Тәуелсіздіктен бес жыл бұрын немесе баррикаданың арғы бетінде

Тәуелсіздіктен бес жыл бұрын немесе баррикаданың арғы бетінде

Тәуелсіздіктен бес жыл бұрын немесе баррикаданың арғы бетінде
ашық дереккөзі

Желтоқсан оқиғасы тұтас ұрпақтың жүрегіне түскен айықпас жараға айналғаны тарихи шындық. 1986 жылы Алматының орталық алаңына әділдік, шындық іздеп шыққан өрімдей бозбалалар мен бойжеткендер кеңестік жүйенің барша зұлымдығы мен жауыздығына куә болған еді. Сол күндердің ащы шындығы жөнінде талай бұлтартпас деректер, құпия құжаттар жарық көргенімен, баррикаданың «қарсы бетінде» тұрғандар – тәртіп сақшыларының іс-әрекеттері, оларды толғантқан жайттар туралы жұртшылықтың білері мардымсыз. Отставкадағы полиция полковнигі Мақытбек Қосаев Желтоқсан оқиғасының бел ортасында болған, қатерлі күндердің бар ауырлығын жүрегімен сезген жан. Оның жазбалары сонысымен де құнды.

 Редакциядан

1986 жылы Алматы қаласында болған Желтоқсан оқиғасынан бері отыз жылдай уақыт өтіпті. Жылдар өткен сайын бәрі көмескі тартып, ұмытыла бас­тайды екен. Болған оқиғалардың куәсі ретінде кейінгі жастар, жалпы жұрт біліп жүрсін деп, өзімнің көрген-білгендерім мен естігендерімді және сол жайындағы өз пікір, ой-толғауымды жазғанды жөн көрдім.

Ол кезде Алатау аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет істеп жүрген едім. 16 желтоқсан күні кешкісін екі-үш қызметтес жігітпен сөйлесіп тұрғанымда Е.Филимонова деген инспектор қасымызға келіп: «Жаңалықты естідіңдер ме?», – деп сұрады. «Ол қандай жаңалық?» деген бізге: «Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Пленумы болыпты. Саяси бюроның шешіміне сәйкес Қонаевтың орнына Ульянов облысының бұрынғы бірінші хатшысы Колбин сайланыпты», – деді.

Өзіміз ес білгелі ел басқарып келе жатқан Д.А.Қонаевты әп-сәтте орнынан алғаны, республикамызға еш қатысы жоқ белгісіз біреудің басшы болып сайлануы кәдімгідей абыржытып тастады. Күтпеген тосын жаңалық. Қазақстан Кеңес Одағының бір облысы емес, Республика деген аты бар. Жергілікті жұртпен де санасуы қажет қой.

«Бұл қалай болғаны, жергілікті билік басындағы коммунистердің арасынан лайықты адам табылмады ма екен?», – дедім. Аузыма басқа сөз түспеді, өз ойымды айттым. Басқалар да: «Шынында да түсініксіз екен», – десіп өз пікірлерін қосып жатты.

Ертесіне жұмысқа келгенім сол еді, асығыс-үсігіс далаға шығып жатқан адамдарды көрдім. «Қайда жиналып жатырсыңдар?», – деп сұрап едім, Брежнев атындағы алаңға Пленум шешіміне қарсылық білдіргендер жиналып жатқанын, тездетіп сол жаққа баруға тапсырма алғандарын айтты.

Мен сағат 9-дар шамасында алаңға келгенде, милиция қызметкерлерінен басқа ешкімді көрмедім. Біздің алдымызда келгендердің айтуына қарағанда, қолдарында плакат, транспоранттары бар 70-80-дей адам Фурманов көшесімен төмен түсіп кетіпті. Содан жарты сағаттай уақыт өткенде жан-жақтан жастар ағылып келе бастады. Біз Сәтпаев пен Мир (Желтоқсан) көшелерінің бойында тұрғанбыз. Келіп жатқандардың өзара айтқан әңгімелерін естіп, кейбіреулерімен сөйлесіп тұрдық. Бәрінің айтатыны: «Колбин деген кім, қайдан келген? Кім көрінгенді әкеліп қоя бере ме? Халықпен неге санаспайды?» – деген мағынадағы әңгіме.

Түске таман бастықтарымыздан жаңа келгендерді алаңға жібермеу керек деген бұйрық алдық. Осыдан кейін біраз уақыт ешкімді жібермей көшелерде ұстап тұрдық. Бірақ келген адамдардың саны көп болғандықтан одан әрі ұстап тұру мүмкін емес еді. Біздің шепті (оцепление) бұзып өткен жұрт алаңдағыларға барып қосылды. Басқа көшелерден де сондай көріністер байқалды.

Жиналғандардың көпшілігі жиыр­ма­ның ар жақ, бер жағындағы жастар. Бірен-саран үлкен, егде тартқан адамдар да бар. Ол кезде студент, жұмысшы жастар болмаса, қаладағы қазақ ұлтының саны тым аз еді. Көп пәтерлі үйлердің әр подъезінде бір-екі қазақ отбасы тұрады. Өзім тұрған үш подъезді үйде 2 отбасынан өзгесі басқа ұлт өкілдері болатын. Бір жерден оқыған едім, сол кездегі статистикалық дерек бойынша студент, жұмысшы бәрін қосқанда қаладағы қазақтардың саны 22 пайыз шамасында деп.

