Жаңалықтар

Бүтін елде бүйірі шықпаған

ашық дереккөзі

Бүтін елде бүйірі шықпаған

Ықылым заманнан бері аңшы мен малшының сенімді серігі болған иттің қазақ тұрмысындағы орны ерек. Халқымыз оны жеті қазынаның бірі деп қадірлейді. Иесіне адалдығы үшін ардақтайды. Бұрындары итті мал мен жанның қауіпсіздігі үшін асыраған қазақ бүгінде ермек үшін бағып-қағып, киіндіріп-тарандырып, үйінің төрінен орын береді. Алайда төртаяқтының бәріне мұндай бақыт бұйырмаған. Иесіз қалып, көше кезген, қаңғыбас жануарлардың қатарын толықтырған иттер де көп. Жұрттың үрейін ұшыратын да – солар. Бейғам келе жатқан адамға тарпа бас салып, тісін батыратын қаңғыбас иттер қоғамға қауіп болып төніп тұр.  Соңғы уақытта желіде «Қаңғыбас иттер қаптады», «Құтырған ит қауып алды», «Ит қапқан адам тіл тартпай кетті» деген ақпараттар көбейіп кетті. Мәселен жуырда құтырған ит қауып алған Ақтөбе облысы, Ойыл ауданының тұрғыны көз жұмды. Дәрігерлер дер кезінде екпе салғанымен, зардап шеккен ер адамның өмірін сақтап қала алмады. Ақтөбе облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің қызметкері Мұрат Муафиховтың айтуынша, ит әуелі екі жастағы сәбиді тістеп алған. Әкесі оны құтқармақ болғанда төртаяқты ер адамға бас салып, тісін батырған. Құтырма дертіне шалдыққан науқас көп ұзамай көз жұмды. Өкініштісі, мұндай оқиғалар тым жиілеп барады және қаңғыбас иттердің құрбанына айналғандардың арасында балалар көп. Мәселен өткен жылдың сәуірінде Алматыда иесіз иттер 3-ке толмаған бүлдіршінді талап өлтірді. Қайғылы жағдай қаланың Ақбұлақ ықшамауданында болды. Аулада ойнап жүрген бүлдіршін бір сәт қараусыз қалып, көшеге шығып кеткен. Қаңғыбас иттер қас-қағым мезетте баланы қауып үлгеріпті. Көп қан жоғалтқан бүлдіршін дәрігерлер жеткенше жан тапсырған. Мұндай оқиға 2015 жылдың соңында Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында да болған еді. Қыземшек ауылында 14 жастағы жеткіншекті көше кезіп жүрген иесіз ит тістеп алған. Сол қолының саусағынан зақым алған оқушы дәрігерге көрінбеген. Ит қапқан қызға ата-анасы өз беттерінше ем-дом жасайды. Алайда ауруы асқына береді. Ақыры науқас оқушы аурухана төсегінде көз жұмды.

