Тарихи орындар дәріптеледі
Тарихи орындар дәріптеледі
Оңтүстік Қазақстан облысында биылғы жылдың соңында «Көне жетігеннің сыры» атты 13 сериялы кинохикая мен «Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» атты анимациялық фильмдердің тұсауы кесілмек. Бұл туралы өңірлік коммуникация орталығында өткен баспасаөз конференциясында «Оңтүстік-фильм» киностудиясының директоры Батырхан Дәуренбеков хабарлады.
Аталған туындылардың түсірілім жұмыстарымен елімізге белгілі «Сақ» және «Оңтүстік-фильм» киностудиялары айналысады. Бұл туындылар Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен өңірдің киелі және тарихи жерлерін дәріптеу мен туризмді насихаттау мақсатында түсірілуде. «Аталған туындылардың идея авторы – Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев. Жыл басында облыс әкімі бізді арнайы қабылдап, ішкі туризмді дамытуға себепкер болатын кино және анимациялық фильмдер түсіруге тапсырма берген болатын. Кейіннен бюджеттен қаржы бөлді. «Көне жетігеннің сыры» атты кинохикаяның түсірілім жұмыстарына 30-ға жуық актер тартылып, жұмыс жүйелі түрде жалғасуда», – дейді Батырхан Қалдарбекұлы.
«Көне жетігеннің сыры» атты киножоба желісі өте қызықты. Қазығұрт асуындағы жол жөндеу жұмысымен айналысып жатқан экскаваторшы сырты шіруге айналған тері қапшық тауып алады. Қапшықтың ішінен көне жетіген аспабы шығады. Ішектері мен асықтары жоқ бұл аспаптың сыртқы бетінде ескі көне түркі әріптерімен жазылған жазудың іздері көрінеді. Фильмнің басты кейіпкері – Самал мен оның досы Нұржан және археолог Жандос үшеуі жетігеннің сыртындағы өлең шумақтарының құпия сырларын ашуға тырысады.
Фильмнің бас режиссері Нуриддин Паттеевтің айтуынша, кино Түркістан, Арыстан баб, Отырар, Сауран, Сайрам, Ақсу-Жабағылы, Қазығұрт тауы, Өгем секілді тарихи және табиғаты әсем жерлерде түсірілуде. Жалпы, фильмге 70 млн теңге бөлініп, әр сериясына 6 млн теңге шығындалып жатқан көрінеді.