Толыбай сыншы туралы аңыз
Толыбай сыншы туралы аңыз
Қазақ «бір жоқты бір жоқ табады» дейді. Белек Солтоноевтың «Қызыл қырғыз тарихы» кітабын оқып отырып, «Толыбай сыншы» деген тараушаға кез болдық. Біздің ойымызша, «Толыбай сыншы» туралы аңыз қырғыз тарихының ең көне кезеңдеріне шолу жасауға мүмкіндік береді. Екінші жағынан бұл аңыз қазақ және қырғыз халықтарының арасындағы тарихи байланыс туралы дұрыс көзқарастың қалыптасуына де септігін тигізері аян. Төменде сол мәтінді толық береміз:
«Кыргызда Асан Кайгынын сөзү деген лакап бар, мунун заманын казактар Орол жагынан Балкаш көлүнүн айланасына жаңыдан келип орноп, Жаныбектин заманы болуу керек (1450-1460 жылдарда), кыргыздар мунун заманын Асан Кайгынын заманы дейт. Бир жылдарда кар калың түшүп, жут болгондо Асан Кайгы айткан:
Куйругу жок, жалы жок
Кулан байкуш кантти экен?!
Боорунда буту жок
Жылан байкуш кантти экен?! – деп кайгырган. Ошол Жаныбектин заманында болгон кишилер: Асан Кайгы, Толубай Сынчы, Жейренче Чечен.
Эл турган жерин жактырбай, жакшы жер издеп тапкын деп Толубайды жумшаган. Толубай желмайан минип, жер сынап жүрүп, Анжийанга келип айтканы:
Жигити жилик албаган
Карысы карап турбаган – эмгектүү жер экен деп айткан. Андан Ысыккөлгө келип:
Керме - керме - керме тоо
Оту-чөбү жок туруп,
Малы семиз Керметоо.
Упа, эндиги жок туруп,
Кызы сулуу Керметоо.
Талаасы көл, такыр чөл, – деген.
(Керметоонун күүсү деп, кыргыздын кыз-келини темир комузга салып кагат). Андап Чүйгө келип, «Телегейи тегиз, көчпөс там, өңү сары, көзү көк оруска талаш жер экен», – деп андан Илеге келип:
Күдүр-күдүр кумдак чөл,
Арасынан аккан сел,
Айагы деңиз, дайра, көл
Иленин башы чарал
Төгөрөгү чалкар бел,
Тулпар минип, туу аштап,
Чалкып жатса калың эл.
Тоосу шибер, токой-чер
Күндөрдүн күнү болгондо
Айдап чыгар кандай эл.
Кытай менен чүрчүткө талаш жер экен, зордон-зор чыгып, элден, жерден чукулдатып койор түрү бар экен дер өттү. Андан өтүп Сарыаркага барып баш-айагын текши кыдырып жүрүп айтканы:
Бетеге белден буралып,
Туш-туштан тунук суу агып,
Тулпар минип, куш салып,
Эндегей тартып эл өсүп,
Тарчылык заман келгенде
Эли кетер сандалып –
деп, андан өтүп, далай-далай жер, сууну аралап көрүп жактырбай, эң соңунда Жийделүү Байсынды жактырып башка эл көчүп кетишке оозунганда, коңурат деген элди ала өзү көчүп кеткен. Азыр да Тажикстанда Байсын деген жер бар, болжолу ошол болуу керек. Бул Асан Кайгы, Толубай Сынчынын сөзү деп кыргыздын жомокчулары (сказочник) бир далай көп кылып айтат. Бирок менин билүүмчө алар анчейин кыйал сөз жана башка тийишсиз сөздөр кеп болгондугунан толук жазылбады».
Белек Солтоноевтың пайдаланған қырғыз ауыз әдебиетінің нұсқасында Асан қайғы мен Толыбай сыншы образдары нақты жіктелмеген. Мәтіннен біз Асан қайғы айтты дейтін сөздердің Толыбай сыншыға телініп кеткенін көреміз. Негізгі түбір біреу болса керек, фольклорлық тексте аталатын екі қаһарман да ерте заманның тұлғалары. Егер біз қазақ ауыз әдебиеті нұсқаларына сүйенетін болсақ, онда Асан қайғы Алтын Орда заманында өмір сүрген мемлекет қайраткері деуге болады, ал Толыбай сыншы тым ерте заманның қаһарманы. Оның үш түрлі дәлелі бар.
Біріншісі, Толыбай қазақтың ішіндегі қанжығалы тайпасының түп атасы делінеді, ал қанжығалы тек қазақ қана емес, өзге де түркі жұртының арасына кең тарағаны өзбек, қарақалпақ ішіндегі қанжығалылардың мысалдарымен анықталады. Қанжығалы атауы қаңлымен байланысты екені де анық болса керек, себебі екеуінің де түбірінде «қаң», яғни құрғақ дала, шөлейт деген ұғым тұр, ал «жыға» – биліктің символы екені белгілі («жығасы қисаймасын» т.б.).
