Мемлекеттік қызметтердің сапасы артпақ

Мемлекеттік қызметтердің сапасы артпақ

Мемлекеттік қызметтердің  сапасы артпақ
ашық дереккөзі
Алматы қаласы әкімдігінде мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ведомствоаралық көшпелі кеңес өтті. Көшпелі жиынға Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев төрағалық етті. Кеңеске Мемлекеттік корпорацияның «Азаматтарға арналған үкімет», мемлекеттік органдардың басшылары және Алматы қаласының активі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының жүзеге асыруын бағалау және сыртқы талдауға арналған арнайы мониторингтік топтың мүшелері, сондай-ақ агенттіктің аумақтық бөлімшелері және видеоконференция байланысы арқылы орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Жиын барысында жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызмет қана емес, табиғи монополия саласындағы ұйымдарға қатысты мәселелер қарастырылды. Шара барысында белгілі болғандай, биылғы жылы мемлекеттік қызмет тізімі 5 есеге артыпты. Осы ретте Алик Шпекбаев мұндай нәтижеге мемлекеттік қызметті тиімді жүргізуге баса назар аударылып отырғандығының арқасында  қол жеткендігін тілге тиек етті. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында жарияланған 5 институционалдық реформаны жүзеге асырудың бір міндеті – халықты ашық, жауапты мемлекеттік қызметпен қамтамасыз ету. Осыған байланысты мемлекеттік  басқару жүйесінде мемлекеттік қызметті тиімді жүргізуге ден қойылған. Бизнес климатты жақсарту үшін мемлекеттік әкімшілік кедергілерді азайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді Алик Шпекбаев. Қазақстан өткен жылы БҰҰ-ның электрондық үкімет индексі бойынша 33-ші орынға, Азия елдері ішінде 7-орынға көтеріліпті. Бұл деректі де көшпелі кеңес барысында Алик Жатқамбайұлы атап өтті. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары: «Электрондық үкімет саласын дамыта берсек, ахуал түбегейлі жақсарады деп ойлаймын. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда электрондық үкіметтің арқасында тұрмыстық деңгейдегі сыйбайлас жемқорлық азайған. Соның ішінде, ХҚО мен арнайы ХҚО-лардың қызметі жақсарғанын атап өту керек», – дегенді қоса кетті. Өз сөзінде Алик Жатқамбайұлы ведомствоаралық жиналысты дайындау барысында халық ең көп талап ететін қызметтерді көрсететін миграция, мемлекеттік кірістер, денсаулық сақтау, коммуналдық қызметтер саласындағы ұйымдарды, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысымен танысып, тұрғындардың арыз-шағымын тыңдағанын атап өтті. Сондай-ақ, маңызды жиын шеңберінде әкімшілік кедергілерді жою, бюрократиялық тәртіптердің, сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы түйткілдер де талқыға түсті. Бұл ретте жиынға қатысушылар өздерінің ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Одан бөлек Алматы қаласында мемлекеттік қызмет көрсететін жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың жұмысын ұйымдастыру ісін қайта қарап, ішкі бизнес-процестерді оңтайландыру және автоматтандыру туралы да ұсыныстар айтылды. Жиын қатысушыларын мұқият тыңдаған Алик Шпекбаев кездесу кезінде айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелердің елеусіз қалмайтындығын айтты. Алик Шпекбаевтың сөзінше, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы – мемлекеттік аппараттың көрінісі. «Сол себепті де, біз мемлекеттік қызметтерді көрсету жұмысының сапасын көтеру мақсатында үлкен және жүйелі жұмыс бастадық. Бұл жұмыс бір реттік сипатта ғана емес, үнемі әрі жүйелі түрде жүргізілетін болады. Бұлар бизнес процестерді жетілдіру  және тұрғындардың мемлекеттік қызметтерді алу кезінде ыңғайлы жағдайлар  тудыруға ғана емес, мемлекеттік қызмет көрсетуде мәдениетті  қалыптастырып, аталған салада тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың  туындауын жояды», – деді Алик Шпекбаев. Сөз соңында Алик Жатқамбайұлы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айтты. Ал келер жылы электрондық мемлекеттік қызмет көрсету деңгейі 80 пайызға дейін артпақ.