қыр-сырын меңгереді. Сахнадағы алғашқы қадамын Республикалық «Гүлдер» жастар эстрадалық ансамблінің солисі боп бастаған Роза ә дегеннен-ақ көзге түсіп, 1977 жылы «Алтын Орфейді» жеңіп алады. Одан кейін «Қазақконцерт» бірлестігі жанынан құрылған «Арай» эстрадалық ансамблінің құрамында өнер көрсетті. Әншінің бағын ашатын – ән. Есімі қазақ даласына тегіс танылған Розаның халықаралық дәрежеде белгілі болуына С.Бәйтерековтің «Әлия» әні себепкер болды. Қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың әруағы қолдаған болар, осы әннен кейін Роза Рымбаеваның өнері өрлеу жолына түсті. Қазақ әншісінің есімі посткеңестік елдерге, Еуропаға танылды. «Әлия» Розаның екінші атына айналды десек, артық айтқанымыз емес. Роза Рымбаева 29 жасында Қазақстанның халық әртісі атанды. Мұндай дәрежеге екінің бірі қол жеткізе алмайды. Өйткені бұл – сайыста жеңіп алатын жүлде емес, бұл атақ – халықтың берген бағасы. Розаның ел арасында «Қазақ эстрадасының примадоннасы» атануы да – көптің сүйіспеншілігі, елдің ештеңеге сатылмайтын ықыласы. Роза баршамызды өнерімен ғана емес, қарапайымдылығымен де баураған жан. Атағы Алты Алашты былай қойғанда, әлемге жетіп тұрса да, көкірек кергенін көрген емеспіз. Үнемі ұстамды, кішіпейіл қалпынан танбайды. Дуэт боп ән айтайық деп ұсыныс жасаған жастардың бетін қайтармайды. Ақыл сұраған іні-сіңлілерін демеуге, қолдау көрсетуге қашан да әзір. Сондықтан өнердегі  жас  та, жасамыс та оны сыйлайды. Әріптестерінің арасында оған деген қызғаныш, я болмаса көре алмаушылық жоқ. Өйткені Роза – жаны таза, жүрегі ақ адам. Ешкімнің  ала жібін аттамайды. Адамгершілікті, ардың тазалығын бәрінен биік қояды. Сонысы үшін қадірлі.