«Этно-fashion» – бірлігімізді нығайтуға бағытталған фестиваль 

«Этно-fashion» – бірлігімізді нығайтуға бағытталған фестиваль 

«Этно-fashion» – бірлігімізді нығайтуға  бағытталған фестиваль 
ашық дереккөзі
Бір халықты өзге жұрттан ерекшелейтін – тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі. Және ол халық осы өзіндік ерекшелігін жоғалтқан күні тарих сахнасынан да жоғалады. Тарихта болған қандай да бір мемлекет туралы сөз қозғалғанда, оны сипаттайтын: жері, шекарасы, әскері, материалдық байлығы, басқа елдермен қарым-қатынасымен бірге міндетті түрде мәдениеті айтылатыны сондықтан.  Дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома екенін білсек те, соның солай екенін уәлі ауыздан шыққан сөзбен бекітетін әдетіміз бар. Олай болса, ол туралы биыл бүкіл халық болып қош алып, қолдаған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын мысалға келтіре кетейік. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деп қадай айтылады онда. Бұл – жалпы халыққа қарата айтылған сөз. Яғни, Қазақстан жерін мекендеген барша этностарға және кезінде оларды бауырына басып, қуғын-сүргіннен, аштықтан, аптап пен аяздан аман алып қалған  қазақ халқына теңдей қатысты. Ана сүтімен бойға сіңіп, бағзы замандардан қалыптасқан салтымыз, қайырымдылық, кеңдік, жанашырлық сияқты асыл қасиеттер, өмір сындарына философиялық  көзқараспен қарай білу еліміздің бейбіт тірлік мекеніне айналуының басты алғышарты  болғаны анық. Қазақстан әлемге сонысымен беделді. Бүгінде 100-ден астам этностың, бірнеше конфессияның басын біріктіріп отырған Қазақстан олардың ұлттық мәдениеті мен тілінің, дәстүрі мен салтының сақталуына қамқорлық танытуда. Өз ана тілінде білім беретін мектептер, өнерлерін ұштайтын үйірмелер, сахна төріне шығаратын ансамбльдер еліміздің түкпір-түкпірінде он-ондап жұмыс істейді. Ал тарихына үңіліп, ұлттық өнері мен кәсібін дамытушылар үшін түрлі байқаулар, фестивальдар ұйымдастыру дәстүрге айналған. Сондай іс-шараның бірі Астанадағы ЭКСПО көрмесінің мәдени іс-шаралар бағдарламасына енгізіліп, халықаралық көрме қонақтарының назарына ұсынылған «Этно-fashion» фестивалі болды. Қазақстан халқы Ассамблеясы мұрындық болып, халықаралық мәдени қауымдастықтың танымал тұлғалары, дипломатиялық корпус  өкілдері қызығушылық танытқан, этномәдени бірлестіктер, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Астана қаласының әкімдігі белсене қатысқан іс-шараны ұйымдастыруға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Мәдениет және спорт министрлігінің, Ұлттық музейдің атсалысуы – оның қаншалықты ауқымды іс-шара болғанын танытса керек. «Этно-fashion» фестивалі – Ассамблеяның бұрыннан өткізіп келе жатқан мәдени іс-шарасы. Оның негізгі нысаны – этностильде киім тігетін   дизайнерлер мен модельерлер туындылары. Бір ерекшелігі – бұрын бұл тек қазақ ұлттық киімін шығаратын кәсіп иелерінің басын қосса, жыл өткен сайын ауқымы кеңейіп, фестивальға Қазақстанда тұратын этностардың ұлттық киімін тігушілер де қатыса бастады. Этностиль – халықтық бағыт ретінде пайда болып, бірте-бірте танымалдығы артып келе жатқан стиль.  Бұрын ол тек киімге қатысты айтылатын болса, бірте-бірте мазмұны байып, үй жиһазының, ғимараттардың безендірілуі, өмірдің басқа салаларында ұлттық нақыштың пайдаланылуын жатқызады. Дегенмен, бұл бағыт әлі де болса киім үлгілерін дайындауда басым пайдаланылып, қазіргі заманғы қазақстандық сән үлгісінің жаңа бағыты ретінде өз елімізде де, шет елдерде де танылып үлгірді. Фестивальде қазақ халқының көркем-эстетикалық өрнегі барынша мол сақталған сәнді киіміне қоса Қазақстанды мекендеген этностардың ұлттық киімдеріне негізделген үлгілер