Батыста басшыларды «құлататын» құрал
Батыста басшыларды «құлататын» құрал
Ер азаматтардың кейбір дөрекі әдеттерін жыныстық шабуыл дейміз бе, әлде озбырлық па? Елімізде заң жүзінде нақты анықтама берілмеген де сияқты және мұны елей бермейміз. Есесіне, әлемде жиі айтылатын тақырыптың бірі. Батыста басшыларды орнынан құлататын таптырмас құрал. Олай болса, жыныстық шабуылдан зардап шеккендер мен жазасын тартқандардың тағдырын саралап көрелік.
Режиссер Вайнштейн неге айыпталуда?
Әйел мен ер адамның құқығы тең бе? Әлбетте, бұл сұраққа пәлен деп жауап беру қиын. Өйткені қоғамда ер мен әйелдің дәрежесі екі түрлі. Бұл қазақ қоғамына ғана қатысты емес, әлем елдерінің де бастан кешіп отырғаны осы. 17 қазанда Рейтер агенттігі қыз балалар мен әйелдерге тиісу, зорлау, жыныстық шабуыл жасау бойынша әлем елдерінің рейтингін жариялады. Тізімде мұсылман елдері көш бастапты. Атап айтқанда, Каир (Мысыр), Карачи (Пәкістан), Дакка (Бангладеш), Джакарта (Индонезия), Стамбұл (Түркия) қалаларында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық көп. Бұл рейтингтің қандай дереккөздерге сүйенгені белгісіз. Ең бастысы, әйелге жыныстық шабуыл жасау аталған мемлекеттерден гөрі батыс елдерінде жиі тіркеледі екен. Мысалы былтыр Американың президенттік сайлау науқанында Дональд Трамптың үстінен жүзге жуық әйел жыныстық шабуыл бойынша арыз-шағым түсірген болатын. Осы іске байланысты акциялар ұйымдастырылып, әйелдер құқығының қорғалуын қолдап, екі миллионға жуық адам шеруге шықты. Сөйте тұра бұл акция басқа үміткерлердің сайлауалды арандатуы деп қабылданды. Ал Дональд Трамп президент болып сайланғанмен, жанжалдың басылар түрі жоқ. Шағымданушылардың қатары қазіргі күнде 120-дан асқан. Сонда АҚШ президенті осыншама әйелге «артылғаны» ма? Әрине, жоқ. Батыс пен шығыста әйелге жыныстық шабуыл дегеніміз әр түрлі ұғым. Мысалы президент үстінен арыз жазған әйелдердің бірі баспасөз конференциясы кезінде Трамптың өзін құшақтап алғанын жазса, бірі жамбасынан салып қалғанын айтады. Енді бірі шоу-бағдарламаға қатысу үшін оңаша шақырғанын айтуда. Осылайша шағымданған жүзден астам әйел өзінің абыройына кір келтіріп, ар-ұжданын аяққа таптаған адамның жаза арқалап, тиісті өтемақы төлеуін талап етуде. Әсілі, мұндай арыздар лауазымды тұлғалардың түбіне жетпей тынбайды. Оған мысал жетерлік. АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон да осындай арыздан соң қызметінен кеткен. Әлемге танымал актерлердің барлығына дерлік осындай айып тағылған. Олар мәселені қалай шешті дерсіз? Әйел құқығын аяққа таптағаны үшін міндетті түрде өтем-ақы төлеп құтылады. Жақында голливудтық танымал режиссер Вайнштейн жыныстық шабуыл жасады деп айыпталып, атақты актрисалар Анжелина Джоли және Гвинет Пэлтроу мұны растады. Осыдан кейін Вайнштейн британдық киноакадемия мүшелігінен және өзі құрған кинокомпания кеңесінен босатылды. Міне, батыстағы әйел теңдігінің «әдемі» үлгілері осы тақылеттес. Әйел теңдігін сылтауратып, көрінгенді айыптау арқылы абырой табу мүмкін емес. Десек те нәзік жандыларға қырын қарағандарды жөнге салудың оңай жолы тек осы сияқты. Кейбір саясаткерлер мен қоғам зерттеушілері мұндайды әйел теңдігін асыра пайдалану деп бағалайды. Әйел теңдігі мен феминизмді егіз ұғымға жатқызатыны да жасырын емес. Мәселен Трампқа қатысты шағымнан кейін ұйымдастырылған шеру «Әйелдер маршы» деп аталды, шеруге қатысушылар әйелдердің тұрмыстық-әлеуметтік мәселелерін де көтерген болатын. Әлем әлі де әйелдер құқығын мойындай қоймайды. Өткен ғасырдың басында өмірге келген қозғалыс өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қазір әйелдер көп нәрсеге қол жеткізсе де, жауапты қызмет пен басшылықта ер адамдар саны басым. Бұл барлық мемлекеттерге тән көрініс. Феминизмнің еркелік ретінде қаралатыны да содан болар.Кірпияз мәселенің жасырын жақтары