Әр итке тәулігіне  1721 теңге жұмсалады

Бауыр еті баласы құтырған иттің құрбаны болған ата-ана ит атаулыға лағынет айтып, Құтжолдың бәрін атып тастауға даяр тұратыны айтпаса да белгілі. Тіпті, маңайдан иесіз иттердің өтіп бара жатқанын көргендер үрейленіп: «Әкімшілік қайда қарап отыр, қаңғыбас иттерді неге жайратып салмайды екен» деп ашуға мінетіндері де рас. Алайда босып жүрген қаңғыбас иттердің көзін жою көбіміз ойлағандай оңай шаруа емес. Өйткені еліміздің кейбір қалаларында иттерді атуға түбегейлі тыйым салынған. Қаңғыбас ит-мысықтарды ұстау және олардың көзін жою ережесін жергілікті атқарушы органдар қабылдайды, сондықтан ол әр қалада әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен Астана қаласындағы ережеге сәйкес, жануарларды жансыздандыру тек дәрі-дәрмектің көмегімен жүзеге асырылуы тиіс. Биыл елорда әкімдігі қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою Ережесіне өзгерту енгізген болатын. Жаңа ережеде «Қаңғыбас жануарлар» ұғымына жануарлардың аса қауіпті аурулары тізіміне енген, адамға қауіпті дертке шалдыққан, тағыланған иттер мен мысықтар жатқызылады. Айырым белгілері жоқ жануарлар да қаңғыбас жануар деп танылады. «Қоғамдық орындарда егесіз жүрген (байланған жануарлардан басқа) қаңғыбас және қараусыз жануарлар аулауға жатады» делінген құжатта. Жаңа ереже бойынша ауланған қаңғыбас жануарлар арнайы изоляторда 3 күн ұсталады. Осы уақыт ішінде иесі табылмаған жағдайда жануар мемлекет қорғауындағы орынға беріледі. Онда әр жануар жеке ұсталады. Құжатқа енген тағы бір өзгеріс – бұдан былай иелерін іздеу үшін еріктілердің жануарлар ұсталатын орынға кіріп-шығуына рұқсат етіледі. Олардың иттер мен мысықтарға тамақ әкеліп беруіне, ойнатуына шектеу қойылмаған. «Астана ветсервис» директорының міндетін атқарушы Айдархан Арыстановтың сөзінше, иесіз үй жануарларына арналған орталықта жануарларға берілетін тамақ қиындық тудырмайды. Өйткені төртаяқтыларды жақсы көретін адамдар ет, нан, тіпті сүт өнімдерін жиі әкеліп тұрады екен. Мысықты немесе итті жаңа иелеріне тапсыру кезінде асырандыларға ветеринарлық төлқұжат рәсімделеді, тиісті дәрежеде бағып-күту мен иесінің жауапкершілігі жөнінде келісімшарт бекітіледі, сонымен қатар жануар тіркеледі. Ал иесі табылмаған жануарлардың 60 күннен кейін көзі жойылады. «Сұрауы жоқ, жазылмас дертке шалдыққан қаңғыбас жануарлар жойылу алдында Қазақстан Республикасында тыйым салынбаған препараттармен гумандық жолмен дәрімен жансыздандырылады» деп жазылған құжатта. Жануарлардың өлекселері арнайы пештер орнатылған мамандандырылған мекемеде жойылады. Бұдан былай Оңтүстік Қазақстан облысында да қаңғыбас жануарларға оқ атылмайды. Енді олар жануарларды уақытша ұстайтын мамандандырылған орталыққа орналастырылатын болады. Мұндай арнайы орын жуырда Сайрам ауданындағы Абдулабад ауылында ашылды. Онда бір уақытта 400 жануар ұстауға жағдай жасалған. Егер иттің иесі үш тәулік ішінде іздеп келмесе, жануарлар өлтіріледі. Ол үшін бұрынғыдай Беккер шұңқырлары емес, арнайы пештер қолданылады. Қазір орталықта 300 ит бар. Оларды ұстауға мемлекеттік бюджеттен 15 миллион теңге бөлінген. Бір итке тәулігіне 1721 теңге жұмсалады. Жыл басынан бері өңірде 23 мың ит ауланған. Алып мегополис Алматыда да жыл өткен сайын қаңғыбас иттер мәселесінің өзектілігі артып барады. Көктемде қала тұрғындарына берген есебінде шаһар басшысы Бауыржан Байбек зообақтағы жан-жануарларға байланысты сөзінде көшелерде көбейіп кеткен иттерге де тоқталып: «Біз жануарларды қорғауды ойлауымыз керек. Тіпті, қаңғырған иесіз иттерді де назардан тыс қалдырмағанымыз жөн. Өйткені Алматыға келген шетелдік туристердің өзі қалада қаңғыбас иттердің өте көп екенін байқап үлгерген. Бұл ретте олар «иттерді қорғау керек» дейді. Әрине, біз бәрін де түсінеміз. Осыған байланысты иттерге адамгершілік әдістерді қолдануды ойластыруымыз және оларға аяушылықпен қарап, соған лайық жағдай жасауымыз қажет деп білемін», – деп атап өткен еді. Қала әкімінің бұл пікірін қолдағандар да, «қауіпті жануарларды аяудың қажеті жоқ» деп