Қазақ тауарын 110 ел тұтынады
Қазақ тауарын 110 ел тұтынады
«Бүгінгі таңда өңдеуші өнеркәсіптің қазақстандық өнімдері 110 елге экспортталып жатыр. Кейбір тауар позициясы бойынша өткізудің тың нарығы ашылған. Алғашқы алты айда «Азия-авто» компаниясы өндіретін автокөліктің 672-і Қытай мен БАӘ-ге жөнелтілді. Қытайлық әріптестермен бірлесе құрастырылған Қостанайдағы автокөліктер Тәжікстанға экспорттала бастады. Ауыл шаруашылығы техникасы тұңғыш рет Ресей нарығына жол тартты. Локомотивтер экспорты Тәжікстан мен Әзірбайжан еліне де жолға қойылып, 40-қа жуық локомотивті өткіздік. Бұл тізімді одан ары да жалғастыра беруге болады», – дейді министр.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, өңделетін өнеркәсіп өнімдерінің мөлшері ағымдағы жылдың қаңтары мен шілдесі аралығында 8,7 млрд теңгені құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 27 пайызға артық. Сонымен қатар, министр өңдеуші сектордың үлесі 7 ай бойынша 32,7 пайызға артқанын атап өтті.
«Өңдеуші секторда бәсекеге қабілеттілік артып келеді. Осылайша, 2010-2016 жылдар аралығында өңдеуші өнеркәсіп саласында орта және ірі кәсіпорындар бойынша еңбек өнімділігі екі есеге өсіп, жан басына шаққанда 38,9 мың АҚШ долларына жетті», – деді министр.
Ведомство басшысы сонымен қатар, индустриялық даму бағдарламасының арқасында жалпы экономика мен өнеркәсіптің құрылымы өзгеріп келе жатқанын айтып өтті. «Өңдеуші сектордың ел экономикасының дамуындағы үлесі 2010 жылы 11,3 пайызға, 2017 жылдың 7 айының көрсеткіші бойынша 12 пайызға жетті. Бұл дегеніңіз, индустриаландыру бағдарламасы, шынында да, Қазақстанның экономикасына әсерін тигізетінін көрсетіп отыр. Өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 2010 жылы 30,5 пайызға, 2017 жылдың 7 айы бойынша 41,1 пайызға өсті», – деп түйді министр.