Мархабат Байғұт, жазушы: Көркем ниетті қазақ көркем әдебиетсіз қалмайды

Мархабат Байғұт, жазушы: Көркем ниетті қазақ көркем әдебиетсіз қалмайды

Мархабат Байғұт, жазушы:  Көркем ниетті қазақ көркем әдебиетсіз  қалмайды
ашық дереккөзі

Мархабат Байғұт. Бұл есім әдебиетсүйер қауымға, қалың оқырманға жақсы таныс. Оқырманын шығармаларындағы шынайылықпен баураған қаламгер Мархабат Байғұт 1945 жылы 25 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Пістелі ауылында дүниеге келген. 1964 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түскен бозбала желтоқсан айында әскерге шақырту алады. Әскери борышын өтеп келгеннен кейін Түлкібас аудандық «Шамшырақ» газетінде қызмет еткен. Бүгінге дейін жиырмаға жуық құнды кітаптарын жарыққа шығарды. Әдебиет әлемінде өзіндік орнын қалыптастырған жазушы Мархабат Байғұтпен әңгімелесудің өзі бір ғанибет!

– Мархабат аға, Қиыр Шығыста, Сібірде, Забайкальск әскери округінде, Даурия даласында, Байкал көлінің арғы жағында үш жылдық әскери борышыңызды өтепсіз. Алғашқы шығармаларыңызды да армия қатарында жазған көрінесіз. Осы шындық па?

Иә, тырнақалды туындымды әскер қатарында жүріп жаздым. Бірақ армияға дейін мектепте өлең жаздым, тіпті, сол туындыларым аудандық газетке жарияланды. Мектепте барлық ұлдардың атынан қыздарға хатты мен жазатынмын. Өйткені өлеңмен өріп жазған хаттарым әсерлі шығатын еді. Кейін өзімнің мінезімді салмақтап, өлеңімнің сапасына назар аударып, «менен ақын шықпайды-ау» деген қорытындыға келдім. Сол кезден прозаға қарай бет бұра бастадым.

Сіз сұрап отырған ең алғашқы әңгімем Даурия даласындағы құрылыс батальонында жазылды. Ол уақытта мен 21 жастағы жігіт едім. Құрылыс батальонында взвод командирі болып жүріп, әр аумақтағы құрылыс алаңдарына 50-ге жуық адамды жұмысқа апарып, алып келетінмін. «Күн астындағы Күнікей қыз» деп аталған тұңғыш туындым да сол уақытта дүниеге келді. Бұл әңгімем «Түркістан» газетінде осыдан 10 жыл бұрын, мен 60 жасқа толғанда жарияланған болатын. Ал әуелде бұл еңбегімді әскерде жүріп аудандық газетке жібергенмін. Онда «Лениншіл жас» секілді атынан ат үркетін басылымдарға әңгіме жіберуге жүрегім дауаламады. Сөйтіп, менің қаламымнан алғаш туындаған «Күн астындағы Күнікей қыз» аудандық «Шамшырақ» газетінде жарияланды.

Кейін әскерден қайтқаннан кейін де оқта-текте әңгіме жазып жүрдім. 29 жасымда жазушы Тұтқабай Иманбеков ағамыз мені Дулат Исабековпен таныстырды. Дулат Исабеков менен: «Маған көрсететін дүниең бар ма?», – деп сұрады. Үш әңгімемді қолмен жазып апарғанмын. Қолжазбамды алды да, кетіп қалды. Сосын хабарласып «таңертең жолығайық», – деді. Айтқан уақытта бардым. Сонда Дулат Исабеков қолымды қысып, құшақтап: «Сенен жақсы жазушы шығады. Шығармаңнан жалбыздың, ауылдың исі аңқып тұр», дегенді айтты. Содан кейін мен батылданып, көркем әдебиет әлеміне 29 жасымда келдім.