қарсы шыққандар да болды. Десе де бүгінде қалада қаңғыбас иттерді атуға рұқсат етілмейді. Ит аулаушылар оларды қуалап жүріп ұстайды. Көше-көшемен, қуыс-қуыстардың арасымен өкпесі өшкенше қуалап, ау іспетті арнайы құрылғымен қаңғыбас итті шап беріп ұстап алу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ептілік, жүректілік, сақтық та керек. Өйткені құтырған ит арс етіп қауып алса, құтырма ауруына шалдығу қаупі жоғары. Дер кезінде медициналық көмек көрсетілмесе, тіл тартпай кетуің де мүмкін. Сондықтан ит аулаушылардың өз жұмыстарын қауіпті деуі орынды. Осы кәсіппен айналысатындардың айтуынша, қаладағы қаңғыбас иттер өздерін аулайтындарды жақсы таниды екен. «Ветеринария» деген жазуы бар көк көлікті немесе қолына арнайы құрылғы ұстаған ит аулаушыны көрген бетте ит біткен тым-тырақай қаша жөнеледі. Тіпті кейбіреуі көлденең кезіккен кез келген бейтаныс аулаға сұғына кетеді. Ит аулаушы әлгі үйдің иесін іздеуге мәжбүр болады. Оған жұмысының жай-жапсарын түсіндіреді. Біреуі түсінсе, енді бірі түсіне бермейді. «Тып-тыныш жүрген ит байғұста не ақыларың бар?» деп жекіп тастайтындар да бар екен. Өзін Айдос деп таныстырған ит аулаушының айтуынша, қаладағы жан-жануарларды қорғаумен айналысатын әртүрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдері де қаңғыбас иттерді аулау жұмыстарына кедергі келтіретін көрінеді. Оңтүстік астанамыздағы қаңғыбас ит-мысықтар мәселесімен Алматы қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасына қарайтын «Қалалық ветеринария орталығы» айналысады. 2010 жылы ашылған мекемеде қаланың 8 ауданы бойынша 8 бөлімше жұмыс істейді. Орталықтың иесіз жануарларды аулаумен айналысатын арнайы бригадасы бар. Кәсіпорын директорының орынбасары Жылкелді Тілесбаевтың айтуынша, мекеменің негізгі міндеті – Алматы қаласы бойынша жеке тұлғалардың үй жағдайында ұстайтын жануарын қадағалауда ұстау. Оларға жұқпалы ауруға қарсы екпе жасап, көктем және күз кезеңінде арнайы тексеруден өткізу де осы орталықтың жауапкершілігінде. «Қаңғыбас итті аулау да, негізінен, біздің орталық жұмысының бірі саналады. Кез келген адам қала көшесінен немесе өз мекенжайының аумағынан қауіпті жабайы ит байқаса, дереу біздің орталыққа қоңырау шала алады. Ондай жағдайда біздің арнайы экипажымыз хабар түскен аумаққа дереу аттанады. Біз қолға түскен қаңғыбас итті уақытша ұстау изоляторына қамаймыз. Ол жерде иттер тексеріледі. Қажетті ем-дом жасалады. Күніне бір мезгіл тамақ беріледі.Үш үн ішінде иттің иесі табылмаса, онда арнайы дәрімен иттің көзі жойылады. Ал егер иттің иесі табылып, оның қоғамға қауіп төндірмейтіні дәлелденсе, әлбетте ол ит иесіне қайтарылады», – дейді орталық директорының орынбасары. Осы орайда тағы бір сұрақ туындайды. Көзі жойылған иттердің өлексесі қайда жөнелтіледі? Жылкелді Тілесбаевтың сөзінше, олар Алматы облысының Іле ауданына қарасты арнайы аумақта дайындалған шұңқырға көміледі екен. Мамандар бұрнағы жылдармен салыстырғанда, қалада қаңғыбас иттер азайғанын айтады. Мысалы биыл жыл басынан бері олардың 22 мыңға жуығы ұсталған болса, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге азайғанын көрсетіп отыр. Ал Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының мәліметіне жүгінсек, 2015 жылы иттен зардап шеккендер саны 4 мыңнан асқан. Үй жануарларын ұстауға қатысты белгіленген талапты өрескел бұзатын кейбір қала тұрғындарын жауапкершілікке тарту мәселесі жіті бақылауда. «Ағымдағы жылдың басынан бері 153 жеке тұлғаға «Әкімшіліқ-құқық бұзушылық туралы» Заңның 408-бабына сәйкес хаттама толтырылды. Сонымен бірге, оларға 263 236 теңге көлемінде айыппұл да салынды. Атап айту керек, жеке тұлға ит бағу барысында белгілі бір ережені сақтауға тиіс. Мысалы итті өз аумағында байлаулы күйде ұстауы керек. Егер ит ұстаушы заңда белгіленген қандай да бір норманы сақтамайтын болса, оған бірінші кезекте ескерту беріледі. Сосын хаттама толтырылып, айыппұл салынады», – дейді Алматы қаласының Алатау аудандық ІІБ табиғатты қорғау полициясының бастығы, полиция капитаны Әуезхан Елтоқов.

