Тездетіп қолға алатын түйіткіл

Тездетіп қолға алатын түйіткіл

Тездетіп қолға алатын түйіткіл
ашық дереккөзі
Үстіміздегі жылдың ауыз толтырып айтар жағымды жақсылықтарының бірі – елімізде халықаралық ЭКСПО көрмесінің дүркіреп өткені болды. Баламалы энергия көздерін табуды, дамытуды және оны қолданысқа кеңінен енгізуді мақсат ететін осынау көрмеге қатысушылардың барлығы дерлік өз тәжірибелерін ортаға салып, сабақ алуға тырысқаны және белгілі. Әсіресе, баламалы энергия көздеріне арналған отыздан астам жоба ұсынылып, оны жүзеге асыруды қазірден бастап кеткені еліміз үшін ғана емес, жалпы Орта Азия елдері үшін маңызды тірлікке айналып отыр. Өйткені энергетика көздерінің соңғы жылдары көптеген елдерде қолжетімсіз болып бара жатқаны, сондықтан да бұл жобадан әжеп­тәуір үміт күтіп отырғанымыз да белгілі. Көрмеге қатысушылардың жобасын бақылайтын қазақстандық және әлем сарапшыларының да пікірі бір жүйеге түйінделіп, алдағы уақытта қара алтын – көмір мен мұнайдың орнын басатын энергия көзін табу, қолданысқа енгізу кез келген мемлекетке тиімді болары сөзсіз екені айқындалды. Дегенмен көрмеге ұсынылған энергия көздерінің барлығы дерлік желден, су мен күннен, жерден алуға лайықталған жобалар болды. Алайда қоқыстан немесе тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы энергия алуға бағытталған бірде-бір жоба болмады. Ал елімізде қоқыс полигондарының саны бүгінде төрт мыңнан асып кеткенін, тіпті Қазақстан аумағында 43 млрд тонна қоқыс жиналып қалғанын біреу білсе, біреу білмейді. Елімізде қоқысты қайта өңдейтін бірен-саран кішігірім зауыттар болмаса, ірі кәсіпорындар жоқ деуге болады. Бұл мәселе тек Қазақстанда ғана емес, әлемдегі дамыған және дамушы елдердің бәріне де тән түйткіл болып отыр. Елдің экономикасы, өнеркәсібі қаншалықты дамыған сайын қалдықтардың да көлемі арта түседі. Бұл ретте «Азия жолбарысы» атанып кеткен Сингапурдың тәжірибесіне сүйенген артық болмас еді. Шағын ғана мемлекет қоқысты өңдеумен қатар, одан энергия қуатын өндіріп те шығарады. Зауыт салып, қажетті технологиясы орнатылса, кәдімгі қоқыстан сапалы электр қуатын алуға болатын озық үлгіні танытып келеді. Мұндай технологияны жүзеге асыруға біздің елімізде де  қиынға соқпас еді, өйткені дайын шикізат қоры жетерлік. Биыл ғана құрылысы басталған Алматыдағы ірі қоқыс өңдеу зауытының жоспарында да қоқыстан энергия алу жобаланбапты. Республикамыздағы үлкенді-кішілі қоқысты қайта өңдеу зауыттарында да мұндай технология жоқ болуына орай, халықаралық ЭКСПО көрмесінің өзекті тақырыбына айналған энергия көздерін өндіріске енгізу үшін болашақта Сингапурдың тәжірибесін қолдануға тура келеді. Ол елде бүкіл энергия қуатының 3 пайызын тұрмыстық қалдықтарды өңдеу құрайды екен. Жиналған қоқыс төрт электр станциясында өртеліп, одан электр энергиясы өндіріліп шығарылады. Бес миллион халқы бар бұл елде бір жылда сегіз миллион тонна қоқыс қайта өңделеді. Соның нәтижесінде Азияның экологиясы таза мемлекеттерінің біріне айналып отыр. Сондықтан да елімізде бұл мәселені кейінге қалдыра беруге болмас, өйткені жыл сайын қоқыс қалдықтары көбеймесе, азаймай отырғаны ақиқат. Бірақ біздегі тұрмыстық қоқыстарды ең алдымен сұрыптау мәселесін шешу бірінші кезекте тұр. Қала сыртындағы қоқыс төгілетін орындарда жәй қағаздардан бөлек, түрлі қалдықтар, оның ішінде шүберектер, тамақ, ас-су қалдықтары аралас жатқаны көп қиындықтар туғызатын жағдай. Пластик, полиэтилен қалдықтар да бар. Осы мәселе мамандарды қатты алаңдатып отыр. Осының салдарынан елімізден қоқыс қалдықтарының 5 пайызы ғана өңделеді. Ол үшін тұрғылықты халықты қоқыс тастау мәдениетіне үйрету керек. Бұл ретте, Германияның алдына түсетін ел жоқ, онда әр үйдің ауласында қоқыс тастайтын кем дегенде үш немесе сегіз қоқыс жәшігі орнатылған. Әр қоқысқа бөлек жәшік қойылғандықтан, тұрғылықты тұрғындар да соған қалыптасады. Ал, бізде ше? Есік алдындағы бір ғана қоқыс жәшігінің өзі сенбі-жексенбіге жетпей аузы-мұрнынан шығып, шашылып жатқаны... Елімізде басқа саланың қызметкерлерін тәжірибе алмасу,білімін шыңдау мақсатында шетелге жиі жіберіп отыратынымыз сияқты, осы ретте зауыт жұмысшыларын да тәжірибелік іссапарларға жіберуді ойластырған жөн. Қазақстанда пайдалы қазбалардың қоры 34 млрд тоннаны құрайтын болса, жиналған қоқыстың көлемі сол пайдалы қазбаның көлемінен де асып кетіп отыр. Сол себепті, елімізге пайдалы қазбаны өңдейтін ғана емес, қоқыс өңдейтін де алып зауыттардың қажеттілігі аса уақыт күттірмейтін шаруа. Өз күшіміз жетпесе, шетелден инвесторлар тартуға да болады. Тегін қоқыстан пайда табу ұсынысынан ешкім бас тартпасы белгілі. ЭКСПО-2017 көрмесі аясында отандық ғалымдарымыздың қоқыстан энергия қуатын алатын жоба жайлы ұсыныс жасап, ортақ әңгіме қозғамағаны бұл мәселе әлі де назарға ілікпей отырғанының салдары. Жасыл экономика – бұл табиғи қорларды тиімді пайдалану есебінен қоғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған, пайдалы өнімдерін өндіріске қайтаруды қамтамасыз ететін экономика десек, бұл түйіткілді тездетіп қолға алған жөн тәрізді.