– Барнаулдан бастап Бийск, Новосибирск, Иркутск, Ангарск, Чита мен Шилка, Байкальск мен Забайкальск, Хабаровск, Владивостокқа дейін барған көрінесіз. Қарап отыр­сақ, қазақ жазушылары арасын­дағы жиһангезі өзіңіз екен. Осы сапарларыңыз шығар­машы­лығыңызға әсер етті ме?

Мұның бәрі әскер қатарында жүргендегі сапарлар ғой. Мен ол кезде саяхаттап, ел-жер көру үшін сапарға шыққаным жоқ. Жоғарыда айтып өткенімдей, құрылыс батальондары жұмыс жүргізген аумақтарға әр жақтан солдаттарды тасымалдаймыз. Біраз жерді көрдім. Армияда жүріп Читаның бір құпия қаласында 2,5 жыл болдық. Онда уран өндіріледі, содан кейін уранды өзге жаққа тасымалдайды. Қалада барлығы құпия болатын. Аэродромдар, құпия әскери дүниелер өте көп еді. Ал біз солардың құрылысын жүргіздік.

Әскерде жүргенде қолыма көп қалам ұстаған жоқпын. Себебі оған уақыт та, мүмкіндік те аз болды. Көркем дүние жазбасам да, армияда әдеби-көркем журналдарды оқуға уақыт табатын едім. Ол кезде Ресейдің барлық облыстарында арнайы көркем-әдеби журналдар шығып тұрды. Біздің «Жұлдыз» журналы секілді Хабаровскіде «Амур», Забайкальскіде «Байкал», Владивостокта «Приамурия» сынды журналдар жарық көретін. Сол журналдар арқылы Сібірден шыққан Василий Шукшин, Валентин Распутин, Евгений Евтушенко, Василий Белов сияқты әдебиет майталмандарының туындыларымен таныстым. Олардың алғашқы еңбектері осы журналдарда жарияланатын. Сол журналдарды асыға күтіп, үлкен ыждағатпен оқитынмын. Өзім шығармаларын оқыған авторлардан бірнәрсе болса да, үйреніп қалуға тырысатын едім.

– Сіздің 80-жылдардың ішінде «Интернаттың баласы», «Нәурізек» сынды кітаптарыңыз 30 мың данамен жарық көргенін білеміз. Бұл жас Мархабаттың қолы жеткен биіктігі дейік. Қазір Мархабат Байғұттың кітаптары қандай тиражбен тарайды?

Расымен де, ол кезде кітапта­рымның таралымы 30 мыңға жуық болатын. Алайда қазір де менің кітаптарыма сұраныс бар. Бүгінде жинақтарым 2-3 жылда, әрі кетсе 4 жылда шығып тұрады. Кейде баспалардан хабарласып: «Кітабыңызды шығарайық, оқырмандар тарапынан сұраныс бар, сіздің жинақтарыңызды басқа облыстар сұрайды. Бірақ қаламақы төлемейміз, есесіне, сізге 50-100 кітап береміз», деп жатады. Қанағат қарын тойғызады. Мен олардың дегеніне келісемін. Кейбір жазушылар қаламақы бе­рілмесе, кітабын шығарудан бас тартады. Ол дұрыс та шығар. Алайда мен кітаптарым оқырмандарымның қолына жете берсін деп ойлаймын. Баспаның берген кітаптарын қанағат тұтам. Қазақстан жағдайында қаламақыны шешуге әбден мүмкін еді. Енді шешілмейтініне әбден көзіміз жетті ғой. Әдебиетке келгенде, қоғамнан қуат, адамнан ұят қашып сала беретіні жасырын емес. Бәрібір, жанкешті жазушылар жазады, тәуелсіздіктің ертеңі үшін жанпидаға баруға да әзір. Өркениетке жетер жолда көркем ниетті қазақ ұлты көркем әдебиетсіз қалмақшы емес.

