Жаңалықтар

Тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету

ашық дереккөзі

Тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету

Елімізде мемлекеттік қызметшілер арасында әйелдердің үлесі  артқан. Бұл туралы Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен Қазақстан Президентi жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның отырысында айтылды. Мемлекеттік хатшы биыл Қазақстан үшінші жаңғыруды іске асыруды бастағанын айтты. Г.Әбдіқалықова бүгінде елімізде Мемлекет басшысы белгілеп берген негізгі үш саланы – экономиканы, саясатты және қоғамдық сананы жаңғырту мәселесі бойынша алға қойылған міндеттердің жүзеге асырылып отырғанына назар аударды. Мемлекеттік хатшы рухани жаңғырудың озық үрдістерін іске асырудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол адам бойында рухани құндылықтарды, бәсекеге қабілеттілікті, прагматизмді қалыптастыру, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімге құштарлықты арттыру ісінде отбасының, атап айтқанда, өскелең ұрпақты тәрбиелеп отырған әйелдердің басты рөл атқаратынын айтты. Осыған орай, Г.Әбдіқалықова еліміздің әйелдер қауымын «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық жобасының 6 бағытын ілгерілету үшін барынша күш жұмылдыруға шақырды. Жиында БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу бағытында Қазақстан Республикасында атқарылған жұмыстар жөнінде Сыртқы істер министрлігінің ақпараты тыңдалды. Айта кетсек, 2015 жылғы 25 қыркүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымының саммитінде БҰҰ-ға мүше мемлекеттер «Баршамызға ортақ әлемді қайта құру: 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған орнықты даму саласындағы күн тәртібі» атты жаһандық даму саласындағы күн тәртібін қабылдады. Орнықты даму саласы 2030 жылға дейін қол жеткізілуге тиіс 17 мақсаттан, 169 міндеттен және 230 көрсеткіш-индикатордан тұрады. Бұдан бөлек, отырыста мемлекеттік қызметті жаңғырту және мансап тұрғысынан ілгерілеу барысында тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету туралы айтылды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ақпаратына сәйкес, 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еліміздегі мемлекеттік қызметшілердің арасында әйелдердің үлесі – 55,5%-ды құрайды: 92 мың 203 мемлекеттік қызметшінің 51 мың 151-і – әйелдер. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 0,5%-ға жоғары, 2016 жылы 91 мың 330-дің 50 мың 219-ы әйелдер болған. Құзырлы агенттіктің мәліметінше, 2016 жылы «Б» корпусындағы әкімшілік лауазымдарды иеленуге арналған конкурстарға 43476 кандидат қатысқан, олардың 20 мың 862-і – әйелдер (яғни 48%). Конкурстардың нәтижелері бойынша тағайындалған әйелдердің үлесі 48,5% болды (20 мың 690 адамның 10 мың 32-сі). Бұл ретте «Б» корпусындағы басшылық лауазымдарға 6 мың 134 үміткердің 42,9%-ын немесе 2 мың 633-ін әйелдер құраған. Ал басшылық қызметтерге тағайындалған әйелдердің үлесі – 34,8% болып отыр, яғни 4 мың 357 басшының 1 мың 524-і. Сондай-ақ, ұлттық комиссия отырысында қиын жағдайға тап болған тұлғаларға қолдау көрсетумен айналысатын Семей қаласындағы «Отбасы орталығы» қоғамдық қорының жұмыс тәжірибесі таныстырылды. Жиынды қорытындылаған Гүлшара Әбдіқалықова мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.