Алаңдағылардың кейбіреулері қол­да­рына ұран, плакат, транспорант ұстап алыпты. Асығыс жазылғаны көрініп тұр. Біреулер ақ жаймаға, қалғандары басқа да қолдарына түскен материалдарға жазып алған.

«Равенство и суверенность народов», «Право нации на самоопределение. В.И.Ленин», «Каждому народу – своего вождя», – деген жазуларды оқыдым.

Топтың ішінен таныстар да кездесіп қалады. Солардың бірі КазМУ-дің проректоры С.Савицкийдің ассистенті, орта бойлы, отыз бес жас шамасындағы сақал-мұртын жіберген жігіт. Ұмытпасам фамилиясы Қарабаев болуы керек. Савицкийге барып жүргенде кездесіп қалатынбыз. Көзтаныс болған соң амандасып, хал-жағдай сұрастық. Кейін осы оқиғаға байланысты сотталып кетіпті деп естідім.

Уақыт өте алаңдағы адамдардың саны барған сайын көбейе түсті. Бізге мін­бенің төңірегінде тұрыңдар деген тап­сырма берілді.

Сол кездегі республика басшылары З.Камалиденов және басқалары, рес­пуб­лика прокуроры Ғ.Елемісов, ІІМ минис­трінің бірінші орынбасары Э.Басаров мінбеге шығып сөйлеп, жұрт­ты тарқауға үгіттеп жатты. Бәрінің айтатыны, жастарға интернационалдық тәрбие беруді жақсарту керек. «Ұлы орыс халқының көмегі арқасында экономикалық және мәдени дамуда үлкен жетістіктерге жеттік. Бес-он пайызы ғана хат таныған, мәдениеті, әдебиеті дамымаған, тұрмысы нашар, қараңғы халық едік, өркениетті ел болдық партия саясатына қарсы шығатын сендер кімсіңдер, тез тарқаңдар», – деген сарында. «Қараңғы халық болғанбыз» деген сөзді қайта-қайта тақылдап қоймайды. Іштей жақтырмай тұрмын. Осы жаттанды-жасанды сөздерге құлақ асып, дұрыс деп жатқан адамды байқамадым.

«Тарқамасаңдар жауапқа тартамыз!», – деген Ғ.Елемісов пен Э.Басаровтың ескертулерінен кейін көптің зығырданы қайнап, ашуы қоза бастағандай көрінді. Кейбіреулер айқайлап: «Өздерің кетіңдер!» деп жатты. Бірлі-жарым жігіттер Г.Колбиннің суреті басылған газеттерді жыртып, табан астында лақтырды. Алаңдағы адамдардың арасынан да екі-үш адам шығып сөйледі.

Осылай бәрі сөз жүзінде, бейбіт түрде өтуде. Тәртіп бұзушылық, болмаса біреуді ұстау, қолдарына ұстаған транспоранттарды тартып алу, қандай да бір арандатушылық әрекеттер болған жоқ.

Алаңның орта тұсында тұрғандар ән айта бастады. «Менің Қазақстаным» әні. Әнге бүкіл алаң қосылғандай. Жүздеген, мыңдаған адам «Менің елім, менің жерім» деп шырқағанда, жан-дүниеңді толқытып, қатты әсер етеді екен. Бір жағынан болып жатқан оқиғалар әр адамның ашу-ызасын қоздырса, екінші жағынан намыс отын, патриоттық сезімін оятады.

Ж.Нәжімеденов пен Ш.Қалдаяқов «Қазақстанның төрт-бес облысын кейіннен бөліп алу мақсатымен «Целинный край» құрған және мақта өсіретін аудандарды Өзбекстанға береміз» деген Н.Хрущевтің жымысқы әрекетіне қарсылық ретінде осы әнді шығарыпты деп естуші едім. Бұл ән мың­даған адамға күш-жігер беріп, елдікке, ерлікке шақырады, туған жерге деген сүйіспеншілік, елімізге құрмет – бәрі осы әнде.

Көп адамдар, қыздар, жігіттер қол ұстасып алған. Қандай қамалды болса да бұзып жіберетіндей жүздері суық, өжет кейіп танытып тұр. Көп адам жиналған жерде әрқайсысынан бөлінген энергетиканың әсері, көптің әсері әр адамға ерекше күш-қуат беріп, еркінен тыс қимылға итермелейтіні психология тұрғысынан дәлелденген ғой.

Жүздерінен қатты толқығаны бай­қалып, көздерінен жас ағып тұрған қыз­дарды көрдім. Жыламай қайтсін, намыстанатын болар. Өз басшысын сайлауға құқы жоқ ел, халі мүшкіл, құрдымға кетуге аз қалған ана тіліміздің тағдыры кімді болса да ашындыратыны анық.

Коммунизмге жақындаған сайын ұлттар арасындағы өзгешелік жойылып, болашақта бір ғана ұлт, бір ғана тіл болады деген теорияның іске аса бастаған кезі еді бұл.