Қазір кітаптарым әрі кетсе 2000 данамен шығады. Таралымының аз болғаны маңызды емес. Бастысы, ол кітаптар өз оқырманын табады. Республикалық, облыстық кітап­ханаларға жеткізіледі. Бұл да бір жетістік. Іздеп, сұрап оқитын оқыр­манның болғаны да бақыт емес пе?

– 1995 жылдан бастап жыл са­йын бір кітабыңыз жарық көрген сияқты. Өндірте жазған екенсіз. Мұндай өнімділіктің сыры неде?

Жыл сайын дегенің тым артықтау болып кетті-ау. Кітаптарым жыл сайын болмаса да, 2-3 жылда бір шығып тұрды. Жалпы, мен өзімді өндіріп жазған жазушылардың қатарына жатқыза алмаймын. Менің жазғандарымның негізгісі – әңгіме, повесть. Қолыма қалам алып, ақ қағазға түсірген туындыларымның басын біріктіріп, осы уақытқа дейін 20 шақты жинақ шығарыппын. Ал қазір бір өзі 200 кітаптың авторы атанып жүргендер де бар. Олармен салыстырғанда менің жазғандарымның саны түк те емес-ау.

Менің шығармаларымның қатарын толтырып, қанжығасын қалыңдатып тұрған публицистикалық шығармаларым болар, бәлкім. Екі-үш кітабым «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» секілді беделді басылымдарда жарық көрген толғамдарым мен публицистикалық туындыларыма арналған. Публицистикалық дүниелерді қосып есептегенде шығармаларымның қатары көп болып көрінуі мүмкін. Мысалы, «Егемен Қазақстанда» бір бет материалым жарық көрген уақытта облыстық газетте де менің бір шығармам басылады. Сонымен бірге кейбір баспалар кітаптарымды қайта шығарады, ал кей әңгімелерім бірнеше кітапқа басылады. Осыны байқаған жанашыр жандар «Сен осы қай уақытта ұйықтайсың?» деп таңданып жатады. Бірақ бұл жай ғана сәйкестік. Әр газеттен аты-жөнімді оқып, туындымды көріп, мені «тым көп жазатын жазушылар» қатарына қосып қояды.

Соңғы 4-5 жылдың көлемінде «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі болдым. Қартайған шағымда өздері жұмысқа шақырған соң, басылымға бардым. Соның әсерінен қазіргі уақытта көркем дүние жазу біраз тоқтап қалды. Енді қайта жұмыс істеп жатырмын. Көркем әңгіме жазу үшін қағаз-қаламымды қайта сайлай бастадым. Әзірге екі жаңа туын­дым шықты. Жазуға тұрарлық жайттар жетіп-артылады қазір. Ол тақырыптарды жазып тауысу мүмкін емес. Сондықтан, қаламды қолдан түсіруге болмайды. Ал қазір қолымда театрдың тапсырмасы бар. Мен драматург емеспін, бірақ өзімді драматургияда да сынап көргім келеді. Бұған дейін Желтоқсан көтерілісінің 20 жылдығына арнап жазылған «Жоғалған жұрнақ» атты әңгімем Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрында сахналанған. Өзімді драматургияда тағы да сынап көрмекпін.

– Әбілда Аймақ, Бақытжан Алдияр сынды жас ақындарды қанатыңыздың астына алған екенсіз. Жас әдебиетшілерге бағыт беріп, қамқорлық көрсетуден шаршаған емессіз. Бұны бәрі де мойындайды. Ал қазір жастармен творчестволық байланысыңыз бар ма?

Мен Қазақстан Жазушылар одағының облысаралық (Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарын қамтитын) бөлімшесінің жауапты хатшысы болдым. Сол кезде міндетіме орай жас ақын-жазушыларды тәрбиеледім. Содан бері жастармен байланысымды ешқашан үзген емеспін. Осыдан біраз уақыт бұрын Түлкібас ауданының бір топ азаматтары «Мархабат-Мирас» қорын құрған. Қордың негізгі мақсаты – жас қалам иелерін тәрбиелеу. Көркем әдебиетке, кітап әлеміне бетбұрыс жасау мақсатында түрлі байқаулар ұйымдастыру. Мен сол қордың сабағын жүргіземін. Жазуға икемі бар балалардың шығармаларын талқылаймыз. Шығармашылық туралы әңгіме айтамыз.

