Жел соқпайтын жер бар ма?

Жел соқпайтын жер бар ма?

Жел соқпайтын жер бар ма?
ашық дереккөзі
Бүгінде энергияны тиімді пайдалану мәселесі бүкіл әлем үшін маңызды мәселе болып отырғаны белгілі. Осыған орай, елімізде баламалы қуат көзін пайдаланып, «жасыл экономикаға» көшу үрдісі қолға алынуда. Еліміздің бас қаласында өткен «ЕХРО – 2017» көрмесі де осы тақырыпқа арналған болатын. Қазіргі уақытта, Қазақстанда жел диірмендері арқылы энергия өндіруге баса назар аударылып отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясында «Көмірсутегі шикізатының нарығында ірі ойыншы болып қала отырып, біз энергияның баламалы түрлерін өндіруді дамытуға, күн мен желдің энергиясын пайдаланатын технологияларды белсенді енгізуге тиіспіз. Бұл үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар. 2050 жылға қарай елде энергияның баламалы және жаңғыртылатын түрлерін қоса алғандағы барлық энергия тұтынудың кем дегенде тең жартысына келуге тиіс», – деген болатын. Елбасының тапсырмасына сай елімізде арзан электр энергия көздерін іздеу мақсатында «Қазақстанда 2030 жылға дейін электр энергиясын өндіруді дамыту туралы» мемлекеттік бағдарлама қолға алынған. Аталмыш бағдарламаға сәйкес, жел күшімен өндіретін электр энергиясы қуатын халық шаруашылығына қолданудың тиімді жолдары қарастырылуда. Ғалымдардың пікірінше, ХХІ соңына таман ауаның температурасы 6,4 градус жылынып, әлемдік мұхиттардың деңгейі 58 сантиметрге көтеріледі екен. Бұл – құрлықты тұншықтыратын топан судың алғашқы белгісі. Сондықтан да, қазіргі таңда әлем сарапшылары дүркін-дүркін дабыл қағып, энергетикалық қуат шикізаттарының балама түрін табу мәселесін күн тәртібіне батыл қойып отыр. Барған сайын адамзат үшін аса үлкен қауіпке айналып бара жатқан жаһандық жылыну процесін тежеу, электр энергиясын өндірудің негізгі көзі – көмірсутек шикізатына балама табу мәселелері 19-шы Дүниежүзілік мұнай конгресінде де ерекше күн тәртібіне қойылды. Мамандардың айтуынша, қазіргі көмірсутегі шикізатына балама ретінде қарастырып отырған биоотын, жел және күн қызуынан алынатын энергия, әлемдегі өндірілетін электр қуатының 2 пайызын құрайды. Сондықтан, бұл салада Қазақстан энергетикасы мамандарының алдында тұрған жұмыс көп. Мемелекеттің энергетикалық саланы одан әрі дамытудағы ең негізгі техникалық саясаты – энергияның балама көздерін іске қосу. Қазақстан су, жел, күн энергетикасы сияқты электр қуатын өндірудегі балама қуат көздеріне бай елдердің бірі болып саналады. Жел энергиясының басқа энергия көздерінен экологиялық және экономикалық артықшылықтары көп. Жел энергетикасы қондырғыларының технологиясын жетілдіру арқылы оның тиімділігін арттыруға болады. Жел энергиясын тұрақты пайдалану үшін жел энергетикасы қондырғыларын басқа энергия көздерімен кешенді түрде ұштастыру қажет. Республиканың шығыс, оңтүстік-шығыс, оңтүстік аймақтарында су электр станциялары мен жел электр станцияларын біріктіріп электр энергиясын өндіру өте тиімді. Қыс айларында жел күші көбейсе, жаз айларында азаяды, ал су керісінше қыс айларында азайса, жаз айларында көбейеді. Сөйтіп, энергия өндіруді біршама тұрақтандыруға болады. Бүгінде әлем бойынша жел энергиясын пайдаланудың көшін АҚШ бастап тұр. Бұл елде желден энергия өндіретін 18 мың қондырғы бар. Дания, Ұлыбритания, Канада, Германия, Швеция, Франция мемлекеттері де баламалы қуат көзін кәдесіне жаратып отыр. Қазақстанда жел күшінен алынатын электр энергиясы қуатын кеңінен және мол өндіруге болады. 1 мегаваттық жел генераторы жылына 1800 тонна көмірқышқыл газының, 9 тонна күкірт диоксидінің, 4 тонна азот оксидінің ауаға тарамауына ықпал етеді. Жел энергиясы ауаны ластамайды, салқындатуға суды қажет етпейді, пайдасыз газдарды шығармайды және басқа тәсілдерге қарағанда тиімдірек. Жел диірмендері біздің дәуірімізге дейінгі 200 жылы Қытай мен Таяу Шығыста салынған деседі. Ал бірінші жел электр генераторы 1942 жылы АҚШ-та салыныпты. Бүгінде жел электр станциялары әлемнің 55 елінде пайдаланылады. Қытайда жел энергиясын пайдаланатын 120 мыңнан астам шағын жел генераторы және 1600 сорғы жұмыс істейді. Осыған ұқсас жұмыстар біздің елімізде де басталды. Қазақстанда негізінен жел көздері жеткілікті. Олар: Жетісу (Жоңғар) қақпасы, Сөгеті жазығы (Алматы облысы), Қордай (Жамбыл облысы), Бейнеу, Жетібай (Маңғыстау облысы), Атырау, Индер, Мұғалжар