Алматы бойынша 8 ауданның екеуі ғана қазақша аталады, жалғыз қазақ мектебі бар, балабақша атымен жоқ. Қоғамдық көлікте, басқа да адамдар жиналған жерде қазақша сөйлегендерге кейбіреулер жақтырмай, үдірейе қарайтын. Кейбір қазақтарға ана тілінде сөйлесең, өздерінің қазақ екеніне ұялғандай: «Мен қазақша білмеймін», – деп мақтана жауап беретін уақыт. Іс қағаздары, оқу, жұмыс орындарында бәрі орыс тілінде.

Кеңес әскері қатарында қызметте Моң­ғолияда болып едім. Сонда байқа­ға­ным, халықтың тұрмысы жақсы, барлығы тек өз тілінде сөйлейді. Ананың арқасында, мынаның көмегімен ел болдық деп жүрген жоқ. 1,5 миллион халқында 25 миллионнан астам мал бар екен. Адам санына шаққанда малдың саны жағынан әлем бойынша екінші орында. Ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Өндіріс орындары, әртүрлі қазба байлықтары бар.

Ал 1929 жылғы дерек бойынша 40,5 миллион малы бар Қазақстанның халқы 1930 жылдары жаппай аштыққа ұшырап, жартысына жуығы аштықтан қырылып, 1 миллионнан астам адам босқын болып шет елдерге кетіпті.

Халқының саны 1 миллионға да­ жетпейтін қаншама елдер дербес мем­лекет болғанда, біздің халқымыз жан-жақтан жасалған қысымға, шапқын­шылыққа шыдамай, барар жер, басар тау қалмағанда, ерікті түрде бодандыққа барған, соған мәжбүр болған.

Енді, міне ХХ ғасырда жариялылық, демократия, қайта құру деген бос сөзге аңқау басы алданып жүрген халық озбырлыққа, Кремльдің астамшыл саясатына қарсы бой көтеріп, наразылық көрсетіп жатыр. Қазақ басшы болса, жағдай өзгеріп, рахат заман орнайтындай. Оны көпшілік түсінбейтін сияқты.

Алаңға жиналғандардың тарқайтын түрі көрінбейді. Мінбеге қарай ұмтыл­ғандар бізді кейін тықсырып, шегіндіре бас­тады. Еркіне жіберсе Колбин отырған Орталық Комитет ғимаратына басып кіретін түрі бар. Ол кезде қазіргідей темірден істелген шарбақ турникет қойылмайтын. Қаптаған адамның екпіні қатты, көңілге басып-жаншып кете ме деген күдік ұялайды.

Бұдан бұрын мұндай көп адам жиналып, наразылық акциясы өткен емес. Бәріне бас шұлғып, үндемей көнетін елден қарсы сөйлейтіндер шығады деп кім ойлаған. Оның үстіне қазақты жуас халық деген пікір қалыптасқан.

Не істеу керегін, жиналған жұрт­ты қалай тарқатуды білмей жоғарыда­ғы­лардың да есі шығып жатқан сияқты.

«Қонаев шықсын, жағдайды түсін­дір­сін», – деп айқайлағандардың дауыстары естіледі. Оған ешқандай жауап жоқ. Қонаев шықса, отқа май құйғандай бола ма, қандай реакция болады деп қорқатын болар.

Біз болсақ алаңда желдің өтінде, қақ­қан қазықтай болып қақайып тұра бергеннен шаршадық.

Осы жерде бір айта кететін жайт, алаңда кімнің не істегені туралы. Көп жерде айтылып, жазылып жүрген милиция қызметкерлері қолдарындағы сойылмен (дубинкамен) ұрды-соқты деген сөз шындыққа сай емес.

Ол уақытта дубинка құралы милиция қызметкерлеріне мүлдем берілмейтін. Ол капиталистік елдердегі полицейлердің үнемі наразылық шараларын өткізіп жататын халықты ұрып-соғуға арналған құралы деп айтушы еді. Дубинканы қолы­мызға ұстап көрген емеспіз. Резинадан істелген дубинкалар 90-жылдардың басында ғана пайдалануға берілді.

Алаңдағы жергілікті милиция қызмет­кер­лері түгелдей қарусыз, қолдарында ешқандай арнайы құралдары болған жоқ. Көпшілік сол күні кешке қарай Одақтың төрт-бес қалаларынан шұғыл түрде жеткізілген ішкі істер әскерлері мен ішкі істер әскерлері училищесінің курсанттарын жергілікті милициямен шатастырған болуы керек. Өйткені олардың бәрінің сыртқы киімінде еш өзгеріс, айырмашылық жоқ. Одақ бойынша бірыңғай форма. Көшеге патрульге шыққан ішкі істер әскерлерінің солдаттары, курсанттар түгел милиция киімінде (форменное обмундирование).

Оны жалпы жұрт біле бермейді. Әйтеуір біркелкі форма киіп жүрген соң, сырт көзге бәрі милиция қызметкері болып көрінеді.