Орайы келгенде айта кетейін, Оңтүстік Қазақстан облысында Шұбайқызыл дейтін әулие төбе бар. Сол төбе 150 жылдан бері «Красная горка» атанып кеткен. Соның Шұбайқызыл деген атауын қайтарып, жастардың санасында сақталу үшін «Шырайлым – Шұбайқызылым» атты байқау ұйымдастырдық. Осы байқау арқылы Шұбайқызылды жырға қосқан жас дарындар танылды. Бір жағынан байқау арқылы жас таланттарды жарыққа шығарсақ, екінші жағынан әулие төбенің атауы да қайта қалпына келтірілді. Таяуда 11 ақын-жазушы «Шымкенттен – Шұбайқызылға» дейін 70 шақырымдық жаяу сапар ұйымдастырдық. 2,5 күн жаяу жол жүрдік.

Жаңалыққа ұмтылу, ізденіс тұрғысынан алғанда, мен жастардың ол әрекетін айыптамаймын. Жаңалық ашу үшін, ізденістерге бару үшін эксперименттер керек. Мен де кейде бір тәжірибелер жасағым келіп, өзімше бір сюжеттерді құбылтып, характерлерді ойнатып, болмайтын нәрселерді болғандай етіп, сөз ойнату, қос сөздерді бөліп алып, екі түрлі мағына беріп, солардың мәнін үстемелеп, екпіндетіп көрсету сияқты эксперименттерге барамын. Ал жалпы, көркем шығарманы жазғанда тым шетелшіл болып кету, импорт киімге, импорт мәшинеге, импорт бұйымдарға, шетелдік иіссу, опа-далапқа құмарту менің табиғатымда жоқ. Шектен тыс емес, Абай айтқандай, әр нәрсенің мөлшері, өлшемі болуы керек. Ол ұмтылыстарда да, ол эксперименттерде де өлшем мен мөлшерден асуға болмайды. Сондықтан жастар­дың тым шетелшіл, тым экспе­риментшіл болып кеткені қауіпті де.

Қазіргі уақытта менің шәкіртім болған Әбілда Аймақтың да, Бақытжан Алдиярдың да өз шәкірттері бар. Олар мені «ата» дейді. Демек, менің бүгінгі қазақ әдебиетінің ілгерілеуіне тамшыдай болса үлес қосып жүрген балаларым да, немерелерім де бар. Сондықтан да, қазақ әдебиетіндегі жас қаламгерлердің қадамдарын хал-қадерімізше қадағалауға тырысамын. Дархан Бейсенбекұлы дейтін жас прозашының бір-екі әңгімесін оқып, дәстүр мен жаңашылдықтың үйлескен үде­рісіне қатты қуандық. Мақсат Мәліковтің, Қанат Әбілқайырдың дүниелерін, Аягүл Мантаева мен Лира Қоныстың шығармаларын көре қалсақ, міндетті түрде оқып шығамыз. Құрамында Бейбіт Сарыбай, Саят Қамшыгер, Мәлік Отарбаев сынды ұл-қыздарымыз бар тегеурінді топ бастаған бірер шоғырдың шоқ жұлдыздарға айналарына сенемін.

– Белгілі жазушы Кәдірбек Сегізбай сіз туралы «Сенің жазу-сызуыңдағы кейбір әуендер Василий Шукшинмен үндесіңкірейтінін байқадым» депті. Өзіңіз де Валентин Распутин, Виктор Астафьев, Василий Шукшинді жата-жастана оқыған екенсіз. Өзіңізді орыс әдебиетінен көп үйрендім деп санайсыз ба?

