«Нұрлы  жер»: Баспаналы  болуға  ашылған жол

«Нұрлы  жер»: Баспаналы  болуға  ашылған жол

«Нұрлы  жер»:  Баспаналы  болуға  ашылған жол
ашық дереккөзі
Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 10 миллион шаршы метр баспана қолданысқа беріледі. Апта басында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламаларының 9 айлық қорытындылары талқыланды. Отырыста қаралған негізгі мәселенің бірі – «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға 484,2 млрд теңге бөлінгені. 1 қазандағы жағдай бойынша, жылдық жоспардың 65 пайызы игерілді. Осыдан кейін Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «Нұрлы жолдың» әрбір бағытына жеке тоқталды. Бірінші бағыт – көліктік-логистикалық және индустриалдық инфрақұрылымды дамыту. Республикалық маңыздағы 22 негізгі автожол жобаларын іске асыруға биыл 259,8 млрд теңге көзделген. Оның ішінде қаржыландыру жоспарына сәйкес, 150,4 миллиард теңге берілді және ол сома толық көлемде игерілді. «Құрық» теңіз портындағы паромдық кешеннің 2-фазасының құрылысына 50 млрд теңге бағытталған, «Қазақстан теміржолы» соның 33,4 млрд теңгесін игерген. Сондай-ақ, Астана халық­аралық әуежайының жолаушылар терминалының қосымша инфрақұрылымын тұрғызуға Ұлттық қор қаражатынан 5 млрд теңге бөлінген «Нұрлы жолдың» екінші бағыты – жылумен, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін жаңғыртуды қарастырады. 2017 жылы Ұлттық қордан бұл бағытқа 53 млрд теңге жұмсау жоспарланды. Бұл шамамен 700 шақырым жүйені реконструкциялауға және жаңадан салуға мүмкіндік береді.  «Жергілікті атқарушы органдар табиғи монополиялар субъектілеріне (ТМС) 44,9 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредиттер берді. Жоспарланған жүйенің 452 шақырымы салынды. Бюджеттік несиелендіру шеңберінде табиғи монополиялар субъектілерінің қаражатты игеру мерзімі 2 жылды құрайды. Бірақ соған қарамастан, біз әкімдіктерден бөлінген қаражатты игеруді тездету үшін ТМС-термен жұмыс жүргізуді сұраймыз», – деді министр Т.Сүлейменов. Бағдарламаның үшінші бағыты – білім беру саласындағы инфрақұрылымды дамыту. 2017 жылы Ұлттық қордан алынатын 71,7 миллиард теңгеге 109 мектепті салу жоспарланған. Оның ішінде 76 мектеп биыл пайдалануға берілуге тиіс. «Жергілікті бюджеттерге 56,5 миллиард теңге аударылды, әкімдіктер соның 53,7 миллиард теңгесін игерді. 53 мектеп пен 2 балабақша іске қосылды. Маңғыстау,  Ақмола,  Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында қаражат уақтылы игерілмеген. Басты себебі – мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижелері бойынша сот процесінің созылуы. Қыркүйек-қазан айларында пайдалануға тек 1 ғана мектеп берілген екен. Бұл ретте жыл соңына дейін тағы 21 мектептің құрылысы аяқталуы қажет», – деп ескертті Ұлттық экономика министрі. Осы орайда Білім және ғылым министрлігіне өңірлермен бірлесіп, білім беру объектілерінің іске қосылуын тездету тапсырылды. Төртінші бағыт – «Бизнестің жол картасы – 2020» шеңберінде кәсіпкерлік объектілеріне жетіспейтін инфрақұрылымды тарту қолға алынуда. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан биыл 10 миллиард теңге бөлу көзделген. 9 ай қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне сәйкес, 10 миллиард теңгенің тек 4,4 миллиард теңгесі ғана аударылып, оның 3,5 миллиард теңгесі игерілген. «Осы бағыт аясында біздің министрлік өңірлермен бірлесіп, «Қаржыландыру жоспарларын» қайта қарау бойынша жұмыс жүргізді. Нәтижесінде, желтоқсан айына жоспарланған барлық қаражат қараша айына жылжытылды. Бұл қаражатты игермеу тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты қалған 5,6 миллиард теңге өңірлерге биылғы қазан-қараша айларында аударылады және жылдың аяғына дейін толықтай игеріледі», – деп сендірді министр. Осы аралықта. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 9 айда 7,9 миллион шаршы метр тұрғын үй немесе 69,9 пайыз баспана пайдалануға берілген. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің мәлімдеуінше, тоғыз айдың қорытындысы бойынша тұрғын үй құрылысына 591,3 млрд теңге инвестиция салынған, соның ішінде 108,4 млрд теңгесі – мемлекеттік инвестициялар. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 10 пайызға артық. Жалпы тұрғын үйді пайдалануға берудің жылдық жоспарының 78 пайызы орындалған. Барлығы 70 мың пәтер салынды. Бұдан өзге, биыл сатып алу құқығынсыз берілетін арендалық тұрғын үй құрылысына 25 млрд теңге бөлінді, жыл соңына дейін 2 697 пәтер пайдалануға беріледі. 14 өңірде екінші деңгейлі банктер халыққа жаңа тұрғын үй сатып алуға жеңілдікпен ипотека бере бастаған.  Ал банктерге 7 млрд теңгеге 700 өтінім келіп түскен, олардың ішінде 6,6 млрд теңгеге 650 өтінім мақұлданған. Биыл Алматы облысында кезекте тұрғандардың саны 37 мың, ал тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары 88 пәтерді құрайды. Қарағанды облысында 35 мың кезекте тұрушы бар, ал жоспарда – 387 пәтер. Маңыстау облысында кезекте тұрғандар саны – 17 мың, ал пайдалануға беру жоспары – 1 132 пәтерді құрайды. Аталған олқылықты ретке келтіру тапсырылды. Премьер-министр өңірлердегі тұрғын үй сұранысы мен құрылысты жоспарлау мәселелеріндегі үйлеспеушілікті реттеуді Жеңіс Қасымбекке тапсырды.