Осы оқиғалардың соңына дейін жер­гілікті милицияға ешқандай арнайы құрал (спецсредства) берілген емес. Ондай құралдар тіпті қоймада да жоқ. Наразылық шаралары өтпейтін, оның үстіне «Менің милициям – менің қорғаным» деп жүрген уақыт, сондықтан қарастырылмаған болар.

Кейбір тәртіп сақшылары, іштей алаңдағыларды жақтап, өзара Саяси бюроның шешімінің дұрыс еместігін ашық айтып тұрды. Ішінде басқа ұлт өкілдері де бар.

Артынан белгілі болғандай, олардың арасында алаңда таяқ жегендерге көмек көрсетіп, араша түскендер де болған. В.Минакин деген милиция қызметкері (2002 жылы инфарктен 43 жасында қайтыс болды) түнде қақтығыс басталған кезде үсті-басы малмандай су, солдаттардан таяқ жеп, ес-түссіз құлап жатқан бір қызды жедел жәрдем машинасына көтеріп апарыпты. Кімге болса да көмектесуге, қол ұшын беруге дайын тұратын қарапайым, кішіпейіл, биязы мінезді, абзал жан еді.

Біздің аудандық милиция қызмет­кер­лерін алаңға бастықтың орынбасары Темірхан Батыргереев деген кісі бастап барған. Туған жері Орал облысы. Сол кезде 44 жаста, орта бойлы, мығым денелі, жауырыны қақпақтай, әдемі, аққұба кісі. Арақ ішпейді, темекі тартпайды. Үнемі денесін шынықтырып, спортпен айналысатын.

Қашан көрсең де бірқалыпты, не­ толыспайды, не арықтамайды. Дене бітімі бәйгеге қосуға жаратқан атты, алысқа шабатын сәйгүлікті көзге елестетеді. Кабинетінде 32 келі гір, гантельдерді көтеріп, шынығып жататын. Адамгершілігі мол, ақ жарқын адам, әділ, таза бастық болатын. Өз басым ол кісіні жан-жақты білімді, сабырлы, салмақты, ұлтжанды адам, білгір басшы ретінде сыйлайтынмын. Ол да ағалық ақылын айтып, қамқор болып жүретін.

«Ешкімге тиіспей, тыныш тұрыңдар. Жоқ жерден шу шығып кетпесін», – деп ескертіп қояды. Батыргереев кешке қарай штабтың отырысынан келіпті дегенді естіп, қасына барып, не болып жатқанын сұрадым.

Оның айтуына қарағанда, нақты шешім қабылданбапты. «Жағдайдың ушы­ғатын түрі бар. Мәскеуден ішкі істер министрінің орынбасары, генерал-полковник Елисов бастаған біраз адам келе жатқан көрінеді. Енді солар басшылық жасайды екен. Біздің басшыларды жақындатпайды. Новосибирск, Ульяновск, Ташкент, Свердловск қалаларынан ішкі істер әскері мен ішкі істер әскерлері училищелерінің курсанттары ұшып келіп жатқан көрінеді», – деді.

Г.Колбиннің жиналған елдің алды­на шығып сөйлеуге батылы жетпеді. Респуб­лика прокуроры Елемісов жиналған жұртқа тарқаңдар, өз еріктеріңмен кетпесеңдер, күш қолданылады, жауапқа тартыласыңдар деген ескерту жасады. Бұл сөздерге жиналғандар ысқырып, айқайлап, әртүрлі мазақ жаман жауап берді. Жағдай ушыға түсті. Алдыңғыларды арттағылар итеріп, бізді басып-жаншып кететіндей.

Осылай ымырт үйіріліп, қараңғылық түсе бастады. Сағат кешкі алты-жеті­лер шамасы болуы керек. Күн суық, кәдімгідей ызғырық, аяз бар. Таңертеңгісін асығыс тамақ ішпей, жеңіл киіммен шыға салып едім. Кім ойлаған сақырлаған аязда, сын садағына нысана болып, неше түрлі сөз естіп, күні бойы қақшиып тұратынымызды. Алаңның ар жақ, бер жағы ашық. Жан-жақтан азынаған жел өңменіңнен өтеді. Күн одан бетер суып кеткендей. Табаннан да ызғар өтіп барады.

Жастардың көбі жеңіл киінген, кейбіреулері жалаңбас жүр. Соған қарағанда арасында жатақханаға барып жылынып алып, қайта айналып келіп жатқан сияқты. Қолдарын ысқылап, аяқтарын бір-біріне ұрып жылынбақшы болған, қатты жаурағандар да бар.

Адамдардың арасына барып Пленум­ның шешімін, себебін түсіндіріп жүрген пар­тия, комсомол өкілдері, басқа да басшы жауапты қызметтегілер көрінбеді. КГБ-да істейтін бір танысты көріп қалдым. Топтың ішінде жұмыс істеп жүрген болуы керек. Ұйымдастырушы, арандатушылар бар ма, не айтылып жатыр, жиналғандар кім – соның бәрін анықтау солардың жұмысы. Сол арада алаңның орта тұсында Ішкі істер министрінің орынбасары, милиция полковнигі С.Серіковтің жиналғандардың арасында қолын сермеп, сөйлеп жатқанын байқадым (90- жылдары таулы Карабахта қаза тапты). Тағы бір министрдің орынбасары – саяси басқарма бастығы генерал-майор М.Қалматаевтың сол төңіректе жүргенін көрдім.

