«Денсаулық жолы» акциясы басталды

«Денсаулық жолы» акциясы басталды

«Денсаулық жолы» акциясы басталды
ашық дереккөзі
Алматыда «Біз – салауаты өмір салты үшін!» ұранымен жыл сайын ұйымдастырылатын «Денсаулық жолы – 2017» акциясы биыл да жалғасын тапты. Шараның аясында денсаулығына көңіл бөлуге уақыт таппайтын қара базардағы саудагерлер арнайы тексеруден өтуде.  Акция  1 маусымнан 31 тамызға дейін ұйымдастырылады. Бұл күндері қала мекемелері мен ұйымдарында, базарларда   профилактикалық тексерулер, ашық есік күндері, мамандар кеңестері салауатты өмір салты ақпараттық науқаны өтіп, халықтың денсаулығына байланысты арнайы статистикалық деректер сараланады. Соңғы жылдары ВИЧ дертіне шалдыққандардың қарасы басым. Әсіресе, бұл сан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері шоғырланған базардағы саудагерлер арасында жиі тіркеледі. Ал олардың тексеруден өтіп, денсаулығының сырын біліп жатқаны кемде-кем. Алматы қаласы ЖИТС  алдын алу және оған қарсы күрес орталығы  қызметкерлері де  «Денсаулық жолы – 2017» аясындағы  кең көлемді акцияға  қатысып, қала базарларында АИТВ-инфекциясына экспресс-тестілеу өткізуді қолға алды. Акцияның алғашқы күндерінде мобильдік зертхана «Ялян», «Рахат» базарларына барып қайтты. Медиктер тексерілуге келгендерді тесттен өткізіп, кеңестер беріп, сұрақтарына жауап берді. Экспресс-тестілеу әдісі 15 минут аралығында адамның АИТВ-статусын білуге мүмкіндік береді. Тестілеу тегін, жасырын  және құпия өтеді. Тіпті, акцияға базардағы сатушылардан бөлек,  келушілер де қатыса алады. Қазірдің өзінде дәрігерлер 100 адамды қабылдады. Олардың ішінде базардағы орын иелері, саудагерлер, жүк тасушылар да бар. Атап айтқанда, Жетісу ауданындағы №11 емхана қызметкерлері экспресс-зертхана арқылы келушілердің холестерин мен қант деңгейін тексеруде. Сондай-ақ, флюра құрылғысы да жұмыс істейді. «Биылғы акция 2 айға созылады. Жұмыс орнынан кете алмайтын жұмыскерлерді, базар қызметкерлерін тексеріп жатырмыз. Олардың арасынан денсаулығы нашар адамдарды ары қарай бақылауға алатын боламыз», – деді Алматы Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының бөлім басшысы Гүлсара Есмағамбетова. Мамандардың айтуынша, келушілердің арасында міндетті медициналық сақтандыру жайында сауал қойғандар өте көп болған. «Пациенттер тарапынан сауал көп. Әсіресе, өзінің медициналық әлеуметтік сақтандыру аясындағы статусын білмейтіндерге сол жерде анықтап, түсіндіріп жатырмыз», – дейді №11 емхананың профилактика бөлімінің басшысы Сұлтанова Жигагүл. Тестілеудің тағы бір пайдасы – бұл  диагноздың нәтижесі оң болған жағдайда, қажетті  көмек алуға болады және өз денсаулығыңды сақтап қалуға көмек береді. ЖИТС  алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бас дәрігері Талғат Бапиевтің пікірінше, АИТВ-инфекциясын алдын алу барысында АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды кемсітуге жол бермеу керек және ол үшін кез келген көмек беріледі.