Алқалы жиынның қаузағаны – ауыл шаруашылығы

Алқалы жиынның қаузағаны – ауыл шаруашылығы

Алқалы жиынның қаузағаны – ауыл шаруашылығы
ашық дереккөзі
Елордада Жібек жолы ауыл шаруашылығы білім беру және ғылыми инновациялар альянсының отырысы өтті. 13 елдің 69 жетекші ауыл шаруашылығы университеттері мен ғылыми орталықтарын біріктіретін бірлестік 2016 жылдың қараша айында құрылған болатын. Басқосуға ҚХР, ТМД, Еуропалық одақ және Таяу Шығыс елдерінен 50-ден астам университеттің ректорлары мен ғылыми орталықтардың жетекші ғалымдары қатысты. Форум меймандары 2018-2020 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ортақ технологиялық міндеттерді бірлесе шешудің жұмыс жоспары және аграрлық сектордағы қуат үнемдеу технологиясы мен баламалы қуат көздерінің келешегін талқылады. Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қ.Айтуғанов С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті ұйымдастырған жиынның аграрлық ғылым мен білім саласындағы маңызы зор екендігін айтса, Парламент Мәжілісі Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты С.Омарханов басқосудың халықаралық ЭКСПО көрмесіне сәйкес келгеніне тоқталып, университет базасында Солтүстік және Орталық Қазақстанның интеллектуалдық, инфрақұрылымдық әлеуетін біріктіру нақты технологиялық жетістіктерге қол жеткізетіндігін атап өтті. С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ ректоры А.Күрішбаев аграрлық ғылымның даму бағыттары жөнінде баяндама жасады. Ректор аталған альянстың технология трансферті мен біліми және ғылыми тәжірибелер алмасудың таптырмас бірегей алаңы екенін, әріптестіктің өзге тетіктерін қоса есептегенде, альянс мүшелерінің бірлесе жұмыс істеуі Жер шарының үштен бір бөлігіне өзара ауыл шаруашылығы инновацияларымен алмасуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ал Қытайдың Солтүстік-Батыс Ауыл және орман шаруашылығы университетінің ректоры Суи Чишин қазақстандық жоғары оқу орындарымен әріптестіктің өзектілігіне тоқталды. «Ауа райы мен жер жағдайының ұқсастығы ауыл шаруашылығы ғылымының барлық саласында байланыста болуға жол ашады. Күш біріктіріп, бірлесе жұмыс істеу агроөндірістік секторда технологиялық трансфертке қол жеткізуге, аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді қытайлық маман. Форумның негізгі нәтижелерінің бірі – Қазақстан, Қытай, Ресей елдерінен тағы 10 жоғары оқу орнын қабылдау туралы меморандумға қол қоюы. Олардың арасында Гуанси ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы, Шыңжаң экология және география институты (ҚХР), Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университеті, Приморье мемлекеттік ауыл шаруашылығы академиясы, Оңтүстік Орал мемлекеттік университеті (РФ), Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті және Кастоману университеті (Түркия) бар. Сонымен қатар, шетелдік делегация өкілдері Қазақстан-Қытай агроинженерлік орталығында болып, университеттің ет-сүт өнімдерін өндіретін цех жұмысына жоғары баға берді. ҚазАТУ ректоры қонақтарға университеттің агроөнеркәсіп кешені бойынша батыстық үлгідегі ғылыми-зерттеу орталығына айналатындығын жеткізді. Ректордың айтуынша, Калифорниядағы Дэвис университетінің ұсынысы негізінде дайындалған ҚазАТУ даму бағдарламасы трансформациялауға қажетті барлық өзгерістерді қамтиды. Мұнымен қоса, қонақтар Қытай, Ресей, Беларусь, Германия елдеріндегі әріптестердің қатысуымен құрылған ғылыми-зерттеу кампусы мен бірлескен орталықтардың және қытайлық серіктестердің қолдауымен жақында ашылатын ветеринарлық зертхананың жұмысымен танысты. Зертхана Қытайға экспортталатын ет өнімдерінің сапасын бағалауға жағдай жасайды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамы бойынша, Қытайға шығарылатын ет экспортының көлемі жыл сайын 30 мың тонна сиыр, 360 мың тонна қой етін құрамақ. Екі тараптың мұнан да өзге жоспарлары жетерлік. Мәселен, Астанада түрлі ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру үшін елімізде қандай агротехнологияны қолдануға болатынын бірлесе зерттеуге мүмкіндік беретін органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін сертификаттауға арналған зертхана ашу көзделіп отыр.