Мұрат Дүйсенбіұлы милицияға Орал облыстық партия комитетінде хатшы болып істеп жүрген жерінен партияның жолдамасымен келген екен. Желтоқсан оқиғасы кезінде алаңға шыққандарды жақтаймын деп жапа шеккендердің бірі.

Негізгі мамандығы журналист. Көпті көрген, әртүрлі басшылық қызметте болып, халықпен жиі араласқан, көп оқыған, терең адам. Солдаттар мен курсанттар жиналғандарды ұрып-соғып, қолға түскендерін ақ қар, көк мұзда етбетінен жатқызып тастағанын көріп шыдамапты. Сонда жүрген біраз басшыларға: «Бұл заңға қайшы, мұндай бейбастықты тоқтату керек», – десе, сөзін ешкім тыңдамапты. Сол мезетте штабтан шыққан Қазақстан КП Орталық Комитетінің екінші хатшысы О.Мирошхинді, Мәскеуден келген Елисовті көріп: «Мына заңсыздықты тоқтату керек қой, мынандай суықта адамдарды жерге жатқызып қойғаны несі», – десе, Мирошхин:

– Сен немене, бұзақыларды қорғап тұрсың ба? Жаның ашыса үйіңнен көрпе-жастық әкеліп төсеп қой, – деп кетіп қалыпты. Бір өрт сөндірушінің құлап жатқан жігітті шірене тепкенін көріп: «Мұның не, қарсылық көрсетпеген, қарусыз адамды неге ұрасың?» – деп ескерту жасайды. Сөйтіп не істерін білмей күйіп-пісіп, күресуге дәрмен жоқ, қиналып жүрсе, сыртынан байқаған біреулер Ішкі істер министрі Князевке, Мәскеуден келгендерге соның бәрін баяндап үлгеріпті. Онда да бояуын қалыңдатып, әсірелеп жеткізген.

Одақтың ішкі істер министрінің орындасары Елисов шақырып алып, жергілікті министр Князевпен бірге: «Бұзақыларды неге қорғайсың, сені жауапқа тартамыз», – деп шүйлігіпті. «Олар да біздің адамдар емес пе?» – дегенге құлақ аспайды.

Желтоқсан оқиғасынан кейін үзбей артына түсіп, отырса опақ, тұрса сопақ қылып, өз еркіңмен жұмыстан кет деп есін алады. Жұмыстан шығаруға сылтау болатын кемшілік таппай, басқа жолын іздестіреді. Соңында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы М.Меңдібаев шақырып алып: «Сені Ауғанстанға жіберу керек деген шешім қабылдадық. Тездетіп сол жаққа барып, өзіңнің коммунистік партия алдында адал екеніңді дәлелде», – дейді.

Соғыс кезінде қылмыскерлерді штраф-батальонға жібергендей етіп, барсаң да, бармасаң да құтылмайсың дегенге келтіреді.

Ауған елінен үш орден алып, абыроймен оралған соң да, тағы біршама уақыт жұмысқа тұра алмай, қиындық көреді. Міне, Желтоқсан оқиғасы кезінде қатарымызда сондай да азаматтар болды.

Брежнев атындағы алаңда еш өзгеріс жоқ. Әр қаладан ұшып келген ішкі істер әскерінің солдаттары мен ішкі істер әскерлері училищелерінің курсанттары сапқа тұрып жатты. Олардың қандай тапсырма алғаны бізге белгісіз.

Алдымызда сеңдей соғылысқан адам. «Пленумның шешімін өзгерту керек», – деген дауыстар шығады, «Бізге қазақ басшы сайлансын!» – деген айқай естіледі. «Жергілікті ұлтпен неге санаспайды?», «Біз мал емеспіз», деп бірнеше адам қосылып айқайлайды. Барған сайын жұрттың қызуы көтеріліп барады. Ұшқын болса, өрт шығатындай. Қой, бұлай тұра берген болмас деп, Батыргереевке барып: «Жақын жерде асхана болса, тамақ ішіп келейін», – деп рұқсат сұрадым. «Ол түнімен тұратын шығармыз, тез үйіңе барып тамақтанып, жылы киініп кел», – деді. Менің бүрсең қағып, жаурап тұрғанымды байқап, жаны ашыған болуы керек.

Үйге келіп, апыл-ғұпыл тамақ ішкен соң, жағдайды білейін деп РОВД-ға, кезекші офицерге телефон соқтым. Кезекші Р.Нұртазин: «Өзім де хабарласайын деп жатыр едім. «Аудандағы жұмысшы, студенттер тұратын жатақханаларға адам жіберіңдер, кезекшілік ұйымдастырыңдар», – деген нұсқау алдық. Адам жетпей жатыр. Сендер, Р.Сыдықов екеулерің үш-төрт жұмысшылар жатақханасына жауапты болып бекітілдіңдер. Алаңға адам жібермей, тәртіп бұзушылыққа орын бермей, сағат сайын не болып жатқанын баяндап тұрыңдар!» – деді.