Той-пудельдің ғажайып өмірі

Қала көшелерінде ертелі-кеш үлкенді-кішілі ит қыдыртатындар аз емес. Оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Дегенмен ит жетектеген қала тұрғынының бәрі үй жануарын ұстау талаптарын біле бермейді. Қабаған итін серуенге алып шығарда мұрынқап кигізетіндер де ілуде біреу. Сондықтаған ит жетектегенді көрсе, үрейленіп, маңынан айналып өтуге тырысады жұрт. Тек қожайындары қолтықтап жүретін «Пудель», «Чихуахуа» сияқты ұсақ тұқымды иттерден ғана сескенбейді. Сондай кішкентай иттің бірін жоғарғы қабаттағы тұратын көрші әйелдің қолынан күнде көреміз. Кірсе де, шықса да, қасынан бір елі қалдырмайды. Кейде көтеріп алып, қолтығына қысып жүреді. Жалғызбасты әйел болса керек, қасына иттен басқаның ергенін көрмеппіз. Жексенбі күні таңертеңгісін дүкенге шықсам, әлгі әйел аулада күшігін серуендетіп жүр екен. Бір-бірімізді жақын танымасақ та, күнделікті әдет бойынша бас изеп амандастық. Ит тақырыбын індетіп жүргендіктен, бұл жолы қасынан өте шықпай, сәл аялдап, сөзге тарттым. – Итіңіз өте сүйкімді. Үнемі сұраймын деймін де, сәті түспейді. Тұқымы қандай бұның? – Той-пудель. – Бұрын-cоңды естімеппін. Сирек кездесетін тұқымдардың бірі-ау. – Ағылшын иті ғой. Ұлыбританияда көп жыл тұрып келген танысымнан сатып алдым. Алматыда мұндай 3-ақ ит бар деп естігем. Біреуі менде, – деп жымиды қазақ тілін білмейтін көршім. Біраз уақыттан бері көрші тұрсақ та, алғаш рет әңгімелесуіміз. Ашық-жарқын әйел екен. Итін қатты жақсы көретіні сонша, ол туралы сағаттап айтуға дайын сияқты көрінді. Жануарының күтімі жайлы сұрап ем, тіпті ашыла түсіп, рақаттана әңгімеледі. Айтуынша, тапқан-таянғанының бәрін итіне жұмсайды. Ішкені алдында, ішпегені артында. Аптасына бір рет иттер мен мысықтардың груминг-салонына апарады екен. Онда итінің жүнін қырқып, жуындырып, тазалайды. Тіпті тырнағын алып, қажет болса, бояп та беретін көрінеді. – Өзіміз аптасына екі мәрте жуынбасақ жүре алмаймыз ғой. Сол сияқты иттердің де гигиенасына көңіл бөлу маңызды. Уақтылы жуындырып, үсті-басын тазалап тұрмаса болмайды. Тырнағын алып, жүнін тазалап, тарап отыру керек. Егер таралмаса, осылай ұйысып қалады, ол иттің мазасын қашырады. Менің Самурайым (иттің аты) мұндай процедураларға әбден үйренген. Салонға барса, қызметкерлердің әрекетіне қарсылық көрсетпейді. Керісінше жүнін тараған сайын рақаттанып, тырп етпей жатады, – дейді ит иесі. Мені иттерге көрсетілетін мұндай қызметтің бағасы қызықтырды. Ғаламторды ақтарсам, Алматыда груминг қызметін ұсынушылар да, тұтынушылар да аз емес екен. Сондай салондардың біріне хабарласып, итіме күтім жасау қажеттігін айттым. Тұтқаны көтерген қыздың айтуынша, қызмет ақысы жануардың тұқымына байланысты 5 мың мен 10 мың теңгенің аралығында. «Сіздің итіңіздің тұқымы қандай?», – деді салон қызметкері. Ойыма бірінші келгені әлгі көршімнің иті: «Той-пудель». «Онда 6 мың теңге болады», – деді грумер-маман. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» деген осы. Тамақтың дәмдісін жеп, салонның қымбатына баратын кей иттің өмірі көп адамның түсіне де кірмейді. Бір кем дүние...