Жаңалықтар

«Болашақтың энергиясы» қалай дамиды?

ашық дереккөзі

«Болашақтың энергиясы» қалай дамиды?

Таяуда «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аумағында «Болашақтың энергиясы: Болашақ перспективасы» форумының ақтық кездесуі өтті. Бұл басқосуға Нобель сыйлығының лауреаттары мен ғалымдар, халықаралық сарапшылар қатысты. Екі күндік конференцияда пленарлық сессиялардан бөлек «Болашақ энергиясы» форумының қорытынды құжаты болып табылатын манифесті дайындау үшін 5 жұмыс отырысы өтеді. Бүкіләлемдік тұрақты даму форумының президенті Раджендра Пачауридің мәлімдеуінше, бұл құжат өте құнды. «Біз мағынасы өте терең құжат дайындадық. «Астана-Экспо-2017» көрмесінің біздің ғаламшар үшін маңыздылығын атап өткім келеді. Бүкіл әлем үшін маңызы зор көрме 10 қыркүйек күні жабылғанымен, ештеңе аяқталмақ емес. Көрме жабылады, алайда көрменің мұрасы, алға қойған мақсатқа жету жолындағы тапсырмаларды орындау талпынысы дами береді. Ең маңызды іс әлі алда, біз Астанада қабылданған манифест ғаламдық деңгейде іс жүзіне асырылады деп сенеміз», – деді доктор Раджендра Пачаури. Ғалым манифестің Қазақстанда қабылдануының өзі ерекше символды жайт екенін айтты.  «Мен бұл елде көшбасшылықтың қалай дамып келе жатқанын байқадым, мұндағылар Қазақстанды адамзат ұмтылып отырған баламалы энергия көздеріне көшудің моделіне айналдыруды көздейді. Егер Қазақстан халқының аздығына қарамастан жаңа шешімдердің орталығына айналса, онда басқа мемлекеттерге оң әсерін тигізіп, алға қойған мақсаттарға жетуді қамтамасыз ететін нарық қалыптастырады», – деді ол. Манифест тұрақты болашақты қалыптастыру үшін бүгінгі және болашақ буынның ұмтылысын біріктіруді мақсат етеді. Құжатта заманауи экологиялық таза және сенімді энергия көздері басымдылыққа ие болмақ. Астана «ЭКСПО-2017» құндылықтары мен қағидалары манифестіне Халықаралық басқару комитеті белсенді атсалысты. Оның құрамына болашақ энергиясына қатысы бар және климаттың өзгеруіне қарсы қазақстандық және халықаралық сарапшылар мен саяси, ғылыми саланың мамандары қатысты. «Манифест маусым айының соңынан бері әзірленіп келді. Осылайша, ЭКСПО мен форумның барлық нәтижелерін бір құжатқа біріктіреміз. Мұнда «Орнықты болашақты қалай құрамыз?», «Қоршаған орта мәселелеріне деген көзқарасты қалай өзгертеміз?» және өзге де жаһандық энергетика мәселелеріне қатысты өз пікірлерімізді жаздық. Шын мәнінде, біздегі энергетика ресурстары шектеулі және Париж келісімі бойынша жаңа міндеттемелеріміз бар. Сондықтан, халықаралық күш-жігерді талап ететін мәселелерді шешуіміз қажет. Осы орайда Қазақстан мен өзге мемлекеттердің манифеске үн қатып, энергия институтын немесе жасыл даму қорын құрып, белсенділік танытады деп үміттенеміз. Бұл әрине, қызығушылық танытып, бастамаға қолдау білдіретін адамдарға тікелей байланысты. Түптеп келгенде, барлығы өзімізге байланысты», – деді манифест әзірлеушілерінің бірі, Нобель сыйлығының лауреаты Джордж Смут.