Жаңалықтар

Туристер Алакөлге әуе жолымен жетеді

ашық дереккөзі

Туристер Алакөлге әуе жолымен жетеді

Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласында әуежай пайдалануға берілді. Екі жыл бойы алакөлдіктердің білек сыбана кіріскен еңбегінің нәтижесінде Үшарал әуежайы жоспарланған уақытта бітті. Тәуелсіздік жылдарында елімізде жаңадан салынған алғашқы әуежай ретінде тіркелген нысанның құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Үшарал қаласынан 12 шақырым, ал көл жағалауынан 86 шақырым қашықтықта орналасқан әуежайға «Жетісу» әуекомпаниясының «Талдықорған-Үшарал» бағытындағы «UP – Y4025» және «Астана – Үшарал» бағытындағы «UP – Y4020» жолаушылар тасымалдайтын ұшақтары қатынай бастады. Осылайша, Алакөл көлдерінің жағалауына асығатын демалушылардың ауданға шаршамай, шалдықпай жетуіне жағдай жасалды. Осыдан бірер жыл бұрын пойыз қатынасы жолға қойылған еді. Енді міне, әуе қатынасы да қалпына келтірілді. Астанадан жасалған алғашқы әуе рейсімен жеткен бірінші туристерді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бастаған өңір тұрғындары зор қошеметпен қарсы алды. Ел қуанышын еселеген салтанатты шарада бірінші болып сөз алған Амандық Ғаббасұлы: «Жаңа әуежай шомылу маусымы қызған шақта, дер кезінде ашылып, алғашқы ұшақты қабылдады. Әуежайдың ұшу жолағы мен халықаралық талаптарға жауап бере алатын ғимараты ЯК-40, АН-24, Embraer, Bombardier CRJ200 сынды ұшақтар мен тікұшақтардың кез келген түрін қабылдауға қабілетті. Астанадан Үшаралға дейінгі рейстің билетінің бағасы 16 мың теңге болса, Талдықорғаннан Алакөлге 8 мың теңге төлеп жарты сағатта жете аласыз. Әуежайдың пайдалануға берілуі мен облыс орталығымен және елордамен тікелей әуе қатынасының жолға қойылуы аймақтың туристік әлеуетіне серпін беріп, қосымша табыс көздерін ашады. Алдағы кезде Жетісу өңірінің басқа да аймақтарындағы туристік мүмкіндіктерді толықтай пайдаланудың басқа да бағыттары мен жобаларын жүзеге асырамыз. Облысымызды әлем танитын болады», – деді. Үшарал қаласының жаңа әуежайы сағатына 50 адамға қызмет көрсете алады. «Жетісу» әуе компаниясы» АҚ Астана – Үшарал – Астана, Талдықорған – Үшарал – Талдықорған бағыттары бойынша әуе рейстеріне қызмет көрсетеді. Астанаға ұшақ аптасына төрт мәрте қатынаса, Талдықорғанға аптасына үш рет ұшатын болады. Жоғарыда аталған әуе бағыттарын субсидиялауға республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 177,2 миллион теңге қарастырылған еді. Айта кету керек, Алакөл жағалауына жетуді қамтамасыз ету мақсатында бұдан басқа да амалдар қарастырылған. 2015 жылдан бері «Жетіген – Достық – Жетіген» жолаушылар пойызы қатынайды және ол көл жағалауындағы демалыс орындары маңына міндетті түрде тоқтайды. Соның арқасында, өткен жылы Алакөл жағалауларында демалған туристер саны алғаш рет жарты миллион адамға жуықтады. Жаңа әуежайдың ашылуы туристер санының өсуіне ғана емес, жалпы аймақтың дамуына үлкен серпіліс әкелгелі тұр. Жалпы, Алакөл маңында туризм бағыты бойынша 162 нысан қызмет көрсетеді. Ондағы өндірістік инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша 2014 жылы 200 млн теңге, 2015 жылы 352 млн теңге бөлінген еді. Ақши және Көктұма ауылдары кәріз жүйесі құрылысының құжаттарын дайындауға 21,6 млн теңге қарастырылған. «Алакөлге елімізбен қатар ТМД-дан, тіпті алыс шетелдерден де демалуға азаматтар келіп жатыр. Алакөлдің туристік потенциалы зор. Жаңа әуежайдың ашылуы туристік саланың одан әрі дамуына тың серпін береді деп ойлаймын», – дейді облыстық туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арқау Шантаев.