Қарым-қатынасымызға көлеңке түскен емес

Қарым-қатынасымызға көлеңке түскен емес

Қарым-қатынасымызға  көлеңке түскен емес
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы 25 жыл ішінде Қазақстан мен АҚШ арасында сенімді ынтымақтастық байланыстың бекігенін атап өтті. «Біз биыл дипломатиялық қарым-қатынасымыздың 25 жылдығын атап өтеміз. Осынау жылдар ішінде Қазақстан АҚШ-пен сенімді серіктестік орнатты, бұл қарым-қатынасқа ешқандай көлеңке түскен емес. Осы уақытта энергетика жəне демократиялық əріптестік салаларындағы келісімдерге қол қойылды. Біз ядролық қаруға қарсы күрес жүргізу мəселесін бірлесе шешіп отырдық. Халықаралық күн тəртібіндегі барлық мəселе бойынша Қазақстан мен сіздің елдеріңіздің ұстанымы бірдей болды», – деді Мемлекет басшысы. Кездесу барысында Елбасы Қазақстан мен Америка ынтымақтастығын əрі қарай дамытуға ниетті екенімізді тілге тиек етті. «Қазақстанда Америка капиталының қатысуымен 500-ден астам компания жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында еліміздің экономикасына 40 миллиард АҚШ долларын құйған ірі мұнай компаниялары бар. Біз ынтымақтастығымызды одан əрі дамытуға əзірміз», – деп атап өтті Нұрсұлтан Әбішұлы. Өз кезегінде Дэн Бруйллэтт АҚШ Президенті Дональд Трамптың атынан Мемлекет басшысын жəне барша қазақстандықтарды «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің өтуімен құттықтады. «Біз екіжақты қарым-қатынасымызды энергетика секторында ғана емес, сондай-ақ, басқа салаларда да жалғастыруға дайынбыз. Мен бүгін Қазақстанның бірқатар  мемлекеттік органдарының жетекшілерімен, соның ішінде елдеріңіздің Энергетика министрімен кездестім. Сонымен қатар, Вашингтон Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Экономикалық  ынтымақтастық жəне даму ұйымына мүше болуына қолдау көрсетуге ниетті екенін жеткіземін», – деді АҚШ Энергетика министрінің орынбасары.