Бұған кәдімгідей қуанып қалдым. Күні бойы мұздап, оған қоса: «Кімді күзетіп тұрсыңдар? Қазақ емессіңдер ме?» – деген сияқты айыптауды естіп, әбден мезі болғанмын.

Сонымен жатақханаларды бақылауға алдық. Алып бара жатқан ештеңе жоқ, бірлі-жарым болмаса, топырлап шығып жатқандар көрінбейді. Әлсін-әлсін кезекшіге телефон соғып, жағдайды баяндап, не болып жатқанын сұраймыз.

Сағат түнге қарайғы тоғыз-ондар шамасында хабарласқанда, Р.Нұртазиннің даусы үрейлі естілді. Өзі демде лап ете қалатын қызба мінезді, тез ашуланатын, болмашы нәрсеге күйіп-пісіп жүретін күйгелек. Көңіл күйі жақсы болғанда, одан жақсы адам жоқ, қалжыңдасып, әр нәрсені айтып, айналасындағыларды күлдіріп жүретін, ақкөңіл жігіт.

Ресейдің Орынбор қаласынан келген, туыстары сол жақта. Жағдайдың күрт өзгеруіне байланысты, өзінің де қызуы көтеріліп кетіпті. «Сұмдық болды, алаңда қырғын төбелес басталыпты. Өрт сөндіруші машиналардан су шашып, жиналған жұртты тарқатпақ болған екен, оның арты үлкен қақтығысқа алып келіпті. Автомашиналарды төңкеріп, өртеп жатыр. Екі жақтан да соққыға жығылғандар бар. РОВД-ға ұсталған адамдарды әкеліп жатыр, сөйлесуге мұрша жоқ, тездетіп алаңға жетіңдер. Тіпті әйел милиция қызметкерлерін де сонда жіберіңдер деген бұйрық алдық», – деді.

Біз алаңға келгенде ұрыс болып жатқан жерге келгендей әсер алдым. Әр жерде жанып жатқан көліктер, өртеніп қаңқасы қалған өрт сөндіргіш машиналар, құлақ тұндыратын айқай-шу.

Алаңға шыққандар мен тәртіпке жауаптылар арасында қақтығыс болып жатыр. Біреуді біреу аяп, мүсіркеп жатқан жоқ. Шерушілер лап қойғанда курсанттар, солдаттар, милиция қызметкерлері кейін шегінуге мәжбүр болады. Іле-шала қарсы шабуыл ұйымдастырылып, шерушілер кейін шегінеді. Осы кезде құлап қалған, ес-түссіз жатқан, жарақат алғандарды көтеріп алып шығады. Осылай алма-кезек. Жастар да құлап қалған жігіттерді көтеріп әкетіп жатыр. Бірін-бірі аямай тоқпақтаған адамдар.

Баррикаданың екі жағындағы Кеңес елінің азаматтары ата жауын көр­ген­дей бір-біріне қарсы шабуылға шы­ғып, аянбай айқасуда. Адам сенбес жантүр­ші­герлік оқиға.

Алаңда жүргендерден естідім, Мәскеу­ден келген Орталық Комитеттің жауапты қызметкерлері Разумов пен Мищенко, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Елисов, Бас прокурордың бірінші орынбасары Сорока, КГБ-ның бірінші орынбасары Бобков бастаған одақтық деңгейдегі басшылар басшылық жасап жатыр екен.

Осының алдында арнайы құрал тиеген әскери машиналар демонстрант­тар­дың қолына түсіпті. Онда сигналдық раке­талар, түтін-газ шашатын қол грана­талары, түтін-газ шығаратын жарылғыш заттар (дымовые шашки) бар екен. Сонымен қаруланған жастар патрондарды жанып жатқан отқа лақтырып, қалғандарын милиция қызметкерлері мен курсант, солдаттарға қарсы қолданып жатты. Отқа лақтырған оқ-дәрі (патрондар) тарсылдап кеп берді. Екі жақтан да жарақат алғандар бар. Бір ракета Орталық Комитеттің ғимаратының терезесін сындырып, өрт шығып, еденге төселген кілем жанып кетіпті. Өрт сөндіргіш 35 автомашинаның әр жері сынып, қирап, 2 автомашина жанып кеткен. 30 өрт сөндіруші жарақат алыпты. Алаңда 300-дей өрт сөндіруші жүрген.

Сағат түнгі ондар шамасында алған бұйрыққа сәйкес, өрт сөндірушілер 20 автомашинамен Фурманов пен Мир көшелерінен 2 колонна болып килігіп, алаңдағыларға су шашуға кіріскен ғой, оның арты осылай болған.

Ішкі істер министрінің орынбасары Э.Басаров соңынан осы оқиға туралы берген түсініктемесінде: «Республика прокуроры Елемісов екеуіміз кезек-кезек трибунада сөйлеп тұрғанда жиналғандар мрамор сынықтарымен атқылай бастады. Соның бірнешеуі басыма тиді. Басып киген папаха қорғап, соққының күшін азайтты», – деп жазыпты.

