«Оңайды» қолдану жеңілдей түспек

«Оңайды» қолдану жеңілдей түспек

«Оңайды» қолдану жеңілдей түспек
ашық дереккөзі
Күзден бері Алматы қаласының тұрғындары жаппай «Оңай» төлем картасын қолдануға көшкен. Әрине, «Оңайсыз» 150 теңге төлегеннен гөрі «Оңаймен» 80 теңге төлеген тиімді екенін халық та біледі. Білген соң, бұл үрдісті енгізуге қарсылық таныта қойған жоқ. «Оңай» мобильдік қосымшасы арқылы енді қолданушы картадағы қаржы сомасын тексеріп, оны комиссиясыз толтыра алады. Жоғалған картасын бұғаттап, ішіндегі соманы жаңа картасына аудара алады. Сонымен қатар, А нүктесінен Б нүктесіне дейін қажетті автобус бағдарын анықтай алады. «Алматы транспорт холдингі» алдағы уақытта «Оңай» картасымен тауарлар сатып алып, қызмет ақысын төлеуге болатынын қаперге салды. «Біз «Оңайдың» AppStore және Google Play арқылы мобильдік қосымшасын іске қостық. Бұл «Оңайды» жетілдірудің кезекті қадамы. Нақтырақ айтқанда, тек көлікте ғана емес, тауар және қызмет түріне есеп айырысу кезінде де пайдалана алатындай жетілдіру жолындағы қадам. Біз мобильдік қосымшаның функцияларын кеңейтіп, картаның қызмет түрін барынша көбейтпекпіз», – деді «Оңай Рау» ЖШС директоры Александр Зайкин. Бұл шара «Ақылды қала» жобасын жан-жақты дамытудан туған қадам. «Ақылды қала» – түрлі ұтымды технология және бұқара мен биліктің өзара түсіністік мәдениеті. Бүгінгі таңда жетекші мегополистер сервистік қаладан инновациялық смарт-ситиге өтуде. Smart Almaty тұжырымдамасына негізінен экономика, экология және қоғам мүдделерін теңестіру еніп отыр. IDC халықаралық компаниясымен бірге Алматыда «Ақылды қала» деңгейінде кешенді сараптама жүргізіліп, мәселелерді жүйелі түрде шешетін 7 базалық жоба жасалды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес» деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан біз өзгерістерге түрлі креативті идеяларды енгізуге, осы жолда бірігіп алға жылжуға дайынбыз», – деген-ді Алматыда өткен VI инновациялық форумда сөйлеген сөзінде қала әкімі Бауыржан Байбек.