Иә, мен орыс әдебиетінен көп нәрсе үйрендім. Оны жасырмаймын. Бірақ менің пірім – Бейімбет Майлин. Ал орыс әдебиетінен Василий Шукшинді шұқшия оқығаным рас. Шукшиннің 3-4 әңгімесін тәржімаладым, одан кейін «Менің Шукшинім» деп аталатын туындымды жаздым. Осының өзінен-ақ менің Шукшиннен көп нәрсе үйренгенімді аңғару қиын емес болар. Мен Василий Шукшинді жақсы көрдім. Мүмкін, оның мінездерінен өзімнен ұқсастық тапқан болармын. Шукшин прозасындағы мұң, ауылдағы адамдардың аңғалдығы, адалдығы, аңқаулығы маған ерекше әсер қалдыратын. Менің әңгімелерімде де осы тақырыптар кездеседі. Біздің тағы бір ұқсастығымыз – юмор. Менің шығармаларымда да сарказм бар. Мен осының барлығын Шукшиннен үйрендім. Шукшиннің шығармаларымен әскерде жүріп-ақ жақсы таныстым. Распутиннен де, Астафьевтен де біраз нәрсе үйрендім. Оны жасырмаймын. Көбірек оқи бергеннен кейін жұғады ғой. Әсіресе, Шукшинді өзім жаныма жақын тұтамын. Шукшин шығармаларын қайталап оқи беремін. Сайын Мұратбеков, Оралхан Бөкей, Шерхан Мұртаза сынды қазақ әдебиетінің тау тұлғаларын қалай қайталап оқысам, Шукшинді де солай сан мәрте оқимын. Мен орыс әдебиетінен үйренгеніммен, бізде ұлттық уыз, ұлттық дәстүр жетіп-артылады. Ал бізге ең бас­тысы, жаңашылдықты, ізденісті тек шетелден іздеуден, әлемдік әдебиеттің биігіне шығамыз деп ұлттық уыздан айырылып қалудан сақтануымыз керек.

– Жазушы ғана емес, жур­налис­тикада да өзіңіздің жазу тәсіліңіз бар. Журналистиканың қасаң тілі жазушы тілінің шұрай­лылығына кедергі келтірмеді ме?

Мен әскери борышымды өтеп келгеннен кейін Түлкібас ауданының «Шамшырақ» газетінде 6 жыл, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде 10 жылдай, «Егемен Қазақстанда» 5 жыл қызмет атқардым. Журналист болмасаң қалай күн көресің? Жазушылықпен күн көре алмайтынымызды сіздер де білесіздер. Сондықтан журналист болдық. Оған өкінбеймін. Публицистикаға ойысып, шерін тарқатып, қоғамға, адамға қажетті мәселелерді көтеріп жүрген жалғыз мен емес, бұл салада бізден әлдеқайда мықты жазушылар көп. Шығармашылықты тоқтатып қойып, таза журналистикаға ойысып кетті деу ойланатын мәселе екен. Бірақ дәл қазір ішінара көркем шығарманы да күйттеп жүрміз. Журналистикамен де күн көріп жүрміз. Таза көркем шығармамен айналыссаң, аштан өліп қалуың да мүмкін.

Қазіргі қазақ журналистикасында да көркем әдеби сынымыздағыдай шынайы талдама жағы кемшін секілді. Журналистік зерттеу-зерделеу мен тағылымды талдауды айтып отырмын. Журналистік жауапкершілік, жазу мәдениеті, тілге, пікірге деген зияттылық, этика, әдеп дегендер жазылмаған заң еді. Журналистика мен көркем әдебиет екі бөлек. Кейде көркем дүние жазғанда журналистиканың жібі кетіп қалады, бұл құбылыс менде ғана емес, барлық жазушыларда кездеседі. Оны мойындауымыз керек. Кейде ол айқын білініп, «әттеген-ай» деп қалатын тұстар болады. Кейде ол шынайылыққа қарай икемдеп, қолғабыс тигізіп тұратын секілді.

– Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан Әсел ӘНУАРБЕК