Батыс елдерінде әйел теңдігі – ең бір кірпияз мәселе. Жыныстық шабуыл деп қаралатын оғаш қылықтың барлығы жазаланады. Өкінішке қарай, шығыс елдерінде әйел теңдігі дәл осындай деңгейде деп айта алмаймыз. Қиянат көрген қыз-келіншектер сотқа арызданбақ түгілі, білім алуға мүмкіндігі жоқ. БҰҰ деректеріне сүйенсек, Азия мен Африканың бірқатар елдерінде 8-24 жас аралығындағы қыздардың теңдей білім алуға мүмкіндігі жоқ. Ендеше өз құқығын қорғау деңгейін қалай бағалауға болады? Қазақстанда жыныстық шабуыл жасалған жағдайлар ара-тұра жиі кездеседі. Бірінде отбасы мұны жасырып қалса, бірінде тиісті жаза берілмейтіні қалыпты жағдай. Елімізде соңғы жылдары халыққа жария болған бірнеше оқиғаны мысалға алып көрелік. 2010 жылы КИМЭП университетін бір профессордың студенттерге қатысты жыныстық шабуылы дүр сілкіндірді. Ата-аналардың айтуынша, канадалық оқытушы Карим Гулан Хусейн 2006 жылы АҚШ-та педофилия бойынша сотталған. Өкінішке қарай, университет басшылығы бұл мәселені жауып тастады. Анық-қанығы әлі күнге белгісіз. Ал 2013 жылы таэквандошы Азамат Теңізбаевты Израиль азаматшасы жыныстық шабуыл жасады деп айыптады. Қазақстан құрамасы Мексикадағы жарыстан қайтып келе жатқан ұшақта Теңізбаев қасында отырған келіншекті байқамай түртіп қалған екен. Азамат кешірім сұраған көрінеді, алайда арыз жазылып, Лондон әуежайында 18 жасар спортшыны қамауға алады. Арада бір жыл өткенде спортшы ақталып шықты. 2015 жылғы мәліметтер бойынша, соңғы бес жылда елімізде жыныстық сипаттағы 17 мың қылмыс тіркелген. Үш мыңға жуық қылмыскер бостандықта жүр. Ал олардың 150-ге жуығы балаларға тиіскендер. Ең сорақысы, елімізде жыныстық шабуылға қатысты заң қарастырылмаған. Нақтырақ айтсақ, зорлық-зомбылық көрсеткенде ғана шағымдануға болады. Заңгер Жангелді Сүлейменовтің айтуынша, егер жыныстық шабуылға қатысты заң қабылданар болса, қорлық көрген кез келген әйел жаза талап ете алар еді. «Өкінішке қарай, ондай заң жоқ болғандықтан тиісіп қойғанша күту керек», – дейді заңгер. 2014 жылдан бері БҰҰ Қазақстанда жыныстық шабуыл және әйелдерді одан қорғау туралы әкімшілік және құқықтық шаралар қабылдауды ескертуде. Ал «Союз кризисных центров» орталығының басшысы Зүлфия Байсақова жаза тағайындауды қатаңдатып, арыз берудің әкімшілік шығындары мен уақытын азайтуды қолдайды. «Біздің полиция зорлық-зомбылыққа қатысты дәйек жинай алмайды. Шет елде мұндай тәжірибе бар. Ішкі істер қызметкерлері тәжірибе алмасуға шет елге баратыны рас, ендеше неге пайдаланбайды? Қылмыскерлердің жазасыз жүруі қылмысты көбейтіп отыр», – дейді. Сонымен қатар қоғам қайраткері әйелдерге зорлық көрсеткендерді зорлық жасады және талпынды деп бөлудің қажеті жоқ дейді. «Қылмыскер өз қажеттіліктерін өтеу үшін қасақана қылмысқа барады. Ол аяқ астынан болмайды, алдын ала жоспарланады. Әйелге күш көрсеткен адам басқа қылмысқа да барады», – дейді Байсақова. Қалай болғанда да, феминистік, гендерлік көзқарас өз алдына, әрбір қазақ аруының, қыз-келіншектердің қауіпсіз елде еркін жүріп-тұруын қамтамасыз ету – басты міндет. 1917 жылы «Сарыарқа» газетінде Мұхтар Әуезовтің «Адамдық негізі – әйел» атты мақаласы жарияланды. «Сол себепті әйелдің басындағы сасық тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе» делінген онда. Ең өкініштісі, ХХ ғасырдың басында айтылған әйел теңдігі бір ғасыр өтсе де өзектілігін жоғалтпай тұр.