27+1 немесе «Ешқандай Брексит болмауы мүмкін»
27+1 немесе «Ешқандай Брексит болмауы мүмкін»
Жиырма жеті мемлекеттің басшылары Брюссельде бас қосты. Не шешті? Ұлыбритания Еуропа одағының құрамынан әлі шықпағанымен, бұрынғыдай одақтас санатында емес. Әлде Брексит көшін кері қайтаруға үміт бар ма? Еуропалық кеңестің төрағасы Дональд Туск кешегі аптада Еуропалық парламентте сөйлеген сөзінде: «Лондон үшін жақсы келісім болуы мүмкін, ешқандай келісім болмауы мүмкін немесе ешқандай Брексит болмауы мүмкін», – деп қалды. Яғни, Біріккен Корольдікті Еуропа одағының құрамында қалуға шақырды. Қайта ашатын есікті қатты жаппас болар, ал Брюссель Британияның алдынан есікті жабуға мүлде бейіл емес.
Еуропалық мемлекеттер осы уақытқа дейін неше саммит өткізсе де, ұзақ мерзімді жоспар қабылдап көрмепті. 19 қазанда Брюссельде әріптестерін қарсы алған Дональд Туск алдағы екі жылға арналған бағдарламаны таныстырды. Шамасы, кәрі құрлықты шатқаяқтатқан сәтсіздіктерден сақтанған болар.
Керісінше Британия премьер-министрі Тереза Мэй алдағы екі жылға жоспар қабылдаудан бас тартып, парламент мүшелері мен бизнес қауымдастықты екіұдай күйге ұшыратты. Мэй ханым Брекситтің тағдырын Еуропалық одақпен жасалуы тиіс сауда-саттық туралы келісімге тіреп қойды. Бұған дейін Еуропа одағынан шықса да, Британияның мүддесіне ешқандай нұқсан келмейтінін талай рет мәлімдеген Мэй ханымның енді Брюссельге жалтақтап отырғаны түсінікті болды. Брюссельдегі саммиттің бір үзілісінде Германия канцлері Ангела Меркель мен Франция президенті Эммануэль Макрон Тереза Мэйдің екі жағына тұрып алып, ауыздарын қолдарымен қалқалап, жарыса сыбырлап бірнәрсе айтып тұрған суреті ғаламторда жарияланып кетті. Бәлкім, Меркель мен Макронның екі жақтап сыбырлап айтқан сөздері діттеген жерден шыққан болар.
Ал Британ парламентінің депутаттары жыл соңына дейін өлі-ара кезеңнің, яғни Ұлыбритания толықтай Еуропа одағының құрамынан шығып болғанға дейінгі үкімет жоспарын бекітуді талап етіп отыр. Брюссельге жалтақтаған Мэй өліара кезеңнің жоспарын талқылауға асығар емес. Бұл екі арада алдағы екі жылда көптеген шетелдік компаниялар мен банктер Лондонды тастап, кәрі құрлыққа қоныс аударуы әбден ықтимал. Себебі бизнес ертеңгі күнге алаңдап өмір сүре алмайды. Бірақ Мэй ханым Брексит үшін мұндай құрбандықтарға баруға дайын сияқты. Ол осы дүйсенбіде Парламентте сөйлеген сөзінде Брюссельмен жасалатын келісімдер 2018 жылдың жазына дейін созылып, сол жылдың қазан айына дейін бекітілуі тиіс екенін, яғни 2019 жылдың наурыз айына дейін Еуропалық одақтың барлық ұлттық және аймақтық парламенттерінде мақұлданып үлгеруі керек екенін айтты. Келіссөздердің күрделі болатыны өз алдына, оны 27 мемлекеттің құзырлы органдары арқылы заңдастыру тіпті оңайға түспейтіні анық. Онда да Мэй ханым бұл келіссөздердің жемісті болатынына сенімді емес.
Еуропа одағының көшбасшылары кезекті басқосуда Брексит туралы мардымды ештеңе айтпады. Шындығын айтқанда, бұл ұйымның күн тәртібінде тұрған шетін мәселелері онсыз да жеткілікті. Миграциялық дағдарыстың салдарынан есін жия алмай отырғанда, экономикалық дағдарыстың тағы бір толқыны күш алды. Бұл аз болғандай, кәрі құрлықта жұмыссыздық пен кедейшілік мәселелері асқынып бара жатқаны ашық айтылып жүр. Жығылғанға жұдырық іспетті, Еуропаның шығысы ғана емес, енді батысы да әсіреұлтшыл ұйымдардың батыл қимылдап, бас көтере бастағанына алаң. Осындай жағдайда Лондонмен сауда-саттық туралы келісімдерді егжей-тегжейлі талдауға мойын бұратын кез бе? Одан да 27+1 құрамында қала берген әлдеқайда тыныш әрі бар тараптарға тиімдісі осы.
Әлбетте, кез келген еуропалық секілді Дональд Туск өз пікірін ашық айтуға құқылы, бірақ Мэй ханым да уәдесінен тайқи алмайды. Ол осы қызметке келгенде «Брексит премьер-министрі» қамытын мойнына ілуге өз еркімен келіскен, тіпті осы өліарадан мемлекетті барынша шығынсыз, аман-есен алып шығуға сөз берген. Бірақ Британия үшін «қой да аман, қасқыр да тоқ» болатын күннің тууы екіталай.
Лондонды Брекситтен бас тартуға үгіттеп отырған Туск қана емес. Нью-Йорктың бұрынғы мэрі, миллиардер әрі медиа-магнат Майкл Блумберг осы аптада «The Guardian» газетіне берген эксклюзивті сұхбатында Брекситті ақымақтық деп санайтынын айтты. Ол «ең ақымақ нәрсенің» қатарына Дональд Трамптың АҚШ президенті болып сайланғанын қосып қойды.
Сөзбе-сөз келтірсек, «I did say that I thought it was the single stupidest thing any country has ever done but then we Trumped it» – «Мен бұған дейін айтқанмын, бұл (Брексит – Г.О.) қандай да бір мемлекет жасаған ең ақымақ нәрсе болды, бірақ одан соң (Трампты сайлау арқылы – Г.О.) біз асып түстік». Миллиардердің Британияға бүйрегі бұруының өз себептері бар. Өз сөзімен айтқанда, «My former wife was a Brit, my daughters have British passports, so we love England – it’s the father of our country, I suppose» – «Менің бұрынғы әйелім британдық еді, менің қыздарымның британ төлқұжаттары болды, сондықтан біз Англияны жақсы көреміз, мен оны біздің мемлекеттің Атажұрты деп санаймын» деді. (https://www.theguardian.com/politics/2017/oct/24/michael-bloomberg-brexit-is-stupidest-thing-any-country-has-done-besides-trump).
Бұдан соң Лондонның қазіргі мэрі Садик Хан Брексит референдумын қайта өткізуге ұсыныс тастады. Әлемдік бизнестің ірі орталығының бірі саналатын Лондоннан ірі корпорациялар мен компаниялардың көшіп кету қаупі туса, Брекситті қайта қарауды қолдайтындар қатары артуы ғажап емес.
27+1 өзгеріссіз қала ма, әлде 28-1 бола ма – есептің дұрыс шешімі табылуы үшін, оның барлық шарттары айқын болуы керек.