Г.Колбин өзінің 23 декабрь күні сөйлеген сөзінде: «Қолға түскендердің жартысынан көбі мас болса, қалғаны есірткінің күшімен жүрді. Белгісіз біреулер алаңда арақ таратыпты», – депті.

Мұнысы мүлдем өтірік. Бұзақылық­тың болғаны рас, машиналар өртенді, таяқ жеген, бастарын бинтпен таңып алған көптеген милиция қызметкерлерін көрдім. Бірақ мас болып жүрген бұзақыларды, нашақорларды байқамадым. Алаң жан-жағынан қоршауда тұрса, оған арақ тиеген машина қалай кіреді? Арақ таратып жатса, оны тәртіп сақшылары көрмей ме, суретке тартып алып, жауапқа тартпай ма? Ол кезде жалпы нашақорлардың саны өте аз болатын. Өз басым әскерден келгенше нашақорды көрген емеспін, олар туралы естімедім де.

Орта Азиялық әскери округінің қолбасшысы генерал В.Н.Лобов қала көшелеріне әскер кіргізу туралы бұйрық алыпты. Бірақ ол болып жатқан қантөгісті өз көзімен көрген соң бұйрықты орындаудан бас тартса керек. Армияның бұндай іспен айналыспайтынын, саяси іске араласпайтынын айтып, өзінің жәй ғана әскери адам емес, адамгершілігі, өз ұстанымы, саяси көзқарасы бар профессор, әскери ғылымның докторы атағына лайық екенін көрсетіпті. М.Соломенцев 23 декабрь күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюросында сөйлеген сөзінде: «Алаңда болған оқиғалар – жай, өздігінен болған жоқ. Бұл әдейі ұйымдастырылған іс. Кім ұйымдастырушы екені бізге белгісіз. Оны таба аламыз ба, айту қиын. Бірақ қалай болғанда да, бұл ұйымдастырылған іс. Біршама адам қылмыстық жауапқа тартылады. Сот процестері болады. Бұл туралы баспасөз, радио және теледидар арқылы хабар беру керек. Халыққа осының бәрін жақсылап көрсету керек. Комсомол, партия жиналыстары өтіп жатыр. Осы сорақылыққа, ұлтшылдыққа орын берген, бұзақылық жасаған коммунистер мен комсомолдарға берілетін баға өте қатаң болуы, қорытындысы басқаларға сабақ болуы қажет», – депті.

Мәскеуге жіберген құпия телефоног­рам­маға қол қойған Колбин, Бобков, Разумов: «17 желтоқсан күні таң атқалы бері жиналған топтар ұлтшыл ұрандар айтып, айқайлап, көшедегі жергілікті ұлт өкілдері емес адамдарды ұрып-соқты, Коммунистік партияның Орталық Комитетінің және Қазақстан Компартиясының атына жаулық көзқарастағы айқайға жол берді», – деп шындыққа жанаспайтын ақпарат беріпті.

18 желтоқсан күні түнде өткен мәжілісте Разумов: «Жаумен есеп айырысу керек, тәртіп орнату қажет. Көмек­тесіңдер, ерлік жасаңдар, тыныш­тан­дырыңдар. Бұл халыққа, партияға жаулық, жат қылық», – депті.

Алаңда жанып жатқан машиналардың арасында жүздеген адам жүгіріп жүр. Ішкі әскердің солдаттары демонстранттарды мінбеден төмен ығыстыра бастады. Мінбенің төңірегінде бастарын таңып алған бір топ милиция қызметкерлері тұр.

Солдаттардың, курсанттардың басында каска, қолдарында қалқан, дубинкалары бар. Сондықтан болар, таяқ жегендері, жараланғандары көрінбейді. Төбелес, айқай-шу, жан-жақтан ұшқан тас, әртүрлі кесек.

Дегенмен қолдарында арнайы құрал-сайманы бар, өздері тәртіп орнату, демонстранттарды тарқату мақсатындағы дайындықтардан өткен, шыныққан, сайдың тасындай іріктеліп алынған өңшең бойшаң Ішкі істер әскерінің солдаттары мен курсанттары, қолдарында сапер күректері, үйретілген иттері бар жергілікті шекара және жалпы әскери училищелерінің курсанттары басымдық көрсетуде. Қастарында бұйрық беріп, басқарып жүрген офицерлері бар. Лап қойғанда жапырып жібереді. Жастардың бір бөлігі қоршауда қалады, шегініп үлгермегендер қолға түсіп жатады. Біздің РОВД-ның үш-төрт қызметкері соққыға жығылып, госпитальге алып кетті. Бірнешеуі жеңіл жарақат алған, сол жерде орналасқан жедел жәрдем машиналарында көмек көрсетілді.

Біраз сақшы алаңда, қалғандарына ұсталғандарды қоршап тұру міндеті жүктелген. Оларды шетінен келген машиналар әкетіп жатыр. Біреулер кетсе, орнына жаңадан қолға түскендерді әкеледі.