Екіншіден, Толыбай оғыз түріктерінің руханиятында ерекше орын алатын, қазақта аңыз түрінде сақталған Көрұғлы батырдың атасы делінеді. “Көрұғлы жырының “ қазақ ішінде айтылатын ескі нұсқалары: Бастайын Көрұғлының хикаясын, Түркімен текежәуміт дейді затын. Әкесі Көрұғлының Раушанбек, Толыбай арғы әкесі аталатын» деп басталады. Көрұғлы оқиғасы қазақ жерінен тым ерте заманда, яғни протооғыздық дәуірде басталып, өз жалғасын Кіші Азияда тапқан.
Үшіншіден, Толыбайдың әңгімесі алғашқы жылқышы қауымдардың заманында пайда болды десек те, қателеспейміз. Тағдыры да, тарихы да жылқыға байланысты Еуразия ұлы даласының бақташы халықтарының арасында тек сыншылық өнердің ғана емес, сыншылық туралы әңгімелердің де көп сақталуы заңды. Ал осы сыншылардың ішінде айрықша Толыбайды атайды: «Толыбай ұранды Қанжығалыға ұран болған Толыбай атақты сыншы екен. Жүйрік сынайды екен, сынағаны бір қалт кетпейді екен деседі». Айдалада жатқан қу басты көріп “жәй жылқының басы емес, тірлігінде дүбірі жер жарған тұлпардың басы екен” деп жылайтын Толыбай сыншының баласының әңгімесі бәрімізге белгілі.
Рашид-ад-дин алғаш жинақтаған түркі халықтарының ескі шежіре нұсқаларында қырғыз атауын біз Сібір аймағынан, оның ішінде Енисей өзені бойындағы Кем – кемжиут арасынан көреміз. Ал енді олардың шығу тегін Әбілғазы бахадүр Хиуаның атақты ханы Оғыз ханмен байланыстырады. Тарихшының пікірінше, Қырғыз Кене, Көне, Торбатлы, Герейлі, Сұлтанлы, Оқлы, Көклі, Сушылы, Һарасанлы, Жүрінші, Жамшы, Тұрымшы, Қой, Сұрқы сияқты Оғыз ханның көп немерелерінің бірі. «Оғыз ханның алты ұлының жоғарыдағы некелі әйелдерінен басқа күңдерінен туған тағы да жиырма төрт балалары болды, олардың қайсысы кімнен туғаны мәлім емес», – дейді Әбілғазы хан.
Осындай мәліметтерге сүйене отырып, біз қырғыз елі әуел баста Оғыз қауымдастықтарына бір қатысы бар деп есептейміз. Қырғыздың шығу тегі мен атауы да өздерінің көне фольклорында айтылатын «қырық қыз бен қызыл иттен емес», қыр оғыз, яғни тау арасын жайлаған оғыздың елі деген мағына берсе керек. Әбілғазының «күңнен туды» деген сөзі қырғыздардың оғыз қауымдарының ішкі құрамына емес, керісінше сыртқы құрылымдарына енгенін анықтайды деген пікірдеміз. Егер біз тарихи деректерден оғыздың басты қауымдарына қатысты «ішкі оғыз» (ишгуз, скуз, скиф) атауын кездестірсек, онда қырғыздың «Қорқыт ата» кітабында айтылатын сыртқы оғыздардың арасында болғаны.
Қырғыздар туралы деректердің көптеп кездесетін уақыты Шығыс Түркі қағанатының дәуірлеп тұрған кезеңі. Қырғыздар осы қағанаттың құрамында болғаны Орхон-Енисей жазбаларында дәлелденеді. Бұл жазбаларға қарағанда 710 жылдары Бумын қаған, Күлтегін мен Тоныкөк бастаған ауыр қол Сібір аймағына үлкен жорық жасап, бірталай елді, соның ішінде қырғыздарды да жазалаған. Қырғыз тайпалары арасында тыныштықтың сақталуын осылай қамтамасыз етті. Жазалау шараларынан кейін шет жайлаған қырғыздарға едәуір дербестік берілді. Кейіннен Шығыс Түркі қағанаты әлсіреген уақытта, оның құрамындағы тайпалармен бірге қырғыздар да өз бетінше тарихи сахнаға шықты. В.Бартольд «киргизское великодержавие» деп аталған бұл ғасырда жауынгер қырғыз тайпалары 20 жылға созылған қырғын соғыстың нәтижесінде Үшінші Түркі немесе Ұйғыр қағанаты аталатын мемлекетті құлатты. Қырғыз атты әскері 840 жылы Орхон бойындағы Қарабалғасын қаласын тас-талқан қылып шапты. Орталық Азияға баса көктеп кіріп, ондағы отырықшы ұйғыр қалалары мен көшпелі тайпа мекендеріне 847 жылға дейін ойран салды. Осылайша негізінен оғыз тайпалары құрған, ғұн мемлекеттік дәстүрін жалғастырған Байырғы Түркі өркениеті өмір сүруі біржола тоқтатылды. Бұл жаугершілік Орталық Азияда «қырғыз қырғыны» деген атпен есте қалды. Саха халқы «кыргыс уйэтэ» атайды (қырғын ғасыры). «Манас» жырының алғашқы нұсқалары осы кезеңнің жемісі. Қазақ арасындағы «ескі қырғыздар» сол кезеңнен қалған естелік.
