36 елдің инвесторына басымдық беріледі
Бұдан былай Қазақстанда инвесторларды тарту ұзақмерзімді стратегиялық негізде жүреді. Себебі инвестиция үшін перспективті салаға тек үш сектор кірді. Осы мақсатта Үкіметте 2018-2022 жылдарға арналған «Ұлттық инвестициялық стратегия» бекітілді. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек атап өткендей, стратегияның негізгі мақсаты тиімділікті арттыруға бағытталған қолайлы инвестициялық климат құру және инвестиция тарту болмақ. «Стратегия табысты іске асатын болса, бес жылдың ішінде тікелей шетелдік инвестицияның экономикаға жалпы ағыны 2016 жылмен салыстырғанда, кезең-кезеңімен 26 пайызға дейін артады. Ал экспортқа бағытталған инвестициялар 50 пайызға дейін өседі деген болжам бар. Сонымен қатар, отандық кәсіпкерлер салатын ішкі инвестициялардың ұлғаюы да болжанып отыр. Шикізаттық емес сектордың негізгі капиталына құйылатын инвестициялар көлемі 46 пайызға дейін өспекші», – деді Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек. Бүгінде министрлік Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, тиімділікті арттыруға бағытталған жаңа инвестицияларды тартуға барынша ұтымды болатын басым салаларды белгіледі. Бұл салалар екі топқа бөлінеді. «Бірінші тобы – «әлеуеті қажетке жаратылушы салалар». Яғни, бұл қатарға азық-түлік өнеркәсібі, мұнай-газ және пайдалы қазбаларды терең өңдеу, яғни металлургия, химия және мұнай-химия, сондай-ақ, машина жасау салалары жатады. Осылайша, аталған топ қысқа мерзімді немесе орта мерзімді келешекте тиімділікті арттыруға бағытталған тікелей шетелдік инвестицияны ілгерілету мүмкіндігі жоғары салалардан тұрады. Екінші топ – «перспективті салалар», яғни ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, туризм және қаржы. Бұл топ ұзақ мерзімді келешекте инвесторларды қызықтыруы мүмкін салалардан тұрады», – деді Инвестициялар және даму министрі. Жалпы, үкімет қабылдаған стратегияны іске асыру инвестиция саласын түбегейлі реформалауға, инвестиция ағынының өсіміне қол жеткізуге және ел экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Стратегияға сәйкес, ел үкіметі 2022 жылға қарай келесідей мақсатты көрсеткіш-индикаторларға қол жеткізуге уәде береді. Біріншіден, тікелей шетелдік инвестицияның (ТШИ) жалпы ағыны 126 пайызға артады. Екіншіден, ТШИ-дің еліміздің жалпы ішкі өніміне шаққандағы жалпы көлемі 2022 жылы 19 пайызға артады. Үшіншіден, тиімділікті арттыруға бағытталған ТШИ-дің, соның ішінде өңдеу өнеркәсібіне құйылатын шетелдік инвестициялар ағыны 1,5 есеге артады. Төртіншіден, экономиканың шикізаттық емес секторының негізгі капиталына құйылатын инвестиция көлемі (мемлекеттік бюджетті қоспағанда) 1,46 есеге өседі. Бесіншіден, экономиканың шикізаттық емес секторының негізгі капиталына құйылатын сыртқы инвестиция көлемі 1,5 есеге ұлғаяды. Тағы бір айта кетерлік жайт, ұлттық стратегияда Қазақстан басымдық беретін инвестор-елдер анықталды. Құжатта олардың тізімі беріледі. «Экономикалық мүмкіндіктері ескеріле отырып, әлемнің 36 әлеуетті елі анықталды. Оның ішіндегі 11-і біз басымдық беретін елдері болып саналады. Бұлар – Америка Құрама Штаттары, Ресей Федерациясы, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Қытай Халық республикасы, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері», – деді Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек. Ал ведомство сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, осы елдермен жұмыс істеу бойынша жеке-жеке әрі нақты іс-қимыл жоспарын әзірлейтін болады. Стратегия аясында Қазақстанның инвестициялық климатын жақсарту мақсатында министрлік алдын-ала болжауға болатын инвестициялық саясаттың ашықтығын арттыруға ниетті. Бұдан бөлек, қолданыстағы инвестициялық преференциялардың тиімділігіне сараптама жасалады. «Визалық және көші-қон режимін, шетелдік жұмыс күшін тарту шарттарын, салық және кеден заңнамасын жетілдіру бойынша кешенді шаралар қарастырылады. Сондай-ақ, Қазақстанның «Doing Business» рейтингіндегі орынын көтерудің шараларын қабылдау жоспарланып отыр», – деді Жеңіс Махмұдұлы. Сонымен қатар, министрлік инвесторлардың құқығын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдірмек. «Инвесторлар қауымдастығымен бірлесіп, инвестициялық омбудсмен институтын реформалау, инвесторлардың құқығын сот арқылы қорғауды жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірленеді. Сондай-ақ, шетелдік инвесторлардың «Астана» халықаралық қаржы орталығының сот жүйесіне қол жетімділігін қамтамасыз ету мүмкіндігі қарастырылуда. Бас прокуратурамен бірлесіп, мемлекеттік органдардың инвесторлар қызметін тексеруді азайту жөнінде кешенді жоспар әзірленетін болады», – деп мәлімдеді Жеңіс Қасымбек. Тағы бір жаңалық бар: кез келген шетелдік инвестордың шағымы «дабылға» теңестіріледі. Осы орайда инвесторлардың шағымдарын және мәселелерін қадағалап, жүйелі түрде анықтайтын жаңа құрал іске қосылатын болады. «Егер инвесторларда қандай да бір түйткіл туындаса, аталған ақпараттық жүйе тиісті мемлекеттік органдар мен инвестициялар және даму министрлігіне дер кезінде хабар беретін болады», – деді Жеңіс Қасымбек. Соңғы жылдары еліміздің инвестициялық ахуалын жақсарту және инвесторларға қолайлы жағдай жасау бойынша кешенді жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Инвестициялар комитетіне мүше болып қабылданды. Бұл еліміздің инвестициялық ахуалының халықаралық стандарттар мен аталған ұйымның мүше елдерінің деңгейіне сәйкестігінің көрсеткіші.