Сауда теңгерімінде жетістік жоғары
Сауда теңгерімінде жетістік жоғары
Апта басында Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 9 айдағы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және республикалық бюджеттің атқарылуы қорытындыланды. Сонымен қатар білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы және жекешелендіру жайы қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелерден бұрын Үкімет жетекшісі елді алаңдатқан жанар-жағармай тапшылығы мен көмірге қатысты жағдайды тағы бір пысықтады. Осы мәселеге орай, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин, «ҚТЖ» ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов және Астана әкімі Әсет Исекешев баяндама жасады.
Бақытжан Сағынтаев ішкі нарықты мұнай өнімдерімен және көмірмен қамтамасыз ету мәселелері Мемлекет басшысының жеке бақылауында екенін атап өтті. Жауапты мемлекеттік органдарға отын тапшылығына жол бермеу бойынша тағы да тапсырмалар берілді және оларға тұрақты мониторинг жүргізілетіні айтылды. Ішкі нарықта ЖЖМ мен көмірдің тапшылығын тудырмау бойынша мәселелерді үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге жүктелді.
Отырыста биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы жайында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндады. Министрдің мәлімдеуінше, Қазақстан экономикасы қаңтар-тамыз айларында жинақталған өсім қарқынын 4,3 пайыз деңгейінде сақтаған. Бұған макроэкономикалық тұрақтылық пен инвестициялық белсенділік, сондай-ақ сыртқы нарықтардағы қолайлы жағдайлар ықпал етуде. Мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында қабылданған шаралардың арқасында экономиканың барлық салаларында оң үрдіс бар. Өсімнің негізгі күші өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс болды. «Өнеркәсіпте жыл басынан бері тұрақты өсім байқалуда, қаңтар-қыркүйекте 8,3 пайызды құрады. Кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 11,3 пайызға ұлғайды. Өңдеу өнер кәсібінің өсімі 5,7 пайызды құрады. Ішкі нарыққа бағдарланған салаларда елеулі өсім байқалуда, соның ішінде фармацевтикалық өнімдер шығару, жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік өнімдері мен сусындар, сондай-ақ, мұнай өнімдері өндірісі», – деді министр.
Жалпы алғанда, өткен 9 айда негізгі капиталға инвестициялар көлемі 4,4 пайызға өскен. Ең үлкен өсім саудада және құрылыста, сондай-ақ, жылу және сумен жабдықтау желілерін жаңғырту нәтижесінде өнеркәсіпте байқалады. Соның ішінде сумен жабдықтау және кәріз жүйесі салаларына құйылған инвестициялар – 46,5 пайызға, электрмен жабдықтауда 15,6 пайызға артқан. Бұдан бөлек, әлемдік нарықтардағы қолайлы баға конъюнктурасы және отандық экспорт көлемінің импорттан басым болуы Қазақстанның сауда теңгерімінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге септігін тигізген. Жалпы, елдің сыртқы сауда айналымы жыл басынан 26,4 пайызға ұлғая отырып, 48,7 миллиард долларды құрады. Қазан айының басында еліміздің алтын-валюта қоры 10,2 пайызға өсті, нәтижесінде Қазақстанның халықаралық резервтері 89,4 миллиард долларды құрады.
Күн тәртібінде қаралған тағы бір мәселе – 2017-2021 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет параметрлері. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы 2016 жылғы ІЖӨ бойынша есептік деректер мен осы жылдың көрсеткіштері негізінде анықталғанын мәлімдеді. Жылдың басынан бері елде экономикалық белсенділік жақсарған. Айталық, 2017 жылы ІЖӨ 51 855,3 миллиард теңге көлемінде болжанған, бұл ақпанда мақұлданған көрсеткіштен 2 114,7 миллиард теңгеге жоғары. Халықтың жан басына шаққанда ІЖӨ 8,7 мың долларға дейін ұлғаймақ. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің өсімі 2,5 пайыз деңгейінде сақталған.
Үкімет отырысында жекешелендіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жайы да кеңінен талқыланды. Айталық, жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына барлығы 877 нысан енгізілген. 1 қазандағы жағдай бойынша 441 нысан сатылымға қойылса, оның 291 нысаны 112,7 миллиард теңге сомаға сатылған. «Жалпы, 2017 жылға 473 нысанды өткізу жоспарланған, оның ішінде бүгінгі таңда 251 нысан сатылымға қойылды, 55,6 миллиард теңге сомаға 112 нысан сатылды. 115 нысан қайта ұйымдастыру және тарату кезеңінде. Осылайша, жыл соңына дейін 107 нысанды өткізу қажет», – деді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Жиында қаралған үшінші және негізгі мәселе – білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы. Білім және ғылым имнистрі Ерлан Сағадиев 2017 жылда білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының 8 индикаторын, 51 көрсеткішін, 168 шарасын орындау жоспарланғанын хабарлады. Бұл жылдағы шараларды іске асыруға 418 562,9 миллион теңге бөлінген.
Министрдің мәлімдеуінше, жыл соңына дейін үш ауысымды және апатты мектептердің орнына 76 мектепті пайдалануға беру жоспарда бар. 1 қыркүйекте 52 мектеп пайдалануға берілген. 318 колледжде «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырылып жатыр. 421 колледжде 80 мамандықтың 160 біліктілігі бойынша 27 193 студентті қамту арқылы 2 433 кәсіпорынның қатысуымен қосарлы білім беру жүйесі енгізілуде. ЖОО-ларда бақылау кеңестері арқылы ректорды таңдау тетігі енгізілген, корпоративтік хатшылар мен ішкі аудит қызметтері құрылуда. Қазақстанның сегіз ЖОО-сы 2017 жылы QS WUR әлемнің үздік университеттерінің рейтингісінде аталып өткен.