«Қыргыс уйэтэ» кезеңінде қырғыздың өзі шілдей шашырап, бір шеті Алтайға, енді бір шеті Арал бойына, естек арасына барды, бір шеті Сібірде қалды. Осы себепті сол дәуірдің куәсі Махмұт Қашқари қырғыздарды көптеген қатардағы түркі тектес тайпалардың арасында атайды: «Рұмға бәрінен жақын орналасқан тайпа бажанақ, онан кейін қыфжақ, оғұз, иәмәк, башғырт, басмыл, қай, ябақу, татар, қырқыз тайпалары. Қырқыздар Шынға жақын орналасқан. Онан бері жігіл, тохси, яғма, оғрақ, жарұқ, жомұл, ұйғыр, таңұт, хытай тайпалары”.
Шыңғыс дәуіріне қатысты деректерде де қырғыздар белгілі держава құрған халықтардың арасында емес, қайта қарапайым орман халықтарының арасында жүр. Деректерде Қырғыз және Кем-кемжиут атаулары қатар аталады. Бұл атауларды ортағасырлық тарихшылар әуелі жер атауы есебінде қолданады. Мысалы Рашид-ад-дин жазбасында: «Қырғыз және Кам-камджиут қатар жатқан екі уәләйат, олар екеуі бірігіп бір ұлысты құрайды», – дейді. «Кем» деген сөз ежелден Енесай өзені маңын жайлаған ел үшін өзен деген мағынаны білдіреді. Бұл жерді негізінен қырғыздар мекендеген. Оның бір шекарасы тайжуыт елі мекен қылған Селенгі болса, екінші жағы барғу, тұмат, кори, байауыт атанған елдер. Рашид-ад-дин: «Кем-Кемжиуыттің бір жағы найман елінің жаз жайлайтын жазықтары мен қыс қыстайтын тауларымен шекаралас», – дейді. Бұл наймандар қазіргі күнде біздің солтүстіктегі жақын көршілеріміз Алтай телеуіттерінің және Тува халықтарының ішінде кездеседі. Заманында наймандардың қырғызбен әрдайым соғысып отырғаны белгілі. Жазба деректерде бұл дәстүрлі жаугершілік қара қытайлардың заманында басталып, наймандарда өз жалғасын тапты дейді.
Қырғыздың Сібірде қалғаны Ресей отаршылдығы кезінде қатты қарсыласып, кейін Жоңғария құрамына кіргені белгілі. Сібірде қалғандары қырғызға ертеден көрші болған, өзгелер «қыштым» деп атайтын, отырықшы хакас қауымдары ғана. Алтайға қоныстанған қырғыз тайпалары жергілікті ғұн қауымдарынан қалған төлеңгіттермен араласты. Олардың бір бөлігі 1326-1329 жылдары Моғолстан хандарының ықпалымен Алатауға көшірілді де, үйсін тайпаларымен араластыққа түсті. Бұл мәселелер Мырза Хайдар Дулати шығармаларынан анықталады. Моғолстан тарихи сахнасынан кеткен соң қырғыз тайпалары Қазақ хандығының құрамына енді.
Қорыта келсек, Толыбай сыншы туралы аңыздар Еуразия халықтарының ең ежелгі және ортақ мұрасы. Уақыт жағынан шамаласақ, бұл аңыздар жылқыны Кіші Азияға алғаш таныстыратын Хет (Хетта) дәуіріне баратыны анық. Бұл аңыздық деректер қырғыз арасында қалай сақталды деген әңгімеге келсек, онда протооғыздар, яғни сақ-ишгуз (скиф) дәуіріне қарай бойлау керек. Ишгуз дегеніміз ішкі оғыздар екені анық. Ендеше сол дәуірде қырғыздың аталары «қыр оғыздары» атанған болуы керек деген болжам ұсынамыз. Енді келіп қырғыз ауыз әдебиетіне Асан қайғы образы қалай енді десек, онда біз Алтын орда дәуіріндегі ноғайлы аталатын тайпалардың қырғыз этногенезіне әсері туралы айтуымыз керек. Мүмкін бұл болжамдар бізге дейін де біреулер тарапынан айтылған болар, ендеше Толыбай сыншы туралы аңыз осы болжамның дәйекті дәлелі екенін ескерткіміз келеді.
Жамбыл Артықбаев,
тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің профессоры