Жаңалықтар

Астанаға "Ла Скала" келді

ашық дереккөзі

Астанаға "Ла Скала" келді

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің қонақтары үшін тағы бір жағымды жаңалық бар: 1-9 қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Астана Опера» сахнасында атақты миландық Ла Скала театрының опера труппасы, хоры мен симфониялық оркестрінің алғашқы гастрольдері  ұйымдастырылады. Бұл шараға итальяндық энергетикалық «Eni» компаниясы және «Астана Операның» əәлеуметтік серіктесі «Samruk-Kazyna Trust» қолдау көрсетті. Ла Скала театрының труппасы алып келген Джузеппе Вердидің «Фальстаф» операсы 1, 4, 6 және 8 қыркүйек күндеріне жоспарланған. «Астана Опера» баспасөз қызметінің дерегіне жүгінсек, опера билеттері жарты жыл бұрын түгел сатылып кеткен. «Фальстаф» – әйгілі композитордың егде тартқан шағында жазған комедиялық шығармасы. Күлкіні қару ете отырып, өмірдің шындығын, адамның түрлі мінездерін ашуға ұмтылады. Әсіресе, опера музыкасы – композитор шығармашылығындағы жемісті туындылардың бірі. Әуені өте күрделі болғандықтан, бұл қойылымды сахналауға кез келген труппаның батылы жетпейді. «Фальстафтың» қоюшы режиссері Қазақстанға операның классикалық нұсқасын емес, өңделген, жаңаша нұсқасын әкеліп отыр. Онда режиссер Дамиано Микелетто қарт музыканттардың үйін көрсете отырып, ал композитордың жазуындағы нұсқасын Фальстафтың ұйқыдағы түсі арқылы беруге тырысқан. Ла Скала театрының солистері Амброджо Маэстри, Кармен Джаннаттазио, Ивонн Наф көрермендерді өз шеберліктерімен тәнті етті. Бұдан басқа, 3 қыркүйек күні «Астана Арена» стадионында Ла Скала, «Астана Опера» театрлары мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің құрамалары арасында футболдан жолдастық кездесу өтті. Ойын қорытындысы бойынша, бірінші орынды Мәдениет және спорт министрлігі жеңіп алды. Екінші орынды «Астана Опера» театры, үшінші орынды «Samruk-Kazyna Trust», төртінші орынды Ла Скала театры, бесінші орынды итальяндық энергетикалық «Eni» компаниясы иеленді.