Аң аттарын дұрыс жаза алмайтынымыз өкінішті

Аң аттарын дұрыс жаза алмайтынымыз өкінішті

Аң аттарын дұрыс жаза алмайтынымыз өкінішті
ашық дереккөзі

Соңғы жылдары елімізде ерекше қор­ғалатын табиғи аумақтарда қызмет атқаратын мамандардың газет бетінде жиі мақалалар жазып, өз ойларын ортаға салуы қуантады. Бұл әрбір қызметкердің өзіне жүктелген іске жауап­кершілік сезіммен қарай білген­дігін аңғартады. «Күліп жүріп істесең іс өнеді, жылап жүріп істесең іс өледі, ал жылауыңды қоймасаң ісің емес, кісің өледі» деген халық нақылы әрбір істі барынша ынта-жігермен беріле істесең, ісің нәтижелі болады дегенді білдіріп тұр. Халқымыздың ежелгі тұрмыс тіршілігі жыл бойы тікелей табиғт аясында өткендіктен, сол табиғаттың сан алуан сырларына ерекше көңіл бөліп, орынды қорытындылар мен тұжырымдар жасай білген. Жабайы түз тағыларының өздеріне тән табиғи ерекшеліктерін, олардың таби­ғат құбылыстарымен тығыз қарым-қатынасы туралы орынды айтыл­ған түйінді тұжырымдары мен ұлттық ұғымдары қазіргі биоло­гия ғылымдары ашқан ғылыми жаңа­лық­тарға дөп келетіндігі таң­ғал­дырады. «Мысалы, «көктем туды», «бекіре ойнақ», «тасбақа дауылы», «құралайдың салқыны», «текебұрқылдақ», «итбалықтың кіндік кесері», «құндыздың қыз ұзатуы», «Тобылғының бүр жаруы», «бөрі сырғақ», «қызыл жұмыртқа», «құс қанаты», «киіктің мойын жуары» және т.б ұлттық ұғымдар әрбір жабайы жануарлардың тіршілігінде жыл мезгілдеріне сәйкес байқалатын өзгерістерге қатысты айтылған ақиқат жағдайлардан хабар береді. Жабайы жануарлардың атаула­рын­да да дәл сол жануардың өзіне ғана тән белгілер нақты айтылғандығын да атап айтуға болады. Мысалы, қалқанқұлақ, жарқанат, дәуіт (биесау), қарақұрт, бүркіт, керқұлан, тарпан, ақбөкен (жезкиік), қарақұйрық, қарақұлақ және т.б. Халқымыздың тілінде ертеден қалып­тасып, сақталған әрбір атауда ұла­ғаты мол ұғымдар жатқандығы бел­гілі. Көрнекті жазушы, әрі ұлттық ұғымдардың жанашыры Жақау Дәуренбековтің «Ойдауа» (2010) атты ой-толғау кітабында, түйінді тұжырымдар, ұлағаты мол ұғымдар, даналық ой-пікірлерді көптеп кездестіруге болады. Мысалы, «Адамзатпен бірге арғыдан келе жатқан әрбір айтулы атауда ақпарат бар. Оны оқи білу, тегін тани білу өреміздің еншісінде», – деп қадап айтуының мәні зор. Жабайы жануарлардың ана тіліміздегі көне атауларын Махмұд Қашқари, Өтейбайдақ Тілеуқабылұлы, Сапарғали Бегалин, Мұзафар Әлімбаев, Балғабек Қыдырбекұлы, Ақселеу Сейдімбекұлы, Аюбай Құралұлы және т.б. ғалымдар мен ақын-жазушылар қадап айтқан. Сонымен қатар, мұндай атаулар теңеу сөздер мен сөз тіркестері ретінде сақталған. Соңғы жылдары кейбір мерзімдік баспасөз беттерінде жабайы жануар­лардың көне ұлттық атаулары бұрма­ланып беріліп жүруі жиі байқалады. Мысалы, «Көктем келді», «Ләйлек», «Қар барысы», «Жарқанат қандай құс?» т.б. деп жазу белең алып келеді. Халқымыз көктемнің жыл маусымдарының ішіндегі өзіне тән ерекшелігін мұқият ескере отырып, «Көктем туды» деп атауы табиғат құбылыстарына аса байқампаздықпен назар аударғандығын білдіреді. «Ләйлек» деген жыл құсын халқымыз ежелден «дегелек» деп атағандығын мынадай сөз тіркестерінен айқын байқауға болады. «Дегелек келді, жаз болды, бала-шаға мәз болды», немесе «Жылқының жауы – бөгелек, жыланның жауы – дегелек», «Аспанда ұшса дегелек, ордалы жылан тығылар» деген ұғымдар дегелектің өзіне ғана тән ерекшеліктерін нақты аңғартып тұрғандығын байқауға болады. «Қар барысы» деген атау барыстың немесе ілбістің орысшадан тікелей көшірме аударма атауы. Заңғар таулардың шың-құздарын мекен ететін бұл аңның ежелгі атауы «ілбіс» немесе «барыс» екендігіне ешкім де дауласа алмас деп ойлаймыз. Тіліміздегі «барыс» атауы сол аңның еркегінің атауы екендігін «таутанын тастап барыс ат, тон-ішікке жарайды» деген сөз тіркестерінен аңғаруға болады. Барыстың ұрғашысы (аналығы) – «таутан», ал оның күшігі – «алан» деп аталатынына да дәйекті дәлелдемелер ана тілімізде сақталған. Мысалы, «Таутанның алма аланын, кесіріне жолығарсың балаңның» деген мәтел бостан-босқа айтылмаған. «Жарқанат» деген ұғым ұшуға бейімделген жабайы аң, оның құсқа ешбір қатысы жоқ. Кейде баспа беттерінде бұғы және марал деп екі түрлі жануар ретін­де жазу да кездесіп қалады. Бұл екі атау сөздің «бұғы» атауы сол жануардың еркегінің, ал «марал» дегені ұрғашысының атауы, оның төлі – «қодыға» деп аталады. Сондықтан да, «бұғының мойын жуары» деген ұғым тек сол аңның еркегіне қатысты айтылады. Осыған орай, «марал шаруашылығы» емес, «бұғы шаруашылығы» деп жазу керек. Жыртқыш аңдарға қатысты атау­лар ана тілімізде көптеп сақталған. Мысалы, арқардың қошқары (аталығы) – құлжа, төлі – қозықа, аналығы – арқар, еліктің еркегі – күлміз, лағы – еңлік деп аталады. Арыстанның еркегі – ызақор, қаншығы – қаншыр, күшігі – абдан, жолбарыстың ұрғашысы – қанжыр, күшігі – сарымақ (шөнжік), аюдың еркегі – мақат, ұрғашысы – кірекей, ұрпағы – қонжық, ал борсықтың ұрғашысы – борсық, еркегі – борақ, ал ұрпағы – әзборақ және т.б. «Қарақұрт шақты» деген сөзді халқымыз ешуақытта қолданған емес, «қарақұрт тиді» дейді. Қорыта айтқанда, жабайы жануар­ларға қатысты ана тілімізде ертеден қалыптасқан төл атауларды орнымен дұрыс қолданып, тілге деген құрметімізді көрсете білейік, әрі ондай ұлттық рухани құндылықтарымызды кейінгі ұрпақтарымызға дұрыс бере білуге ұмтылайық!

Рысбай Сәтімбеков, ұстаз