Мен де солармен бірге, ұсталғандарды күзету жұмысына көмектесуге тапсырма алдым. Қанша уақыт өткенін білмеймін, түс көріп жүрген адам сияқтымын. Жан дүнием күйзелді. Таң атып қалған мезгілде: «Оншақты адам РОВД-ға барсын. Ұсталғандар ғимаратқа симай кетті, олардан жауап алатын қызметкерлер жоқ. Мыналар сонда барсын», – деп, аты-жөні аталғандардың ішіне кірдім. Кетерде қоршауда тұрғандарға тағы бір көз салдым. Олардың көпшілігінің үстіне мұз қатып қалыпты. Кәдімгідей аяз бар, сықырлап тұр. Тау жақтан аздап жел тұрды. Ал қатты аязды елеп жүрген адам жоқ.

Біз келгенде таң атқан. РОВД-ға жет­кізіл­гендердің саны тым көп екен. Уақытша қамалғандарды ұстайтын камералар, подвал және үшінші қабаттағы жиналыс өткізетін залға сыймағандар кіре берістегі дәлізде, өзгелері 3 қабатты ғимараттың коридорларында қатар-қатар иін тіресіп қалған. Кейбіреулерін өздігінен тұра алмағаннан ба, қасындағылар қолтықтарынан сүйеп тұр. Еденде отырғандар да бар. Арасында туысқан ағамыздың баласы отыр екен. Қабырғадағы жылу батареясына арқасын сүйеп, қалғып кетіпті. Әбден жаурап, қатты қалжыраған болуы керек. Арпалыса шайқасқандардың бел ортасында болғаны анық көрініп тұр. Бет-аузы күйеден қарайып кеткен. Құлақ шекеден біреу жақсылап ұрған ба шарфпен тартып байлап қойыпты. Бір аяғында бәтеңкесі жоқ, жұқа носки. Алысып жүргенде, не ұстап алып сүйрелегенде, аяғынан тартқылағанда шешіліп қалған болар.

Әке-шешесі ғылыми қызметкерлер. Өзінің жасы 17-18-дер шамасында, ана тілінде мүлдем сөйлемейтін, ұлт мәселесіне көңіл бөлмейтін бала. Интеллигент отбасынан шыққан әдепті, сыпайы, музыкамен айналысатын жігіт. Бұның алаңға қалай шығып кеткені түсініксіздеу секілді. Қасындағы достарымен қызық көріп барып, топқа қосылған соң, еліріп кетті ме екен? Әлде, ақын Назым Хикмет жазғандай:

Мен жанбасам лапылдап,

Сен жанбасаң лапылдап,

Біз жанбасақ лапылдап,

Аспан қалай ашылмақ! – деп шығып кетті ме екен?

Әкесін түнде алаңда кездестіргем. Баласын іздеп таппаған соң, сұрастырып мені тауып алыпты. Бірге іздемек болып едік, одан түк шықпады. Үйіп қойған бір мая шөптің ішінен ине іздегендей, нәтижесі жоқ тірлік. Ереуілшілердің қасына мен жақындай алмаймын. Қарша бораған тас кесек, арасында атылған ракета, басқа да жарылғыш заттар. Жақындасаң қара құстан бір ұрып, жаныңды жаһаннамға жіберуге дайын, тісін қайрап жүрген ашулы топ. Өз адамдарымыздан бір елі ажырасам шаруамның біткені. Жағалап қоршауда тұрған, қолға түскендердің арасынан іздедік. Телецентр жақта топырлап жүргендерді көріп барып едік, 500-600-дей жасақшы екен. Олар телецентрді күзетіп, қорғауға тапсырма алған көрінеді. Бір топ қыз стадион жаққа қарай жүгіре бет алып барады. Мына түрлерін әке-шешесі көрсе қандай халде болар еді? Алақандарына салып аялап өсірген балалары қауіп-қатердің ортасында. Аман-есен жетсе екен жатақханасына. Үрейленіп, қорқып, жан-жағына жалтақтап жүгіре басып барады.

«Алаңдағыларға су шашқаны қай сасқаны?» – деп сұрайды туысқан ағам. Мен қайдан білейін.

Соңынан белгілі болғандай, қалалық өрт сөндіру басқармасының бастығы М.Абдулманов өз түсініктемесінде оперативтік штабқа шақырғанын, сол жерде басшылық жасап отырған генерал-полковник Елисов «Метель» операциясын іске асыру барысында өрт сөндіргіш машиналармен су шашып, алаңдағыларды қуып, тарқату керектігі туралы тапсырма бергенін айтыпты. Қаладағы өрт сөндіргіш машиналар жетпейтін болған соң, облыстан қосымша күш шақыртылыпты.

«Енді амандығын тілейік, үйіңізге қайтқаныңыз дұрыс болар», – деп ағамызды әрең көндірдім. Марқұм өте дарынды, ерекше жаратылған адам еді, ерте қайтыс болды.

Дәлізде тұрғандардың бәрі үнсіз, Алаңнан ұсталғандары сыртқы бет әлпеттерінен байқалады. Таяқ жеген, киімдері жыртылған.

Соларды күзетіп жүрген бір қыз­мет­кер ұсталғандардың арасында тұрған бір