өңірлері, Ерейментау , Сілеті (Ақмола облысы), Балқаш, Топар (Қарағанды), Жоталы (Қызылорда облысы), Жалпақтау (Батыс Қазақстан облысы). Форт-Шевченкода 45 күн жылдамдығы 15 м/с-тан асатын күшті жел соғады. Бұл – өте мол энергия көзі. Сондықтан жел күшін тиімді пайдалану өте маңызды. Ел тарихындағы ең алғашқы өнеркәсіптік жел паркі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың рұқсат беруімен Ерейментау қаласында іске қосылды. Ол қуат көзінің тапшылығын азайтуға тиіс болды. Бұған қоса жел электр станциясы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің нысандарын жаңартылған энергия көзімен қамтамасыз еткені белгілі. Елімізде желден қуат алатын баламалы энергия көздерінің алғашқы жобаларының бірі Жамбыл облысында қолға алынған. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Жамбыл облысында Қордай ЖЭС-інің бірінші кезегі іске қосылды, бұл – Қазақстандағы жел энергетикасының тұңғыш жобаларының бірі және желдің күшін пайдалану арқылы электр қуатын өндіретін алғашқы өнеркәсіп нысаны. Баламалы энергия көздерін өндіретін нысандар қатарында Қордай асуында жұмыс істеп тұрған еліміздегі ең ірі жел электр стансасының орны ерекше. Қазір мұнда желден қуат өндіретін станса қондырғыларының ірі шоғыры пайда болды десек, қателесе қоймаспыз. Мәселен бүгінде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған «Виста-Интернешнл» жобасының екінші кезеңі жұмыс істеуде. Бұған дейін қуаттылығы 21 мегаватт, құны 6 миллиард 362 миллион теңгенің жобасын жүзеге асырған «Виста-Интернешнл» енді қуаттылығы 53,75 мегаваттық жобаны қолға алды. Қазір мұнда Германияда жасалған заманауи бірнеше энергетикалық қондырғы орнатылған. Олардың әрқайсысының салмағы 180 тонна болса, биіктігі 60 метр. Қондырғылар жылына 50 миллион кВт сағатқа дейін электр қуатын өндіруге қауқарлы. Мұндай көлеммен Қордай ауданын электр қуатымен толық қамтамасыз етуге болады. Ал көктемде жел генераторы арқылы энергия өндіру жобасы Қарқаралыда қолға алынды. Қуаттылығы 60 мВт болатын кешеннің құрылысына «Шаңырақ» компаниясы 44 миллиард теңге инвестиция құйған. Айта кетейік, жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттен ешқандай қаржы шығындалмаған. Аталмыш жобаның арқасында Қарқаралы ауданының халқы арзан энергиямен қамтамасыз етіледі. Жалпы, Қарағанды облысында 2018 жылға дейін баламалы және жаӊғыртылмалы энергетиканы дамыту саласында 6 жаӊа нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Атап айтсақ, облыста Ақтоғай ауданыныӊ Гүлшат кенті маӊында қуаттылығы 40 МВт, Саран қаласында қуаттылығы 100 МВт, Шет ауданыныӊ Ағадыр кенті маӊында қуаттылығы 50 МВт болатын күн электр станцияларын салу жобалары жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, қазақстандық өнертапқыш Блок Шайкеновтың ойлап тапқан желден өндірілетін электр энергиясын еселеп арттыратын және қуаттың өзіндік құнын төмендететін жаңа құрылғысы «ЕХРО-2017» көрмесіне қойылғаны белгілі. Қазақстандық өнертапқыштың бұл жаңалығы қазір әлемде пайдаланылып жүрген жел генераторларының тиімділігін бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді. Профессордың айтуынша, бүгінгі жел генераторларының кемшілігі желмен айналып тұратын қалақтары тік болуында. Сондықтан жел турбинасының қуатын арттыру үшін қалақты ұзарта беру қажет екен. Ал қазіргі уақытта оның техникалық мүмкіндігі шегіне жеткен. Қалақтың ұзындығы 60 метрге жетсе, қондырғының салмағы 7 тоннадан асып кетті. Ғалым жаңа жел құрылғысын Қапшағайдағы полигонда сынақтан өткізіпті. Тік қалақты және қайқы қалақты екі жел генераторы қатар орнатылады. Екеуінің арасы 10 метр ғана. Желдің күші бірдей. Бірақ сынақ кезінде тік қалақтыға қарағанда, қайқы қалақты жел құрылғысы 3,5 есеге дейін жылдам айналған. Сәйкесінше, электр энергиясы көбірек өндірілген. Міне, алдағы уақытта желден энергия өндіретін құрылғыларды орнатуда ғалымның еңбегіне назар салған жөн секілді. Сонда қуат көзін көбірек алуға мүмкіндік туады. «Жасыл экономика» бағытына қадам басқан Қазақстан баламалы энергия көздерін тиімді пайдалану жолындағы жұмыстарын жалғастыра бермек. Ал 2013 жылғы 11 қазанда Елордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев энергия үнемдеудің базалық мәселелерін шешу қажеттігін атап көрсеткені баршаға мәлім. Сондықтан елімізде қазіргі уақытта қуат көзін үнемдеуге де баса мән беріліп отыр.