Күріш қауызы кәдеге жаратылмақ

Күріш қауызы кәдеге жаратылмақ

Күріш қауызы  кәдеге жаратылмақ
ашық дереккөзі
Сыр өңірінің ғалымдары құрылыс және мұнай өндірісінде энергия және ресурс үнемдейтін технологиялар ойлап тапты. Тынымсыз зерттеулердің нәтижесінде күн сәулесін пайдаланып, бетон бұйымдарын тез әрі біркелкі кептіруге болатынын дәлелдеп шықты. Сондай-ақ, күріш пен мұнайдың қалдығын пайдаға жаратудың тың жолы табылды. Жыл сайын Қызылорда облысында шамамен 40 мың тонна күріш қауызы өндірістік қалдық ретінде босқа қалатын. Өңір ғалымдары күріш қауызын кәдеге жаратып, құрылыс материалдарын жасауды ұсынып отыр. Ағаш қалдықтарының орнына қарапайым кебекті пайдаланып, арболит жасауға болады. Бұл әдіс жеңіл бетон өндірісіндегі дәстүрлі технологиямен салыстырғанда біршама арзан әрі экологияны сауықтыруда пайдасы орасан.               «Жергілікті арзан шикізаттарды қолданамыз. Яғни жылу орталығының күлі, сонымен қатар әртүрлі химиялық қоспалар, сұйық шыны, кальций хлориді пайдаланылады. Солардың мөлшерін біз екі есе азайтып, арболиттің өзіндік бағасын төмендеттік»,  – дейді техника ғылымдарының докторы Сәкен Үдербаев. Ал техника ғылымдарының кандидаты Нәби Даужанов темірбетон бұйымдарын өндіруші кәсіпорындар шығынын азайтудың жолын ұсынып отыр. Бетон құймасын кептіру кезінде күн энергиясы пайдаланылады. Ол үшін ғалым арнайы гелиоқақпақ ойлап тапқан. «Гелиоқақпақтың төрт жағына төрт жақтау орнатылады да, екіқабатты полиэтилендік плёнка тартылады. Екі полиэтилендік плёнканың белгілі арақашықтығы бар. Егер ол сақталмаса, берілетін жылудың мөлшері өзгеруі мүмкін. Сол арқылы арнайы бекіткіш құлыптар арқылы бекітіліп, формалар қатайтылады», – дейді Нәби Даужанов. Жергілікті ғалымдар мұнай бұрғылау кезінде шығатын қалдықтарды да пайдалы іске бағыттауға болатынын айтады. Әдетте тонналап көмір шығындалатын керамзит өндірісіне енді қара алтын қалдықтарын қолданған жөн дейді олар. «Алынған технологияны біз Орал қаласындағы керамзит зауытында тәжірибелік сынақтан өткіздік. Ол зауытта акредиттелген зертхана бар. Сол зертхана біз алған керамзиттің құрамына сәйкестік сертификатын берді. Яғни мемлекеттік стандартқа барлық физикалық-механикалық қасиеттері бойынша сай келеді деген сөз», – дейді техника ғылымдарының кандидаты Роза Нарманова. «Қорқыт ата» атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары оқу ордасының зертханасында бірқатар тың технологияны әлі де сынақтан өткізуде. Олардың мақсаты біреу – энергия және ресурс үнемдеу тәсілдерін жетілдіріп, отандық өндірістің өркендеуіне жол ашу.