көрсетілді. Ассамблеяның дәстүрге арналған іс-шарасы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында төл тарихымызды тануда жаңа ізденістер қажеттігін атап айтуына орай ойластырылып, сән өнері арқылы: халықтық салт-дәстүрлер сырына үңілуді;  Ұлы Дала еліндегі сән өнері қалай дамығанын танып-білуді, уақытпен бірге алмасып отырған жаңашылдықтарды іздеп табуды; Ұлы Дала жеріндегі мәдени ықпалдастықтың тарихи тамырларын ашып көрсетуді мұрат етті. Көшпенді өмір салты ұлттық киім үлгілерінің өзіндік ерекшеліктерін қалыптастырды: егер ол күнделікті болса  ыңғайлы, ара-тұра киер киім болса қымбат та сәнді етіп тігілетін. Қазақтар тұрмысында жыл мезгілінің қай-қайсына да лайықталған киімі болып, оны пайдаланудың қатаң тәртібі қалыптасқан. Ол киімдердің тігілуінің өзі иесінің кім екенін айқындап тұрғаны белгілі. Ал киімдегі ою-өрнектер жансыз суреттер емес – иесінің әлеуметтік мәртебесін, бақуаттылығын көрсетіп, тіпті көңіл-күйін білдіретін «тілсіз» айғақтар  болған. Қонақтар Фестиваль барысында бұл айғақтардың бәрімен де көзайым болу мүмкіндігін алды. Әсіресе, Фестивальдің сәні болған «Ұлы дала өрнектері» деген тақырыппен өткізілген дефилені атап айту керек. Топтамалардың атауларының өзі қандай! «Ұлы Дала жұмбақтары», «По Великому шелковому пути», «Ақбөбек», «Томирис», «Түрік әлемі», «Шығыс ханшайымы», «Рухты ару», «Орнаменты Великой степи»... Этностиль бағытында ерлерге, әйелдер мен балаларға арналған киім тігуді қолға алып, жолға қойған сәнгерлер Айдымбаева Тарбия, Нагуманова Галина, Ходжаева Ихтиера, Наби Дана,  Айнабекова Жанна,  Хавдыразах Күлжазира, Ергалиева Дариха және басқалар топтамаларының ерекшеліктерімен есте қалды. Адамдардың жас ерекшеліктерін, жыл маусымдарын ескере отырып, киім тігуді қолға алғандар «Немерелерге мейірім», «Офарин», «Коктем хабаршылары», «White inspiration», «Каспий самалы»,  «RICH Woman» – бүгінгі күн сұранысы мен этностиль бағытын әдемі ұштастырған.  Жиналғандар әсіресе кеңседе киетін киімдердің этностық элементтермен безендірілуіне қызығушылық танытты. Фестиваль тек сән көрсетумен шектелмей, «Сәнді этнокиім» деген тақырыппен бұл өнерді игерем деушілерге арналған  сабақтар өткізілді. Киім үлгілеуде этностық элементті пайдаланып жүрген Қазақстанның белгілі дизайнерлері: Құдайбергенова Гүлжазира балалардың бас киімін тігуден, Алинова Гүлнар киізден ұлттық оюлар оюдан, Султанова Виктория моншақтан бұйымдар жасау бойынша, Қайырбекова Әлия бiзбен кесте тоқу бойынша, Керімқұлова Аида қазақ ұлттық киіміне ою салу бойынша шеберлік сабақтарын өткізді. Бұл сабақтардың талапкерлерді ұлттық киім үлгілерімен таныстыра отырып, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан киім тігу өнерінің қыр-сырына үңілуге мүмкіндік бергені сөзсіз. Әрине, Фестивальдің көпшіліктің көріп, тарап кететін іс-шарасы болмауы шарт. Сондықтан бұл жерде «Ата өнері – ұрпаққа мұра» деген тақырыппен қолмен жасалған бірегей заттар жәрмеңкесін өткізу ойластырылған. Қонақтар ағаштан, жүннен, қайыстан, моншақтан, шиден жасалған, күнделікті тұрмыста пайдалануға болатын, Фестивальді халық шығармашылығының элементтерімен байыта түскен бұйымдарды кәдесый ретінде қуана алып жатты. Ұлы Дала елі – келісім мен татулықты мұрат еткен, өз жерін мекен еткен халықтарға қамқорлық таныта білуімен әлемдік қауымдастықта өзіндік орны бар ел. Өткізілген  «Этно-fashion» фестивалі Қазақстан қоғамын жаңғыртуға бағытталған дәстүрлерге негізделген жұмылдырушы және нығайтушы бастаулар ретінде ұлттық  бірлігімізді нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз.  

Камал ӘЛПЕЙІСОВА, 

жазушы,

ҚР Президенті жанындағы

«Қоғамдық келісім»

РММ бас сарапшысы