Оңтүстік Қазақстанда төрт басқарма қайта құрылады

Оңтүстік Қазақстанда төрт басқарма қайта құрылады

Оңтүстік Қазақстанда төрт басқарма қайта құрылады
ашық дереккөзі

Оңтүстік Қазақстан облысында алдағы уақытта басқару схемасын жүйелндіру мақсатында төрт басқарма қайта құрылатын болады. Бұл туралы бүгінгі өткен алтыншы шақырылымдағы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының  кезектен тыс он бесінші сессиясында мәлім болды.

Яғни, өңірдегі туризмді тиянақты дамыту және облысқа тартылатын сыртқы инвестицияның көлемін арттыру мақсатында «Туризм және сыртқы байланыстар», Елбасының әлеуметтік-экономикалық дамуды цифрландыруға көшіру бастамасын орындау және халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру үшін «Ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер», отбасы құндылықтарын дәріптеу, зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында «Отбасы, балалар мен жастар істері жөніндегі» және мәдениет пен ана тілді, сондай-ақ, облыста тұратын этнос өкілдерінің тілдерін жүйелі түрде дамыту үшін «Мәдениет және тілдерді дамыту» басқармалары қайта құрылады.

Сессия жұмысына қатысқан облыс әкімі Ж.Түймебаев құрылатын басқармалар  басқару жүйесін оңтайландырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз септігін тигізетінін атап өтті.

«Облыстың басты табыс көзі ол егін шаруашылығы, мал шаруашылығы, өндіріс,  құрылыс,  сондай-ақ туризм салалары. Яғни, осы туризм саласын ары қарай дамытуымыз керек. Сондықтан да туризм және сыртқы байланыстар басқармасын  кәсіпкерлік басқармасынан шығарып отырмыз. Жалпы  дүниеде көптеген мемлекеттерде туризм сол елдің экономикасына жақсы кіріс келтіруде. Тек қана Түркия Республикасының  өзінде жылына туризмнен  40 млрд. АҚШ доллар болатын кіріс кірген. Ал енді Оңтүстік туристер үшін тарихи ескерткіштер мен киелі  жерлердің отаны десек, осы салада бірлесе жұмыс атқарып, туризмді дамытуды мықтап қолға алуымыз керек»,-деді әкім.

Айта кетейік, сессия жұмысына облыс әкімдіктің мүшелері мен аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, қала және аудан әкімдері, құқық қорғау органдарының, облыстық аумақтық департаменттер мен басқармалардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Мәслихат сессиясының күн тәртібінде бұдан бөлек, 2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджетке  өзгерістер мен толықтыру енгізу, Шардара  қаласының  және  Қауысбек  Тұрысбеков  ауылдық  округінің  шекараларын  өзгерту,облыста орналасқан мемлекеттік заңды тұлғаларға атау беру және қайта атау туралы ұсыныстарды Республикалық ономастика комиссиясының қарауына енгізу, ауылдық жерге жұмысқа жiберiлген медицина және фармацевтика қызметкерлерiн әлеуметтiк қолдау шараларының жүйесi сынды 13 мәселе қаралды.