Депутат Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады

Депутат Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады

Депутат Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады
ашық дереккөзі

Депутат Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады. Соңғы кездері Каспий теңізінің жағалау және су басу аумағында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңның талаптары бұзылып отыр. Осы заңға сәйкес, жер қойнауын пайдаланушы жоспарланған қызметтiң қоршаған ортаға тигiзетiн әсерiне баға бере отырып, барлық экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды орындауға мiндеттi. Алайда, соңғы кездерде теңіз жағалауында мемлекеттік органдар апатты ұңғымалардан мұнайдың ағу фактілерін жиі тіркеп отыр. Жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарт аумақтарында оқшаулау-жою және рекультивациялау жұмыстары қажетті көлемде жүргізілмеуде. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті 2010 жылы Каспий теңізінің су басу аумағында мұнай және гидрогеологиялық ұңғымаларға жүргізген тексеру жұмыстары барысында 836 мұнай ұңғымаларын анықтап, оның 89-ы апатты жағдайда болып танылған. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы және «Эмбамұнайгаз» акционерлік қоғамының келісімшарттық аумағында 14 мұнай ұңғымасы ғана тығындауды қажет етеді. Көтеріліп отырған мәселенің маңыздылығын ескере отырып біз Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтан келесі сұрақтарға жауап беруді сұраймыз: 1) Апаттық жағдайдағы ұңғымалардың саны дұрыс па? 2) Егер дұрыс болса қалған ұңғымалар кімге тиесілі? Ұңғымалардың иесі анықталған ба, анықталмаса қашан анықталады? 3) Бұл ұңғымаларды кім, қашан тығындайды? 4) Осы ұңғымалардың бірінде иесі анықталғанға дейін теңізге мұнай ағып, апат келтірсе кім жауап береді? Жоғарыда аталған заңда жер қойнауын қорғау саласындағы талаптарды бұзу салдарынан келтiрiлген нұқсанның мөлшерiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес айқындайды делінген. Сондықтан ашық қалдырылған ұңғымаларды тығындамаған жер қойнауын пайдаланушы тиісінше жазалануы тиіс деп санаймыз. Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ, Мәжіліс депутаты